«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗГЕРІСТЕР ОҢ НӘТИЖЕ БЕРУДЕ

Елімізде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2012 жылы құрылған. Содан бері ювеналды сот – кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істерді қарап келеді.

Өңіріміздегі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот судьялары 2016 жылы 39 тұлғаға қатысты 29 қылмыстық іс қараған. Соның ішінде 14 іске үкім шығарылса, тағы соншасы тоқтатылып, бір іс прокуратураға қайтарылған. Ал 2015 жылдың сәйкес мерзімінде 30 жасөспірімге қатысты 27 қылмыстық іс қаралып, 14-іне үкім шығарылған. 11 іс тоқталып, 2-еуі прокуратураға қайтарылған. Бұл соңғы екі жылдың қорытындысы, бұдан кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған қылмыстардың саны артқанын көреміз.

Есесіне, әкімшілік құқық бұзушылық 2015 жылғы 2538-ден 819-ға дейін кеміген. Бұл оң үрдісті Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Несібелді Жәнібекова Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістермен байланыстырады.

– 2016 жылдың қаңтарынан Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процессуалдық кодексі қолданысқа енгізілді. Ол бойынша ювеналдық соттардың құзыретіне істердің қосымша санаттарын қарастыру жатқызылды. Оларға: кәмелетке толмағандарға қамқоршылық және қорғаншылық жасауға қатысты туындаған дау-дамайлар; кәмелетке толмағандардың әкелігін дәлелдеу және алимент өндіріп алу туралы талаптар; кәмелетке толмағандарға 14-тен 18 жасқа дейін өз кірістеріне өзі қожалық етуіне шектеу қою немесе тыйым салу туралы өтініштер; алимент көлемін азайту; кәмелетке толмағандардың еңбек және тұрғын үй құқықтарын қорғау; келтірілген залалдың орнын толтыру, тағы басқалар жатады, – деді Несібелді Марданқызы 2016 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша өткізген баспасөз мәслихатында.

2016 жылы жоғарыдағы қосымша санаттарды қарастыруға байланысты Азаматтық істердің саны 2015 жылға қарағанда артқан.

Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процессуалдық кодексінде қарастырылған бітістіру рәсімі бойынша 2016 жылы 31 азаматтық іс қаралды. Оның 26-сы бітімгершілікке келумен, бір іс екі жақ өкілдерінің келісімі және үш іс медиациялық келісіммен аяқталып, бітістіру рәсімінің тиімділігін дәлелдеді.

Осыған байланысты аталмыш сот жүйесінің судьялары мен қызметкерлері республикалық және өңірлік баспасөз беттерінде кәмелетке толмағандар істері жөнінде мамандандырылған ауданаралық соттың құзыретіне жататын істер бойынша әділ төрелік жүргізу туралы медиациялық келісімді насихаттау жұмыстарын жүргізуде. Судьялар сот процесіне қатысушыларға бітімгершілік келісім, медиация тәртібі және партисипативтік (екі жақ өкілдерінің келісімі) рәсімдер туралы түсіндіреді.

Ай сайын “Ашық есік күндері” өткізіліп, оған арнаулы орта және жоғары оқу орындарының заңгер мамандығын меңгеріп жүрген студенттері шақырылады. Олар қылмыстық және азаматтық істерді қарастыратын соттың көшпелі отырыстарына қатысып, тәжірибе жинақтайды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp