Қазақстандықтарды алда биік белес күтіп тұр. Қазір жаһандық дағдарыс қаупі бізді ғана емес, әлем елдерін тығырыққа тіреуде. Сондықтан баршамыз жаңа мүмкіндіктерімізді саралап, тың бастамалармен, жаңа идеялармен жұмыс істеуге тиіспіз.
Өткен жыл есімізде елеулі оқиғалармен қалатын болса, биылғы жыл саяси жаңалықтармен бастау алды. Ел қамын ойлаған Елбасымыз елдігімізді нығайтып, экономикамызды көтеру үшін бірқатар жобаларды жүзеге асыруға тапсырма берді. Бүгінде “Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам” Ұлт жоспары аясында нақты жұмыс атқарылуда. Осы орайда мемлекет пен қоғамды өзгертетін тарихи міндеттер кешенін белгілеген саяси құжаттың маңызы ерекше. Ұлт жоспарын жүзеге асыруда қазақстандықтар алдында жаңа міндеттер белгіленді. Бұл ретте еліміздегі ең басты саяси оқиға – парламенттік сайлау екенін атап өткім келеді.
Ел дамуының болашағын айқындау үшін кезектен тыс өткізілетін сайлаудың орны ерекше. Көктемде қазақстандық Парламент жаңа құраммен іске кірісіп, ел игілігі үшін қызмет ететін болады. Бүгінде қоғамда жаңашылдық көп. Жаңа сайланған депутаттардың қоғамдағы жағдайларға көзқарастары да өзгеше болады. Сондықтан, сайлаудың өткізілуінің еліміз үшін маңызы зор деп ойлаймын. Өйткені, тәуелсіз Қазақстан үшін тың серпіліс қажет. Ал жаңадан сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттары елімізді биік белеске көтеретініне сенімдімін. Елдің атынан сайланған халық қалаулылары қазақстандықтардың сенімінен шығуы үшін аянып қалмасы анық. Жаңа құрам жаңа ойлармен, жаңа бастамалармен іске кіріседі. Мәслихат депутаттары да өз жұмыстарына абыроймен қарайтынына біздің сеніміміз жоғары. Ал қазіргі экономикалық қиын кезеңде Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауын қатар өткізу еліміз үшін аса тиімді.
Кәсіпкер ретінде мен Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың ерекше екенін баса айтқым келеді. Қазір жұмыс істеймін деген адамға шынайы қамқорлық бар. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында көптеген мемлекеттік бағдарламалар елдің жағдайын жақсартуға бағытталған. Мемлекет тарапынан демеуқаржы беріліп, шаруалардың аяқтарынан тік тұрып кетулеріне барынша жағдай жасалып отыр. Өзім 2005 жылы “Сәнді-Райымбек” ЖШС-ін құрғанмын. Ата-баба салған сара жолмен мал өсіріп, егін егу басты мақсатым болатын. Бүгінде 4 мың гектар егістік, 1 мың гектар жайылымдық жерім бар. Ал 2011 жылы мал шаруашылығымен айналысуды қолға алдық. Қазір 220 қой, 70 жылқы өсірудеміз. Былтыр 20 бие сауып, қымыз өндірдік. Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан шынайы қамқорлықтың арқасында ісім оңға басып, қанатымызды кеңге жаюдамыз.
Елімізде кәсіпкерлерді қолдайтын түрлі бағдарламалар болса да, ауылдағы ағайын оның көбісінен хабарсыз. Сондықтан да білікті де білімді депутаттар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін насихаттауға барынша үлестерін қосулары керек деп ойлаймын.
Мен сияқты ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер үшін жақсы мүмкіндік туғанына қуаныштымын. 21 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік алдым. Өзімді ғана емес, өзгенің жағдайын да ойлап, қолымнан келгенінше көмек көрсету – азаматтық парызым. Биыл мал басын көбейтіп, 100 сиыр бағуды жоспарлап отырмын.
Қазір қызыл сөзден гөрі, нақты іс тындыру маңызды. Сондықтан, алдағы сайлауға қатысып, еліміздің ертеңі үшін дауыс бергеніміз дұрыс. Біз сайлауда дауыс беру арқылы өз таңдауымызды жасап, ел игілігіне қызмет ететінімізді естен шығармауымыз керек.
Кәкім САҚТАНОВ,
аудандық мәслихат депутаты, “Сәнді-Райымбек” ЖШС-нің директоры.
Шал ақын ауданы.