Жастық шақта дос та көп, таныс та көп. Күн сайын қанша адаммен кездесіп, қаншасымен сөйлесесің. Сол жандардың бәрі өмір бойы сенің қасыңнан табылардай көрінеді. Алайда уақыт деген сүзгі бәрін де өзі іріктеп, жылдар өткен сайын қасыңда тек шын жақын адамдар ғана қалады екен.
Бейбіт БАҚТИЯР,
51 жаста.
Біз тай-құлындай тебісіп өскен он шақты бала едік. Оқу кезінде арамыз ажырамай, бауырластығымыз бұзылмай ержеттік. Институтты аяқтағаннан кейін әрқайсымыз еліміздің әр түкпіріне қызметке кеттік. Сонда да арадағы сыйластығымыз үзілмеді. Жылына кемі бір рет кездесіп тұруды әдетке айналдырдық. Үнемі бір-бірімізге қолдау көрсетіп, көмегімізді аямадық. Адамды алдында қандай тағдыр күтіп тұрғанын кім білген? Бірнеше жыл өткеннен кейін менің жұмысымда қиындықтар пайда болып, қызметімді тастауға мәжбүр болдым. Сөйтіп, жеке кәсіп ашуға бел будым. Жиған-тергенімді шағын бизнеске салдым. Оның да шаруасы бірден өрге домалап кеткен жоқ. Жалғыз болсам мұнша қиналмас едім, отбасым, бала-шағам болғандықтан оларды асырау керек. Солардың қамсыз өмірі үшін күні-түні еңбек етіп, кәсібім табыс әкеле бастады. Бұл менің өмірімдегі өзгеріске толы кезең еді. Айналасы бірнеше жылдың ішінде шағын кәсіпорным қанат жайып, ірі өндіріске айналды. Табысым еселеніп, ірі кәсіпкерлердің біріне айналдым. Қалталы болсаң қасыңа үйірілетіндер де көп болады екен. Алайда адам көзі өзгенің сыртын көргенмен, ішіне үңіле алмайды ғой. Біреу сенің атағыңа, біреу дүние-мүлкіңе қызығып келеді. Кімнің ниеті қандай екенін біле алмайсың. Қандай биікке көтерілсем де жас күнімдегі жолдастарымды ұмытқан емеспін. Оларға қолдан келгенше жәрдем беріп, қарайласуға тырыстым. Бірде Нұрлан хабарласып өзінің де шағын кәсіп бастағысы келетінін айтып, қарызға ақша беруімді өтінді. Қолда бар дүние болған соң жолдасымның қолын қаққан жоқпын. Тағы бір жолы Бекжан ата-анасына той жасағысы келетінін айтып, ол да өтінішін білдірді. Бұрыннан білетін жолдастарымның көбі қолқа салып, жәрдем беруімді сұрап жиі хабарласатын. Алайда оңай келген ақшаның қадірі болмай ма әлде өздері ұқсата алмай ма, әйтеуір кейін бағзы қалыптарына қайта түскенін естіп жатамын. Мысалы, Нұрлан кәсіп ашуға сұраған ақшасын дұрыс игере алмай, тақырға отырған. Өзінің де жайы қиын болған соң мен де қарызымды сұрап хабарласпадым. Ал Бекжан той жасауға деп алған ақшасын еселегісі келіп, құмар ойында соңғы тиынына дейін ұтылып қалған. Өзгелердің де қолға түскен мүмкіндігін жіберіп алғанын жиі естіп жүрдім. Кейде маған солардың бәрі өзіммен тек байлығым үшін ғана дос болып жүргендей көрінеді. Өздеріне бірдеңе керек болса асты-үстіңе түсіп, жағына кетеді. Осындай оқиғалардан кейін мен әркімге көмектесе беруге болмайтынын түсіндім. Дүние-мүлік арадағы қарым-қатынасқа сызат түсіріп, абыройыңа нұқсан келтіруі мүмкін екен. Сөйтіп, енді ешкімге бостан-бос көмектесе бермеймін деп бекіндім. Алайда мұны ұғар жұрт қайда?
Бірде кеңсеме институтта бірге оқыған Қайсар келді. Айтуынша, мектепті енді тамамдаған тұңғышы университетке оқуға түсе алмай қалған. Ақылы оқытайын десе, ата-анасының мүмкіндігі жоқ. Қайсар отбасы туралы ұзақ әңгімелеп отырып, өмірдің қиындығы туралы айтты. Баласы оқи алмай қалса ертеңіне алаңдайтынын жеткізді. Ақыры менен ұлының тым болмаса 1 жылдық оқу ақысын төлеп беруімді сұрап, шығынның орнын кейін толтыратынын сөз етті. Алайда оның бұл сөздері менің күдігімді сейілткен жоқ. Баласы қабілетті болса неге оқуға түсе алмай қалды? Әкесі біреуге айтып жүріп унивеситетке кіргізер, оқытушыларға өтініш айта жүріп дипломын алып берер, тағы бір танысын араға салып жұмысқа тұрғызар. Сонда ұлы өмір бойы талапсыз, еңбексіз бәріне қол жеткізе бере ме? Әкесі болғасын алаңдайтын шығар, алайда әркімнің жетістікке өз күшімен жеткені дұрыс қой. Бұл ойымды Қайсарға ашық айтпасам да, көмектесе алмайтынымды жеткізіп шығарып салдым.
Өмір диірменнің тасындай зыр айналып жатты. Сол оқиғадан кейін де он жылдан астам уақыт өтті. Менің өмірімде де қиындықтар басталды. Кәсібімде кедергілер пайда болып, қарызым көбейіп, тіпті отбасымызбен тұратын баспананы да сатуға мәжбүр болдым. Кәсіпорнымдың есігіне құлып салынып, өзім баяғы қалпыма қайта түстім. Алайда бір үйдің отағасы болған соң қарап жатқым келмеді. Кейде тіпті қара жұмыс істеуден да арланбадым. Қасымда бұрынғы жолдастарымның санаулысы ғана қалды. Жығылғанға жұдырық дегендей, денсаулығым да сыр бере бастады. Солай жүргенде ауыр дертке шалдығып, аурухағана түсіп қалдым. Қолдан келгеннің бәрін жасаған дәрігерлер шетелде операция жасалмаса, аяққа тұру қиын екенін айтты. Шеттегі ем де қымбат тұрады екен. Қиналған сәтте бұрын көмектескен жолдастарыма хабарласа бастадым. Нұрлан да, Бекжан да, басқалар да көмек бере алмайтындарын айтып, тұтқаны қойып жатты. Олардың арасында мен қоңырау шалмаған Қайсар ғана қалды. Алайда қанша қиналып жатсам да, одан жәрдем сұрауға дәтім бармады. Ағайын- туыс, тамыр-таныс жылу жинағанымен керек қаржының біраз бөлігі жетпей тұр еді. Ауруханада жата-жата үмітім үзілуге таяған шақта мен жатқан бөлмеге бір таныс адам кіріп келді. Қарасам, Қайсар екен. Бір кезде мен бетін қайтарған адаммен он жылдан кейін осындай күйде кездесеміз деп кім ойлаған?
«Сырқаттанып қалғаныңды естіп, өзіңмен кездесуге арнайы келдім. Бір кезде арамыздағы арқасүйер азаматымыз өзің едің. Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді. Бұйырса бұл сыннан да аман өтерсің», – деген сөздері жүрегімді елжіретіп жіберді.
Маған қомақты қаражат керек екенін естіген Қайсар екі сөзге келместен көмектесетінін айтты. Бір күн де кешіктірмей екінші пәтерін сатып, керек ақшаның қалған бөлігін төлейтінін естігенде көзімнен жас шығып кетті. Бір кезде мүмкіндігім бола тұра оған көмектесе алмағаныма ұялып, әрі аяққа тұрудың мүмкіндігі пайда болғанына қуанып тұрмын. Өмірде ертең кімнің қасымыздан табылып, жасымызды сүртетінін ешкім білмейді ғой. Бір кездері арқамнан қағып жүргендер қиын сәтте жым-жылас болып, мен қолын қайтарғандар, көмегін ұсынып жатыр. Біз кейде қасымыздағы осындай шын жанашыр жандарды көзге ілмейміз. Тіршіліктің қамымен жүріп көңіліне қаяу салып, ренжітіп те аламыз. Алайда олар сонда да саған деген ақ пейілін кірлетпей, қасыңнан табыла біледі.
Қайсардың арқасында шетелде ем алып, сауығып кеттім. Елге келгенде мені бірінші болып қарсы алған адам да сол еді. Әуежайда досымды құшақтап тұрып, «Үлкен ұлың қазір қайда?» деп сұрадым.
«Үлкенім оқуын аяқтап, жұмыс істеп жүр. Университетті үздік дипломмен аяқтады, қазіргі қызметінде де табысы жоғары. Ата-анасына қолқанат болып, іні-қарындастарына қарайласып келеді. Шаңырақ көтеріп, бүгін екі бала өсіріп отыр», – деді әңгіме арасында жүзі қуаныштан бұл-бұл жайнаған Қайсар.
Дайындаған
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».