Ақжар – ұлттық салт-дәстүрлеріміздің қаймағы бұзылмаған, мәдени мәйегі ортаймаған, қазақтықтың сарқылмас қайнар бұлағы іспеттес аудандардың бірі. Аудан аумағында 15212 тұрғын тұрса, 12 мыңға жуығы – өзіміздің қаракөздер. Мұнда аузын ашса, жүрегі көрінетін жайсаң жандармен, шаруасын ұршықша үйіріп жүрген іскер кәсіпкерлермен, саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздармен, мәдениет саласының майталман өкілдерімен жүздесіп, емен-жарқын сұхбаттастық. Бір тарының қауызына сиғызғандай жаналқымнан алған коронавирус індетіне қарамастан ел ертеңіне деген үкілі үміті мен берік сенімі, қажыр-қайратқа, тынымсыз тірлікке толы тау толағай тұлғалары ерекше сүйсіндірді. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 4907,3 млн. теңгені құрапты, 4,8 мың тонна ет, 44,3 мың тонна сүт, 6,4 млн. дана жұмыртқа өндірілді деген ақ қағаз бетіне көмкерілген құрғақ цифрларға “тіл бітсе”, ел ырысын молайту жолында уақытпен санаспай маңдай терін шүмектете төгіп жүрген дала қырандары жайлы талай сырға қанығар едік. “Құтты қонақ келсе, қой егіз табады” дегендей сапарымызды жақсы ырымға баладық. Алғашқы таныстықты аудандық әкімдіктен бастағанды жөн көрдік. Өзіміз бұрыннан жақсы білетін азамат – Қанат Қалиев аудан әкімі лауазымына тағайындалғаннан кейін ата жолымен жаңа қызметіне құтты болсын айтуды, редакция басшылығы атынан құттықтауды парыз санадық.
Ойлы оқырман — олжамыз
Қысқаша амандық-саулықтан соң Қанат Қайыржанұлына “Soltústik Qazaqstan”-ның ауыл оқырмандарына әлі жетіп үлгірмеген 3 қараша күнгі санын ұсындық. Газеттің беттерін парақтап, көз жүгіртіп шыққаны сол, әркез жымиып жүретін жүзіне әдемі күлкі үйірілді. “Пәлі, Ақжар жайлы үш мақала жарық көріпті”,– деді көңілді үнмен, көтеріңкі дауыспен. – Менің тағайындалуым жөнінде – бір. Халық қалаулысы Дәуіт Құдияров туралы – екі. Жуырда өткен “Dombyra” ұлттық телеарнасының шығармашылық жобасына қатысып келген күміс көмей әншіміз Мейрамгүл Здуәлиева жайлы – үш. Сүйікті газетімізге енді қалай жазылмаймыз, ә?”, – деп ішкі саясат және мәдениет бөлімінің меңгерушісі Мағжан Жүсіпбековке қарап еді, ол, әрине, дегендей басын изеді.
Облыстық ішкі саясат басқармасының қызметкері Нұрсайын Шәріп өңірдегі жалғыз қазақ газеті қазағы ең көп ауданда 700-800 данаға дейін тарап келгенін, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Смағұл Сәдуақасов, Қанапия Телжанов, Ахметжан Қазымбетов секілді көрнекті тұлғалар өсіп-өнген өңір таралымды бұл межеден кемітпейтінін алға тарта отырып, ұлттық басылымдардың қоғам өмірінде алар орны ерекше екеніне тоқталды.
Жаңа әкім алдағы жұмыс жоспарларымен таныстырды. Көп қабатты үйлер орталық жылу қазандығына қосылмақ. “Береке-Ақжар” ЖШС-і шетелден 300 бас асыл тұқымды сиыр әкеліпті. Жыл аяғына дейін тағы 500 бас жеткізілмек. Түбі репродукторлы шаруашылыққа айналмақ. Соған қолдау көрсетілмек. Екі сүт фермасын құру жобаланған. Күзгі егін орағы жақсы қорытындыланыпты. Бидайдың гектар шығымдылығы 14,1, майлы дақыл 8 центнерден айналыпты.
Сөзінің соңында Қанат Қайыржанұлы Мағжан іргетасын қаласқан, әр жылдары Әбілқайыр Досов, Сабыр Айтқожин, Елжас Бекенов, Жиенғали Тілепбергенов сынды қарымды қаламгерлер редакторлық еткен газет оқырмандарының ортаймасына, өзі жазылып, басқаларға үлгі көрсететініне сендірді. Бұл сөздерді сертке берік жанның аманаты ретінде қабылдадық.
Мәдениет үйіне қарай бет алғанымызда жол-жөнекей ішкі саясат және мәдениет бөлімінің меңгерушісі Мағжан Жүсіпбековпен әңгіме-дүкен құрып үлгердік. Мағжан Рамазанұлы – мемлекеттік қызметке әбден төселіп, шынығып өскен азаматтардың бірі. Клуб қызметкері, хор ұжымының жетекшісі, ұйымдастырушы-әдіскер, автоклуб меңгерушісі, ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту бөлімдерінің, аудан әкімінің аппарат басшысы секілді баспалдақтардан өткен оны өнер, мәдениет саласының білгір маманы десе де болады. Бәрінен бұрын ұлттық басылымдарға іш тарта сөйлеген сөзіне, іскерлік қимылына қарап қазақы ойлы тағы бір оқырманға жолыққанымызға іштей қуандық. Кейін білгеніміздей оның жан жары Ләззат Дүйсенәліқызы бірнеше музыкалық аспапты жетік меңгерген, әнді әуелете шырқайтын өте өнерлі жан екен. Сауалдама толтырғанда “сүйіп оқитын басылымыңыз” деген тұсқа теріскейдің биязы мінезді келінінің “Soltústik Qazaqstan” деп жазуына қарағанда мұндай қасиет өзгелерге да жұғысты болсын дейсің.
Жақсы кітап — жан азығы
Міне, мәдениет үйіне де келіп жеттік. Айналасы мұнтаздай тап-таза. Ал, іші – кірсе шыққысыз. Қай кабинетке бас сұқсақ та, бірден көз тартады, қыздың жиған жүгіндей құлпырып тұр. Үлкеннің алдын кесіп өтпейтін сыпайы қыз-келіншектер иіліп сәлемдесіп, моншақтай үзіледі. Бізді орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Ғалия Надирова бастаған бір топ мәдениет қызметкері қарсы алып, “дөңгелек үстел” басында ауыл кітапханасының қазіргі ахуалы қозғалды. Орталықтандырылған жүйеге енетін 18 кітапханада 140350 кітап қоры жинақталған. Оқырмандар саны 10 мыңға жуық. Онлайн режімде атқарылған іс-шараларды санамалап тауысу қиын.
Әңгімеге қосылған әдістемелік-библиографиялық бөлімнің меңгерушісі Самал Қалиева көрсетіліп жатқан әлеуметтік қамқорлықтар жайлы сөз етті. Ауыл кітапханашыларының жалақысы 35 пайызға өсіпті. Қазір көлемі 100 мың теңгенің төңірегінде. Жаңа келген жас маман 89 мың теңге алады. Бұған 25 пайыздық ауылдық жеңілдік қосылады.
Библиограф Гүлмира Айтқұлова ішкі ренішін де жасырмай ақтарып салды. Сөйтсе, елімізде кітапханашы мерекесі мүлдем қарастырылмаған, атаулы дата ретінде күнтізбеге енгізілмепті. Басқа сала қызметкерлері кәсіптік мейрамдарын тойлап жатқанда бұлар жерге қарағандай күй кешеді.
Дания Қасенованың, Меруерт Ожықаеваның айтуларынша, қиыншылық қанша жерден қысса да, мамандықтарына деген сүйіспеншілігін жоғалтпаған. Керісінше, түйткілді мәселелерді оңтайлы шешудің жолдары қарастырылып отырады. Өз істерін атқаруға шығармашылықпен кірісіп, қызмет көрсету түрлері бірізділікке келтірілген. Ерік Махметов, Имаддеддин Якупов, Рая Фарафонова, Раушан Зәкенова, тағы басқалары кітапхананың байырғы оқырмандары саналады. Бұлардан жастардың үйренері көп.
“Араларыңызда “Soltústik Qazaqstannyń” оқырмандары бар ма?” деген сауалымызға Гүлмира қарындасымыз бірінші болып қол көтерді. Мәдениет бөлімінің ұйымдастырушысы Нұрқасым Қасенов, мәдениет үйінің директоры Сәкен Закарин, термеші-жыршы Мейрамгүл Здуәлиева де оқырмандар санатында екен.
Орталықтандырылған кітапхана жыл сайын 1,5 млн. теңгеге екі жүзге жуық газет-журнал жаздырып алады екен. Осы жерде айтпай кетпеуге болмайтын бір мәселе – тізімнің тым шұбалаңқылығы. Араларында ауданға мүлдем қатыссыз, тіпті атын естімеген басылымдар жүр. “Облыстан келген тапсырманы орындауға міндеттіміз. Амалсыздан ведомостволық жазылымды олардың санына қарай реттеуге тура келеді. Алдағы уақытта осы жағын ескерген жөн. Тізімдегі газет-журналдар сұрыпталып, саны қысқартылса, облыстық, аудандық газеттердің тиражы көбейер еді”, – дейді кітапханашылар.
Кітапханашы мерекесі жоқтығына біз де қайран қалып, аудандық пошта бөлімшесіне қарай беттедік.
Аудан мен ауыл арасы
Қалың қағаздың ортасында көміліп отырған мекеменің бастығы Жәнібек Байкишов пошта байланысы саласында шешімін таппаған толғақты проблемалардың аз еместігін, уақыт алға озған сайын жағдайдың күрделене түскенін жасырмады.
Аудан мен ауыл арасын дәнекер етіп, тіршілік тінін үзбей тұрған – аудандық байланыс торабы. Тұрғындарға 5 көлік, 8 инкассатор алты бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Бөлімше бастығының сөзіне сенсек, хат-хабар, сәлемдеме, газет-журнал аптасына екі рет тасымалданады. Айдың басында зейнетақы жеткізілгенде үлкен әбігерге түсіп, ауылдың көркі кіріп, адамдардың көңілдері бір марқайып қалатын көрінеді. Қалған күндері баяғы мимырт тірлікке қайта көшеді.
Ең алыс ауылдар – Ақсары, Кеңашы, Горький жаққа барып-қайту 250 шақырымдай аралықты қамтиды. Ауданнан 12 шақырым жерде орналасқан Тұғыржап ауылындағы хат тасушыны қысқартуға шешім қабылданыпты. “Зейнетке шығуға қамданып жүрген. 0,3 ставкаға ұстап келгенбіз. Енді тиімсіз. Тұрғындар саны 50-ден аз. 8-9 газет жаздырып алады. Зейнеткерлер екеу ғана. Бастауыш мектеп жабылудың аз-ақ алдында”, – дейді Жәнібек Төлебайұлы тағы қандай сұрағыңыз бар дегендей бетімізге қарап.
– Сонда Тұғыржаптың жайы не болмақ?
– Осындай шағын ауылдарға тасымал қызметін көрсететін жылжымалы бригада бар. Хат-хабар, зейнетақы, газет жеткізу соған жүктеледі.
– Кей хат тасушылар үйін жалдап жұмыс істейтін көрінеді ғой…
– Ол рас. Мәселен, Восходтағы хат тасушы әкімдік ғимаратында орналасқан. Ал Үлгілі, Ақсары, Қарашілік ауылдарында ондай мүмкіндік жоқ, бар шаруа үйлерінде атқарылады. Олардағы шаруа қожалықтарына баспанамен көмектесу жөнінде өтініш жібергенбіз. Нәтиже жоқ.
– Газет-журналға жазылу науқаны сіздердің тараптарыңыздан қалай ұйымдастырылған?
– Бұрындары тапсырма орындалатын. Соңғы кездері едәуір қиындап кетті. Әсіресе, пандемия жағдайды күрт шиеленістіріп жіберді. Бірақ бұл – сылтау емес. Бірінші кезекте, облыстық, аудандық басылымдардың тиражын көбейтуге күш салып жатырмыз. Меніңше, ведомость арқылы ерікті түрде жалақыдан ұстау үрдісін жаңғыртқан жөн. Қит етсе, күштеп, еріксіз жаздыртады деп кейбіреулер тулап шыға келеді. Мұндай көзқараспен келісу қиын. Сонда міндет, парыз, борыш деген қасиетті қағидалар, ұлттық патриоттық сезім қайда қалады?
Біздің бір байқағанымыз, облыс бойынша ауыл оқырмандарына мерзімді басылымдардың кешігіп жетуі өзекті мәселеге, үйреншікті әдетке айналған сықылды. Әсіресе, жауынды-шашынды күндері, қыстың көзі қырауда жол қатынасы тіпті қиындайды. “Түйткілді мәселелердің бірі – газет-журналдар уақытылы келмейді. Ақпарат ескіргеннен кейін керегі не? Тіпті аптасына бір рет үйіп-төгіп әкеліп тастайтын кездер болады. Кейде барлық саны қолымызға толық тимейді. Пошта байланысының нашарлығы газетке жазылу, тарату ісіне өз салқынын тигізіп отыр”, – деген оқырмандардың пікірлеріне алып-қосарымыз жоқ.
Соңғы ат басын тіреген мекемеміз – аудандық білім бөлімінен Аягөз Хасенованы кезіктірдік. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің маманы 14 жылын мектепте өткеріпті. “Soltústik Qazaqstan”-ның тұрақты оқырманы екені сөз саптасынан, екеуара сұхбаттан айқын аңғарылады. “Өңір аумағында болып жатқан жаңалықтарды, игі істерді, жақсы тәжірибелерді сүйікті газетім арқылы біліп отырамын”, – дейді Аягөз қарындасымыз.
Ол гуманитарлық салаға жауапты болғандықтан, тіл мамандарымен жиі кездесіп тұрады екен. Жүрген жерлерінде облыстық басылымға жазылуды насихаттау сүйексіңді әдетіне айналған тәрізді. Баспасөз науқанына орай мектеп директорларымен келелі әңгіме қозғалып, ұлттық басылымдарға жазылу туралы ұсыныстар түсіністікпен қабыл алыныпты. Оның ұғымынша, ұстаздар кәсіби басылымдармен шектеліп қалмаулары тиіс. Өз жерінің патриотымын деп есептейтін жан өңір жаңалықтарымен жете таныс болуы шарт. Оның отбасы облыстық газеттен бөлек “Ана тілі”, “Ақжар хабар”, “Нұрлы ел” газеттерін де жаздырып алады екен.
“Коронавирустық індеттің бастапқы кезінде абдырап, сасыңқырап қалдық. Қазір пандемияға қарсы күресте де, сабақ жүргізу үрдісінде де жинақталған тәжірибеміз аз емес. Ауданда 25 мектеп болса, оладың 2-уі – бастауыш, 5-уі – негізгі, қалғандары орта білім береді. Талшықта – 1, Бестеректе – 1, Ленинградта 2 мектеп қашықтан оқытады. Материалдық-техникалық базаны нығайту, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға жағдай жасау бағытында көп жұмыстар атқарылды.
“Педагог мәртебесі туралы” Заңның қабылданып, бірқатар ұсыныстарымыздың ескерілгені қуантады. Орын алған олқылықтарды жоюда үлкен септігін тигізеді деген үміттеміз. Алда педагогтардың абырой-беделін көтеру сияқты келелі міндеттер тұр. Білім беруді заман талабына сай лайықтау – басты талаптардың бірі. Бір өтінішім, ел ішіне жиі шығып, халықтың мұқ-мұқтаждарын біліп тұрыңыздар. Өз басым, баспасөзді халық пен билік арасындағы алтын көпір, дәнекер деп түсінемін. Істеріңізге сәттілік тілеймін”, – деді қоштасар сәтте тәжірибелі маман, “Soltústik Qazaqstan” газетінің белсенді оқырманы Аягөз Хасенова.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Жоғарыда: аудандық білім бөлімінің әдіскері Аягөз Хасенова; төменде: Мәдениет үйіндегі “дөңгелек үстел” отырысы.