Мен педагогикалық еңбек жолымды Вагулино орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі ретінде бастадым. Мұғалімдікті бітіріп, 15 жылдан бері тапжылмастан, еңбек жолымды бастаған мектебімде ұстаздық етіп жүрмін. Мамандығым өзіме ұнайды.
Білім ошағында орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдігімен қатар мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарамын. Ұстаз қай жағынан болсын өзгелерге үлгі-өнеге бола білуі тиіс. Сондықтан әріптестерімнен сапалы білімді талап ету үшін өзім сондай сабақтардың үлгісін көрсете білуім керек. Өзіме жүктелген міндетті абыроймен алып жүру мақсатында әрқашан шығармашылық ізденіс үстіндемін және бойымдағы көшбасшылық қабілетіммен әріптестеріме үлгі болуға тырысамын. Өз-өзіме қойған талапшылдығым, жеңістерім арқылы ауылдық шағын жинақты мектептердің мұғалімдері де оқушыларына сапалы білім бере алатынын көрсеткім келді.
Таяуда республикалық “Үздік педагог – 2014” байқауының аудандық кезеңінде – бірінші, облыстық сайыста үшінші орын алу арқылы оны дәлелдедім деп ойлаймын.
Менің ұстаздық шеберлігімнің шыңдалуына Кембридж университеті мен Назарбаев Зияткерлік мектептері мамандарының әзірлеген бағдарламасы бойынша деңгейлік курстан өткенімнің көмегі зор болды. 2013-2014 оқу жылында сол білімімді өз тәжірибемде пайдаланып, басқа ұстаздарға да сабақ үлгілерін көрсеттім. Сабақтарымды балалардың өмір тәжірибесіне, олардың орыс тілінде ғана емес, басқа пәндерден алған білімдерінің мықты тұстарына сүйене отырып құрамын. Бір-бірін үйрету барысында оқушылар алдарына қойылған мәселені шешу жолдарын бірлесе тауып, болашағын болжауға үйренеді. Балалардың сындарлы ойлау қабілеттерін дамытып, күнделікті таныс нәрсені мүлде жаңа қырынан көруге, байқауға үйретемін. Бұл оларды шығармашылық ізденіске жетелейді.
Осызаманғы білім беру мақсаттарын есепке ала отырып, мұғалім баланы мектепте алған білімдерін шынайы өмірде пайдалануға, күнделікті функционалдық сауаттылық дағдыларын қалыптастыруға үйретуі керек. Бұл қазіргі ұстазға қойылатын маңызды міндет.
Гүлмира САТАНОВА,
Вагулино орта мектебі директорының
оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Қызылжар ауданы.