«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРГЕ ҚҰЛШЫНЫС ҚАМҚОРЛЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастар мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Оған ел аумағында мың екі жүзге жуық жастар ұйымының құрылып, мемлекет қолдауының арқасында жыл сайын жастарға бағытталған елу мыңнан астам іс-шаралардың сәтті жүзеге асырылуы дәлел бола алады. Сондай-ақ, Елбасының бастамасымен жалпыұлттық “Ауыл жастары”, “Дипломмен – ауылға!”, “Жастар тәжірибесі” және “Жасыл ел” сынды жобалар жүзеге асырылуда. Жыл сайын жоғары оқу орындары мен колледждерді бітірген мыңдаған жас мамандар жұмыс орнымен қамтамасыз етіліп отыр.

Біздің өңірімізде 63 жастар ұйымы тіркелсе, олардың 12-сі аудан орталықтарында құрылған. Үстіміздегі жылы “Айыртау жастары” ұйымы өз жұмысын бастады. Облыс жастарының бастамалары мен бизнес-жобаларына, өзге де жоспарларына қолдау көрсету мақсатында жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың мамандары мен жастар ұйымдарының қызметкерлері жыл сайын аудандарды аралап, жиналыстар, “дөңгелек үстелдер” өткізіп келеді. Олар аудан және ауыл жастарын толғандыратын сұрақтарға жауап беріп, шығармашылық, мәдени белсенділіктерін, күш әлеуеттерін арттыруға септігін тигізуде. Үстіміздегі жылы “Жастар бастамалары орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесі 744 адамның өтініш-тілектерінің жүзеге асуына тиісті көмек берді. Орталыққа көмек сұрап келген жастардың көбі жұмысқа орналасу, баспаналы болу және жас отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жөнінде сауалдар қойып, мамандармен пікірлесті.  

Сондай-ақ, біздің орталық мүгедек жандардың да мұң-мұқтаждарын ескеріп, олардың мүмкіндіктерінің ашылуына жағдай жасап келеді. Күні кеше ғана “Метро” ойын-сауық орталығындағы “Ардос-жүрек” мүгедектер қоғамдық бірлестігі мүшелерінің кабинетін күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа жиһаздар табыс етті. Біраз уақыттан бері жөндеу көрмеген кеңсе еңбекке құштар жалынды жастардың қолымен сырланды, ақталды, кем-кетік жерлері түзетілді.

Қуаныш МӘМЕТОВ,

“Жастар бастамалары орталығы”

 коммуналдық мемлекеттік мекемесінің маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp