«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРІМІЗ ГҮЛДІ, ӨҢІМІЗ НҰРЛЫ

Ежелден ел-жұрттан ақыл-парасаты оқ бойы озық, көргені жақсы, пайымы мол игілері мен жақсыларын ардақтай білген ұлтпыз ғой. Бізге әлімсақтан бері үлкенді сыйлауды өзге бір ұлттар үйреткен емес, бұл өзіміздің есте жоқ ескі күндерден бері қанымызға сіңген, ұлттық ділімізге табиғат дарытқан қасиетімізден келе жатқан дәстүр. Сондықтан Елбасымызды ардақтауда да осы дәстүрден жаңылмаймыз. Көптің бірі өзім де солаймын.

Осы сезімімді тарқатып айтар болсам, осыдан ғасырдың ширегіндей бұрын Кеңес Одағы ыдырап, бұрынғы «он бес отау» өз алдына шаңырақ көтерген уақыт ұмытыла қойған жоқ. Өз алдына ту тіккен туыстар өз бетінше жолға түсті. Бұл сайрап, жайнап жатқан даңғыл болмағаны баршаға аян. Ел – ерге, ер – жерге қараған кез туғанда «Көнбіс қазақпыз!» – деп көктен тілеу тілеп қана отырған жоқпыз, қадери-халімізше ата-баба армандаған мемлекеттілікті баянды етуді қолға алған еріміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сенім арттық. Бұл сенім ақталды. Жасыратын несі бар, «Бәлем, қайтер екенсің?!» – дегендей, Қазақстанға сырттан сығалағандар да, сынай қарағандар да болғанын білімім мен таным-пайымым жеткендіктен сезіп отырдым. Алайда, 1991 жылдың 1-ші желтоқсанында ел сайлаушыларының түгелдей дерлік жүрек қалауын айғақтап, Мемлекеттің басшысы мәртебесін иеленген Нұрсұлтан Әбішұлы содан бері жиырма төрт жыл Қазақ елінің туын түсірмей келеді.  

Менің жан-жүрегіме ұялайтыны – Нұрсұлтан Әбішұлының кемел ойлылығы, кемеңгерлігі, алдағыны болжай білетін көрегендігі. Осындай қасиетінің арқасында ол елімізді жаһанды жайлаған дағдарыстардан аман алып шығып келеді. Бұл қиындықтардың кезінде Елбасымыз еліміздің халқымен ақылдасып, ашық әңгіме өткізіп, «Бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығарған» ұйытқы боларлық кемелдігін танытты. Ұлы Абайдың «Сәулең болса кеудеңде» деген өлеңінде «Көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел» дегені нағыз ойшылдық болып, біздің бүгінгі Елбасымыздың тұлғасын танытып тұр.

Қазір ойлап отырып, халқымыздың таңдауы неткен тапқырлық еді деп сүйсінемін. Айналамызға көз салайықшы. Құдай сақтасын, «Тәубе!» дейік, қазір жер-жаһанның көптеген елдеріндегі лаңкестіктер, ұлттардың қырғыны мен қақтығыстары жайындағы жан түршігерлік хабарлар құйқаңды шымырлатады. Ирандағы, Ирактағы, Ауғанстандағы, тіпті, «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» деп дәріптеліп жүрген Еуропадағы кейбір мемлекеттердегі қантөгістерден біздің еліміз ада. Кімнің арқасы бұл? Әрине, Елбасымыздың Қазақстанда рухани келісімді, ұлттардың бейбіт тұрмысын, тұрақтылықты баянды ете білген қабілетінің жемісі.

Биыл біз еліміз болып Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын атап өттік. Осы салтанат еліміздегі жүзден аса ұлттардың Елбасының Қазақстанның гүлденуін орнықтырған саясатының жетістігі емес пе?!

Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың өзінде ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 сессиясында сөз алып, тұңғыш рет осы аса үлкен халықаралық ұйымның мінберінен қазақша әлемнің барша жұртшылығына ата-бабалар армандап, түсіне де кірмеген бейбіт тұрмыстың қадір-қасиетін жеткізді. Ол адамзатқа төнген ғалами қасірет – ядролық қарудан бас тартуды ұсынды. Бұл ұйымның штаб-пәтерін Азия құрлығына көшіруді дәйектеді.

Сондай-ақ, АҚШ президенті Барак Обамамен, Ресейдің, Ұлыбританияның, Жапонияның, Қытайдың, Францияның мемлекет басшыларымен кездесулерде өз еліміздің мүддесін ойлай отырып, Қазақстанға қолайлы, игілігін халқымыз көретін келіссөздерге қол жеткізді. Еліміздің экономикасына пайдасы тиетін инвесторларды тартты.

Елбасымыздың халықаралық беделін, әлем саясаткерлері беріп жүрген жақсы баға мен құрмет лебіздерін қалай мақтан етпессің?! Бәрін жіпке тізгендей болмай, Түркияда ескерткішінің орнатылуының өзі неге тұрады!

Осы жақында ғана өткен Үкімет мүшелерінің кеңейтілген мәжілісінде мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестіктің пайдасына көз жеткізіп, дамудың болашағында оның күш-пәрменіне сүйенуді тапсырды. Осыдан кейін іле-шала ірі кәсіпкерлердің мемлекетпен ынтымақтастығының алғашқы қадамдары жасала бастады.

Менің мамандығым ұстаздық еді. Жоғары біліміме орай зейнет демалысына шыққанша мектептерде туған тілімізді оқыттым. Құдайға шүкір, ана тіліміздің оты өшкен жоқ. Оның болашағына Елбасымыздың өзі сүйеніш болып отыр. Алдымен Нұрсұлтан Әбішұлының қазақ және орыс тілдеріне асқан жетіктігі айызымды қандырады. Ал оның бойындағы әншілік, домбырашылық өнері – өз алдына бір мәртебе.

Сондықтан мен қолымдағы төрт немереме Елбасының тұлғасын танытып, үнемі үлгі етіп отырамын. Жасампаз, кемеңгер! Бір сөзбен айтқанда, қазағымыздың бақытына жаралған адам!

Сапыш КӨШЕРОВА,

зейнеткер.

  Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp