«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІР АЙНАСЫ

Ұлт ұстазы, ақын, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов “Газет – халықтың көзі, һәм тілі” деген сөзді осыдан бір ғасыр бұрын айтқан. Бірақ ол өзінің құндылығын әлі жойған жоқ. Оның оқырмандары бар және қашанда бола береді. Әрине, уақыт бір орында тұрмайды. Қазір техниканың дамыған кезеңі. Интернет өміріміздің барлық саласын жаулап алды. Бұл – еліміздің дамып, өркениетке бет бұрғанымыздың шынайы көрінісі. Осындай өзгеріске қарағанда, “Бүгінгі қоғамда газеттің рөлі қандай?” деген сауал туындайды. Осы жайында бұқаралық ақпарат құралдары тілшілерінің және оқырман ойын тыңдап көрейік.

Самат САПАРАЛЫ,

Қазақстан” республикалық телерадиокорпорациясы” акционерлік қоғамы облыстық филиалының тілшісі:

Газет – шежірені сақтаудың ең сенімді қайнары. Мерзімді басылым – таным мен талдаудың, қоғамдық пікірсайыстың ашық алаңы. Өткенге көз салып, таразылап, болашаққа бағдар жасаудың бірден-бір баспалдағы болып табылады. Техникасы бізден жүз есе артық дамып кеткен Жапонияда апта түгілі, күн сайын шығатын газеттер бар. Бәрінен озып кеттік дейтін АҚШ-та аптасына 3 рет шығатын 200 беттік газет бар көрінеді. Өзі газет оқымайтын адамның елді де солай ойлауы қате. Газетте тек жаңалық жарияланады деп ойлаудың нәтижесінде осындай пікірлер айтылады. Ал газеттің ішінде түрлі айдарлар бар. Оқып отырсаңыз, небір ғылыми ізденіске толы дүниелерді көресіз.

Ертеректе ұзақ мерзім ғарышта болып қайтқан ғарышкерден аспанда өмір сүрудің мәнісін сұрағанда, ол: “Стансада біздің тіршілік етуімізге қажетті қо­лай­лы жағдайдың барлығы болды. Тек таңғы ас үстінде оқитын газеттің жаңа нөмірі ғана жетіспей тұрды…”, – деген екен. Адамзаттың ақпаратқа деген сұранысының шектеусіздігіне, мәдениетті, көзі ашық адамға баспасөздің ауадай қажеттілігіне бұдан басқа дәлелдің өзі артық сияқты.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,

СҚО әкімдігінің муниципалдық

телерадиоарнасы” ЖШС-нің

редакторы:

Қазіргі небір заманауи технологиялар дамыған уақытта газет түгілі, теледидар саласының өзі жедел, ұшқыр хабар тарату жағынан интернетке, ақпараттық агенттіктерге ілесе алар емес. Сондықтан көбінесе газет беттерін соңғы ақпараттан құлағдар болу үшін емес, ой салатын мақалалармен, қандай да бір өткір әлеуметтік мәселелерді көтерген тілшілердің сараптамалық материалдарымен танысу үшін оқимыз. Әсіресе, журналистік зерттеу жұмыстары бүгінгі газетке көрік пен ерекшелік береді. Ұлттық болмысымызды айшықтайтын, жас ұрпаққа ой салатын, олардың бойына ділімізге тән қадір-қасиеттерді сіңіруге септігін тигізетін мақалаларды жазып, елдің ертеңі, қоғамның болашағы жайлы қалам тербеп жүрген газет тілшілері өздеріне артылған міндетті жауапкершілікпен орындап, мәртебелерін өз биігінде сақтап келеді. Сондай-ақ, күнделікті көгілдір экраннан көріне бермейтін, берілсе-дағы айналдырған 1-2 минуттың ішінде көзден ғайып болатын белгілі тұлғалар, не болмаса қатардағы өзіміз сияқты азаматтардың өмірінен сыр шертетін толымды мақалаларды жазу газеттегі әріптестеріміздің пешенесіне бұйырған. Кешкісін қолыңа газеттің жаңа шыққан санын алып, ондағы танымдық, тағылымдық мақалаларды оқып, көзқарасымызды кеңейтіп, дүниетанымымызды тереңдеткен бәрімізге де пайдалы.

Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,

облыстық ішкі істер

департаментінің

баспасөз хатшысы:

Сан ғасырлар бойы халық жаршысы болып келген газеттердің әрқайсысы үлкен бір дастан сияқты. Олардың ішіне үңілсең, небір құнды дүниелерді табасың. Жаңалықтар, маңызды мәселелер, түрлі тағдырлар, әдемі әңгімелер… барлығын басылым бетінен көруге болады. Күнделікті өміріміздің тыныс-тіршілігімен танысып, оның экономикалық-әлеуметтік, мәдени, рухани дамуынан хабардар бола аламыз. Жұмыс барысымен жүргенде күйбең тірліктің кейбір түйткілдері назардан тыс қалатыны да бар. Бір сәтке демалып, газет оқығанда қоғамдағы қайнаған өмірді басқа қырынан көргендей боласың. Өйткені, басылым өміріміздің айнасы іспеттес. Әрбір саланы қамтып, күретамырдай соғып тұрған газет біздің өмірге сонысымен де қажет. Түрлі оқиғаларды тасқа басқандай мәңгілікке айналдыратын басылымның қоғамдағы рөлі зор. Өйткені, оның өзіндік үні, қалыптасқан қолтаңбасы бар. Сондықтан да бүгінгі қоғамда алатын орны ерекше.

Руслан ҚҰСАЙЫНОВ,

31-ші арнаның облыстағы

меншікті тілшісі:

Қара сөздің қадірін түсінетін газет журналистері баспасөздің тамырына қан жүгіртіп, өміршең етуде. Бүгінгі таңда газеттің қоғамдағы орны мен маңыздылығы жайлы түрлі пікірлер айтылады. Менің ойымша, бұқаралық ақпарат құралдарының ерекшеліктеріне орай өз аудиториясы болады. Кезінде қоғамға теледидар келгенде, енді радионың күні бітті деп шулаған. Құдайға шүкір, бүгін газет те, журнал да, радио да өз оқырманын, тыңдарманын тауып, солардың көңілінен шығу үшін еңбек етіп жатыр. Керісінше, дамып келеді. Ол – заман талабы. Наполеон: “Жауға қарсы жүздеген мың қол әскерден төрт газеттің ойсырата соққы беру мүмкіндігі зор”, – деген. Газет пайда болғаннан бері өзінің осы қуатынан айрылмай, заманның ағымына сай түрленіп, гүлденуде.

Сауалнаманы жүргізгендер

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp