Бүгінгі таңда қарапайым заттар экономикасын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Қарапайым заттар дегеніміз – күнделікті қолданатын тауарлар мен қызметтер. Олардың қатарында тоқыма өнімдері мен жиһаз, азық-түлік өндірісі және басқа да тауарлар бар. Аталмыш бағытты дамытудың қажеттілігі туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты халыққа арнаған Жолдауында атап өткен болатын.
Бүгінде сауда сөрелерінде не керектің бәрі тұр. Бірақ, жасыратыны жоқ, олардың басым бөлігі әлі күнге дейін алыс-жақын шетелдерден жеткізілген тауарлар. Ал оларды өндіру қолымыздан келмейді емес, келеді. Тек отандық өндірушілер тарапынан ынта қажет. Қарапайым заттар экономикасын дамыту туралы Президенттің тапсырмасы бұл істе үлкен серпіліс тудырғандай. Нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың импортын алмастыру үшін бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру қолға алынды.
Жолдау жүктеген міндетке орай отандық өнім өндірушілерге қолжетімді несие беру туралы Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданып, елімізде құрылыс индустриясы, жиһаз, тамақ, жеңіл және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол карталары әзірленді. Азық-түлік, киім-кешек пен басқа да күнделікті тұтынатын заттарды өз елімізде өндірмейінше жұртты жаппай жұмыспен қамтып, тұрмысты жақсарту мәселесі оң шешімін таппайды. Сондықтан бюджеттен бөлінген қаражаттың 400 млрд. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне, ал 200 млрд. теңге агроөнеркәсіп саласына бағытталуда. Бағдарлама шеңберінде несиелер 365 тауар түрін, соның ішінде 118 азық-түлік өнімі мен халық тұтынатын 247 тауар өндіруге беріледі. Елімізде бұл бағдарламаны жүзеге асыру арқылы 2025 жылға дейін қарапайым заттар импортын 37 пайызға азайту көзделіп отыр.
Қызылжар өңірінде де бағдарлама аясында кәсіпкерлік нысандарына жеңілдетілген несиелер беру, өнеркәсіп саласына қолдау көрсету жұмыстары сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда облысымызда ресми тіркелген 30 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісінде 107 мың адам жұмыс істейді. Жергілікті бюджетке түсетін салықтың 56,4 пайызы осы салаға тиесілі. Шағын және орта бизнес субъектілеріне 47,4 млрд. теңгенің қолдауы көрсетілді. Олардың саны нақтыланып, әлеуеті қандай екені, қайсысы қолдауды қажет ететіні зерделеніп, тауар түрлерін өндіру мүмкіндіктері сараланды. Өңірімізде өндірілуге тиіс тауарлар қатарында азық-түлік өнімдері, киім-кешек, төсек-орын, шұлық, аяқ киім, тоқыма бұйымдары, үстел, орындық, электр өткізгіш желілер, велосипедтер мен мүгедектер арбасы, батареялар, аккумуляторлар және басқа да өнеркәсіптік өнімдер бар.
“Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасын жүзеге асыру өңір экономикасына да оң әсерін тигізіп жатқанын атап өткен жөн. Бүгінгі күні облыста 226 млрд. теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асырылуда. Өткен жылы Үкiмет қаулысымен “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы құрылды. Жалпы көлемі 192 гектарды құрайтын аумақ машина жасау, электроника, құрылыс материалдарын әзірлеу, азық-түлік өнімдерін шығару және өңдеу салаларын қамтымақ. Мұнда заманауи және экспортқа бағдарланған өндіріс бой көтеріп, үш мың жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Зауыттар, фабрикалар ашу үшін инвесторлар тартып, оларға қолайлы жағдай жасау маңызды. Сондықтан инвесторларға мемлекет тарапынан салықтық жеңілдіктер берілуде. Осылайша, азық-түлік өнімдерін шығару және өңдеу көлемі артып, құрылыс материалдары өндірісін, электроника және машина жасау саласын дамыту көзделуде.
Ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын әлемге танымал немістің “Claаs” концернімен, көпсалалы аурухана құрылысын жүргізетін түркиялық “YDA Holding” және электротехникалық жабдықтар шығаратын “Alageum Electric” компаниясымен келісімшарт жасалды. Бұл компаниялар өңір экономикасына 90 млрд. теңге инвестиция құйып, 1,5 мың жұмыс орнын ашпақшы. Бұдан бөлек, “Tielin Logistics Invest Co” компаниясы құрамажем шығаруды және ағаш өңдеуді қолға алды. Ал “Тайынша май” ЖШС-і биыл күнжара деген құнарлы мал азығын шығаратын цехты іске қосады. Қолға алынып жатқан жобалардың қатарында “Траст Петролеум” ЖШС-нің ағаш өңдеу зауытын, “ENERGO TRUST” ЖШС-нің жел энергиясы паркін атап айтуға болады.
“Қарапайым заттар экономикасын” дамыту бойынша жобалар әзірленіп, оның іске асырылуына жәрдемдесу мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасы жанынан жобалық кеңсе құрылды. Кеңсе құрамына кәсіпкерлер палатасы, облыстық кәсіпкерлік және туризм, индустриялық-инновациялық даму және ауыл шаруашылығы басқармалары, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры, екінші деңгейлі банк филиалдарының басшылары енді. Бұл құрылым жобаларды жасаудан бастап қаржыландыруға дейінгі барлық кезеңде туындаған мәселелерді шешу жолдарын іздестіреді. Бүгінгі күні жобалық кеңсе мүшелері кәсіпкерлер арасында кең көлемді ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуде. Жүзден астам кәсіпкердің қатысуымен бірнеше кездесулер өткізілді.
Қазіргі таңда кеңсе бақылауында 15,7 млрд. теңгені құрайтын 62 жоба бар. Бүгінгі күнге дейін бағдарлама аясында құны 8,4 млрд. теңге болатын 38 жоба қаржыландырылды. Жалпы құны 960 млн. теңгені құрайтын екі жобаның құжаттары жинақталып, келісімдер жүргізілуде. “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы аясында Есіл ауданындағы “Азия-Тораңғұл” ЖШС-і майлы дақылдардың тұқымын өсіруді жүзеге асыра бастады. Сондай-ақ, былтырғы жылдың соңында “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тұрмыстық химия тауарлары мен сабын шығаратын фабрикасы өз жұмысын бастады. Фабрика жылына 6 мың тонна сұйық және қатты сабын өндіре алады. Сонымен қатар бұл фабрика мал және өсімдік майларынан экологиялық таза өнім – осыған дейін шетелден тасымалданған сабын түйіршіктерін өңдейтін еліміздегі алғашқы өндіріс орны болып табылады. Жылына 1800 тонна сабын шығарып, 4,5 мың тонна сабын түйіршіктерін өндіретін кәсіпорын өнімін шикізат күйінде де сата алады. Жобаның жалпы құны – 834 млн. теңге. Фабриканың өнімдері еліміздің өзге өңірлерімен қоса, Ресейге де жөнелтілуде. Уәлиханов ауданында 250 млн. теңгенің екі жобасы қолға алынып отыр. Атап айтқанда, “Unite invest” ЖШС-і “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ы арқылы 100 млн. теңгенің несиесін ресімдеді. Ал ірі қара сатып алуды жоспарлаған “Kaz GInvest” серіктестігі 150 млн. теңгеге өтініш берді.
Петропавл қаласында өнімді кез келген температурада тасымалдау мен сақтауға мүмкіндік беретін және бір рет пайдаланылатын “Big-bag” деп аталатын қаптар шығару қолға алынады. Бүгінде инвесторға бос тұрған үш нысан таныстырылды. Жалпы аумағы 10 мың шаршы метрді құрайтын бұл нысандардың біреуі дайын. Ал қалған екеуінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нысандарға инфрақұрылым желілері жергілікті бюджет есебінен жүргізілмек. Инвесторлар өз кезегінде жобаға 600 млн. теңге құймақ. 135 жаңа жұмыс орны құрылатын фабрика жылына 1,5 млн. қап шығаруды жоспарлауда.
“Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасына кәсіпкерлердің қызығушылығы жоғары. Мысалы, бұрын киім-кешек сатумен ғана айналысқандар енді өздері тігуге, мал сою пункті бар кәсіпкерлер төрт түлікті бордақылауға, мал ұстайтын шаруалар етті қайта өндеумен айналысуға ынталы. “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ алдағы уақытта 2,4 млрд. теңгенің 21 жобасын қаржыландырмақ. Бүгінге дейін қаржыландырылған ірі жобалар арасынан “Unite Инвест” (100 млн.), “Оптимум Петро” (111 млн.), “Крахмал-Агро” (167 млн.), “Симаргл” (252 млн.), “Агрофирма Жамбылская” (530 млн.) және “Нежинка-Ерке” (320 млн.) шаруашылықтарын атап айтуға болады.
Импорт алмастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыс жоспарына төрт жоба енгізілді. Атап айтар болсақ, олардың үшеуі “Alageum Electric” акционерлік қоғамына тиесілі. Электр қондырғыларын шығаратын компания алдағы уақытта Петропавл қаласында трансформатор жасайтын зауыттың құрылысын жүргізуге ниетті. Отандық инвестор бұл жобаға 3,2 млрд. теңге бағыттады. Бұдан бөлек, балық және ағаш өңдейтін екі зауыттың құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Ал “Венчурная фирма “Поиск” ЖШС-і сорғылардың қосалқы бөлшектерін шығаратын кәсіпорын ашпақ. Қазіргі уақытта импорт алмастыру бағытында сегіз жобаның құжаттары дайындалуда. Атап айтқанда, “L Транс” ЖШС-і антифриз, ал “Радуга” серіктестігі дәретхана қағазын шығаруды жоспарлауда. “Северный Фанерный Комбинат” ЖШС-і фанера өндірісін жүзеге асырады. Түрік инвесторлары бос тұрған ғимаратты сатып алып, қыркүйек айынан бастап өнімдерін Еуропа елдері мен Қытайға экспортқа шығаратын тағы бір кәсіпорын ашуды көздеп отыр.
Күнделікті тұтынатын тамақ, киім, жиһаз өндірісі, құрылыс материалдарын шығару арқылы сауда орындарындағы сөрелерді отандық өніммен толтырып, импортты азайтуға болады. Бұл елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына да оң әсер беретіні анық. Демек, бағдарламаны тиімді жүзеге асырып, ел экономикасын көтеру – баршамыз үшін маңызды.
Дәурен ЖАНДАРБЕК,
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары.