Қазақстан халқы Ассамблеясы “Қайырымдылық керуені” атты жалпыұлттық акциясын ұйымдастырғаны белгілі. Осы шараға сәйкес елордада “Қазақстандағы қайырымдылық: трендтер мен жаңа мүмкіндіктер” тақырыбында “дөңгелек үстел” ұйымдастырылды. Алқалы отырысқа қатысқандардың ішінде біздің жерлесіміз – кәсіпкер Қайыржан Қазбекова да болды.
Ізгілік пен мейірімділік – әр отбасын біріктіретін сезім. Ал Қазақстанды үлкен мемлекет ретіндегі бір отбасы деп қарастырсақ, онда елімізде қоғамдық келісімнің сақталуының негізінде екі үлкен қасиет – мейірімділік пен ізгілік жатыр. Сондықтан осы бағытта жұмыс істеудің маңызы зор екеніне куә болған Қайыржан Қазбекова Астанадан елге ерекше сезіммен оралды.
Еңбекпен ерте есейген Қайыржан Әукейқызы өзінің өмір белесінде әртүрлі жағдайларды басынан өткерді. Тағдырдың тауқыметі мен сыйын көрді. Сүрінсе де жығылмады. Керісінше, қателіктен сабақ алып, өмір сүруге үйренді. Қазіргі таңда кәсіпкер әйелдің аудан орталығында бірнеше сауда нүктесі мен «Жанар» дәмханасы бар. Өзінің жетістігіне масаттанбайтын оның түр-тұлғасы, адамгершілік ұстанымы өзгелерден ерекше. Үнемі көтеріңкі көңілкүйде жүретін ол отбасына ғана емес, айналасындағы жандарға да шаттық сыйлаудан ешқашан жалыққан емес. Әулетінің ұйытқысына айналған Қайыржандай қайратты, іскер әйелдер – қоғамның тірегі. Осындай әйел-аналар қоғамда да өзін танытып жатса, нағыз өнеге емес пе?!
– Жұбайым Маралбай Төленұлы екеуіміз өмірдің біраз сынақтарынан өттік, әртүрлі істің басын қайырдық. Басқа түскен барлық қиындықтарды бірге еңсердік. Тәуелсіз еліміздің халқына қалтқысыз қызмет ету – біздің парызымыз. Немерелеріміз де бізге қарап, еңбек десе ерінбей, елінің адал перзенттері болғанын қалаймын, – дейді ол.
Бүгінде кәсібінің нәсібін көріп отырған іскер жан сенім мен төзімділіктің, сыйластық пен шыдамдылықтың бағасын жақсы біледі. Адалдық, мейірімділік, қайсарлық, іскерлік сияқты қасиеттер дарыған Қайыржанның аты затына сай десек, қателеспейміз. Өзінің адалдығымен, еңбекқорлығымен жетістікке жетті.
Гүл НҰРАЛИНА,
журналист.
Тайынша ауданы.