Ілуде біреу болмаса, адам бала кезінде жақсы мен жаманды, үздік пен үлгісізді айыра бермейді. Көбіне ересектердің айтқанымен ғана айналасын таниды. Ал сол егделердің арасында өзінікін зор, өзгенікін қор қылып, көрпені ауыл-аймағына қарай тартып, балдырғандарды жаңылдырып отыратындары болатынын кейін ұқтым. Бір ауылдың ішінде “Ана ата”, “Мына ата” деп аражігін айыру әдеті болғанын жасырмаймын.
Алайда, жастар жағы оң-солын таныған соң атаны емес, адамды ардақтайды екен. Осы қатарға мен де қосылдым. Ел-жұртқа ұнайтын ағалардың маңына үйірілгім келді. Сонда алдымен ауылым түгіл, аймаққа аты шыға бастаған, бір басына Тәңір бірнеше өнерді кеңпейілімен үйіп-төге салған ауылдасым, Аманбай атасынан шыққан Рақым Бисаринді үлгі тұттым. Оны “Сегіз қырлы, бір сырлы” десе, артық айтқан болмайтынына ешбір шүбәм жоқ. Сонда Сәкен Сейфуллиннің “Біздің жақта” өлеңіндегі:
Жеріне біздің жақтың лайық ері,
Ер, палуан, аңшы, мерген, әнші, сері.
Жасынан жүйрік мініп, өскен бұлаң,
Жаужүрек, ер көңілді жігіттері, – деген жолдар осы Рақым ағамның тұла бойына қарап шығарылғандай көруші едім.
Рақым Бисаринді бір көріп, өнеріне қаныққан адам осы қасиеттерді оған артық берілген баға демес еді.
Екеуміздің арамызда тоғыз жас айырма болса да, жақындатып тұратын бір ортақ тамыр бар сынды. Айтар болсам, екеуміздің де әкелеріміздің есімдері – Рамазан. Шешелеріміз Мәдина мен Айша – Уақтан шыққан екен. Демек, бөлеміз. Осының арқасы ма екен, әлде немере ағам Сейітахмет Нәбиұлымен бірге жүріп, доп ойнап, күреске түсіп, шу асауларды үйретуінен бе, әйтеуір Рақым ағай ауылдың бір шетіндегі біздің үйлерге жиі келетін.
Мен есімді біліп, кімнің кім екенін тани бастағаннан осы Рақымның көптеген өнеріне қызықтым да, оны ағайындарының балаларынан қызғандым да.
Рақым ағайдың ең ардақты өнері – әншілігі. Әуелгі кездерін білмеймін, ал қазіргі Жамбыл ауданындағы Жамбыл мектебінде жоғары сыныптарда оқып жүргенімде оның әндерін тыңдауға ерекше құмартушы едім. Оның дауысы баритонға жататынын кейін айырдым. Сөйлеп тұрғанда көмейінде дыбыскүшейткіш немесе қазіргі тілмен айтқанда, микрофон тұрғандай әсер ететін. Егер дауысын сәл күшейтсе, ұйықтап жатқан адам шошып оянатындай еді.
Ағайдың адам таңғалатын қасиеті барынша шыншылдығы, бойындағы өнерін бұлдамайтыны, оқтау жұтқандай емес, кішіпейілдігі, көпшілдігі баршамызды сүйсіндіретін. Ол 1998 жылдың он екінші маусымында ауыр науқастың зардабынан елу алты жасында ғана өмірден озғанша біреуге қиянат жасады, яки жалған сөйледі дегенді естіген емеспін. Өзінікін өзгеге қиналмай бере салатын сақи, астындағы атын көңілі түскен адамға сыйлайтын жомарт, үйінен қонақ арылмайтын кеңпейіл, “Келе бердің!”, “Ала бердің!” адамы болды. Өмірден ерте озған алғашқы жары Ырысты жеңгеміз де, кейінгі қосағы Майра да Рақаңның алдына түсіп көрмеген, әніне елтіп, сәніне құмартып отыратын.
Ағай алғыр, зерек, білімпаз бола тұра, одан әрі ірі оқу іздемей, кәрі әке-шешесінің жағдайын күйттеп, Амангелдіден әрі аспай, шопан болып еңбек етті. Оның әншілік қабілетінің сыры, арғы тегі жайында аса тереңдей алмасам да, өзім көріп, талантын танығаннан былай бұл өнердің оған тегін қонбағанын ұқтым.
Онымен түйдей құрдас, бүгінде Бескөл ауылында тұратын, өзі де елді өнерімен үйірген әнші Қарақат Ысқақұлы ағамыз былай дейді: “Рақымның әншілігі табиғатына біткен Тәңір сыйы еді. Ілия көлінің оңтүстік-шығыс жарқабағындағы жұпыны ғана балшық үй Рақымның құрдас балалары жиі бас қосатын мекені болатын. Бұл үйге жиі жиналатын себебіміз – Рақымның әнін, қызықты әңгімелерін тыңдау”.
Осы әңгімесінде Қарақат ағай айтқандай, Рақым шопан да, жүргізуші де болды. Кейін, Тәңір берген дарын шыдатсын ба, 1978 жылы қазірігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін сырттан оқып бітіріп, Жамбыл мектебінде ұстаздық етті, одан соң өмірден озғанша Есперлі орталау мектебін он үш жыл бойы басқарды.
Мен оны 1968-1969 жылдары ауылда шопан болып жүрген кезінде жиі кездестіріп, Амангелдіден он бес шақырымдағы кеңшар орталығы Жамбылдан келген сайын ағайдың аталас інісі, өзімнің құрдасым Тұрғын Садықұлының үйінде қона жатып ән салғызатынбыз, әңгімелерін тыңдайтынбыз.
Ағайдың ақкөңілділігі сондай, екеумізді де өзінің зор құшағына алып, бетімізден сүйіп, жалындырмастан домбырасын алатын да, ән шырқайтын.
Дегенде Шапибай-ау, Шапибай-ау,
Атымды талға байлап, келдім жаяу.
Атымды талға байлап келсем жаяу,
Шапи-қыз жатыр екен ұйқылы-ояу, –
деп шырқай жөнеледі де, есік біртіндеп ашылып, оның домбыра ұстап үйге енгенін көрген кәрі-құртаң қарт-қариялар, жеңгей-жеңешелер өздеріне тиесілі орындарына жайғасады.
Рақаң шабыттың шалқарында жүзіп жүргендей, Біржанның “Жалғыз аршасын”, Кенен Әзірбаевтың “Базар-Назарын” құйқылжыта шырқағанда таңда келгендер түске салымда, кешке кіргендер ымырт үйіріле алғыстарын жаудырып тарайды.
Маған қарағанда Тұрғынның домбыра шертуде бірқағары бар, сондықтан Рақаңды үйіне жиі алдыртады. Рақаң: “Тәйірі, сол көке-жасықтар шақырды екен деп жетіп барамын ба?!” – деп шалқаймастан, ортамызды толтырады.
Қарқаралы басында жалғыз арша,
Хатқа жүйрік сол қалқа мұсылманша.
Кішкентайдан бірге өскен сәулем едің,
Ғұмырым аз ба, көп пе, әлдеқанша?
Өттің жалған,
Кештім сайран.
Уа, шіркін, бозбала,
Жастықтың әсерімен
Салдым сайран, – деп, әсіресе, қайырмасына жеткенде бір орында отыра алмай, төрден төменге, төменнен төрге жылжып кететін. Сонда маған ол қарапайым адам емес, қанат біткен құстай әсер ететін. Мына ән Біржандікі болса да, тап қазір Рақымға бұйырып тұрғандай болатын. Сонымен қанаттастыра “Жамбас сипар”, “Бурылтай” әндерін де әсерімен орындаушы еді-ау.
Тобылғының түбінен
Қазық алдым, сылқ-сылқ.
Бөдененің етінен
Азық алдым, былқ-былқ!
Қайырмасы осылай шырқалатын, қазақтың күлдіргі халық әні «Нақ-нақты» шырқағанда екі көзі ойнақшып, өзі де бір жылап, бір күліп, тыңдаушыны күлкіге бөктіріп тастайтыны әлі де жадымда.
Ал “Ақылбайдың әні”, атақты әнші Манарбек Ержановтың “Паровозы” Рақым Рамазанұлының ең сүйіп салатын әндері еді.
Ән қоры бай болатын. Ол орыстың “Священная война”, “Родина” сияқты патриоттық әндерін, романстарын шырқағанда жиналғандардың айызын қандыратын.
Оны әр жылдардағы аудан басшылары Мінайдар Жақыпов, Мәркен Ахметбеков, Шаймұрат Смағұлов сыйлы қонақтар келгенде ән салдыруға арнайы алдырушы еді.
Рақаңды Жамбыл мектебіндегі кештерге директоры Мәркен Сандыбаев, оның орынбасары Мағел Басыбаев жиі шақыртып, ән салғызғанда біздің ауыл балаларының мерейі тасып, ағамыздың арқасында абыройымыз аспандап тұратынымыз ұмытылмайды.
Мен онымен бірқатар айтыстарда, мәселен, республикалық теледидар ұйытқы болған осындай өнер сайыстарында 1985, 1987-1988 жылдары Алматы, Қарағанды, Павлодар қалаларында сапарлас болып, оның орындаушылық мәнеріне қаныға түстім. Рақаңның орындаушылық қабілетін Мұзафар Әлімбаев, Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев сияқты белгілі қаламгерлер ризашылықпен айтатынды.
Бірде Рақаң Алматыда Қазақ телестудиясының “Құрдастар” бірлестігін басқарған Жарылқасын Нұсқабаев деген азаматпен кездесіп, өзін таныстырады. Осы кездесуден алған әсерін Жәкең университеттегі курстас досы Қарақат Шалабаевқа: “Гүрілдеген дауысы бар, бір дәу жігіт өзін шопан Рақым Бисаринмін, Қарақаттың жолдасымын, деді. Әнін тыңдап, өнеріне шынайы риза болдым”, – деп хатпен жазып жіберіпті.
Ол республикалық әншілер байқауларында топжарғандардың арасынан орын алып жүрді. Семейде осындай байқаудың лауреаты болып, тілеулестерінің төбесін көкке жеткізгендей болды.
Рақым ағай өмірден озғалы биыл он жетінші жыл. Оның небір жақсы сипаттары санамда сайрап тұрады. Ол өзі өлең де жазушы еді. “Ілия”, “Үміт сәулесі”, “Пұшайман болып отырмын” сияқты кейбір өлеңдері есімде қалыпты. Сондай-ақ, әдеби зерттеулерімен де көзге түсті. Шағырай, Қарсақ ақындар, Сегіз сері туралы мазмұнды, танымдық мақалалары біздің газетіміздің парақтарынан орын алғанды.
Мақаламды осы аяулы ағама арнаған мына өлеңіммен аяқтауды жөн көрдім. Ол ауыр науқастан айықпасын білсе де, сағын сындырмай өтті. Бұған маған 1998 жылдың мамыр айында жазған хатындағы мына жолдары айғақ.
“Сүйікті інім! Мына дерт келіп жабысты. Ажал алмай тынбас, тегі. “Өзекті жанға – бір өлім!” – дейді ғой.
Ажалдан сескенбеймін. Мен сендерден мәңгілік көз жазатынымнан қорқамын. Қош, інім! Ағаң Рақым…”.
Жүрегімді тіліп өтті-ау мына хат,
Ал, жыладым, ал, жыладым тұра қап.
Ажал деген еш адамды аяр ма,
Ол қатыгез кімнің жөнін сұрамақ?!
Өзің кешкен келте ғұмыр нұрлы еді,
Есімде жүр сол жылдардың дүрмегі.
Домбыраңа бұлбұл үнін қосқандай,
Төгілетін ән кені мен жыр кені.
Сұңғақ бойың, бәйтеректей тұлғаңа
Көз салу да бақыт еді бір ғана.
Сахнада әнді шырқап тұрғанда
Бар төңірек елтуші еді нұрлана.
Өзіңменен дала бірге ән салып
Тұрғандай-ақ, ел тыңдайтын тамсанып.
Көзімізге түспей кетсең кей уақыт
Жоғалтқандай бір асылды аңсадық.
Зор тұлғаңа тек жылылық ұялап,
Еш адамға жасамадың қиянат.
Адамдықтың асуына өрледің
Алатаудай асқарларды қиялап.
Тура тартқан кісіліктің тізгінін
Қасиетіңді ардақтаймыз біз бүгін.
Жан-жүрегің жақсылыққа жаралған,
Жадымыздан шығар емес ізгі үнің.
… Аяулы аға, адамды өмір сынамақ,
Сол өмірде жасамадың бір ағат.
Асыл бейнең көз алдыма келгенде
Көкірегімді тілгілейді мына хат…
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
«Солтүстік Қазақстан».