
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов төтенше жағдайдан кейін жұмыс қарқынын арттырған облыс орталығындағы ірі кәсіпорындар мен құрылыс нысандарын аралады. Облыс экономикасын қалпына келтіру барысымен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері де танысып қайтты.
ҚАРҚЫНҒА ҚАРҚЫН ҚОСУ ҚАЖЕТ
Облыс әкімі алдымен “Жас өркен” шағынауданында салынып жатқан 18 қабатты тұрғын үйге соқты. “Зерттеу СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаламыздағы ең биік тұрғын үйді биыл пайдалануға бермек. 108 пәтерлі баспана “7-20-25” бағдарламасы арқылы сатылады. Пәтердің бір шаршы метрінің бағасы 140 мың теңге болмақ. Құмар Ақсақалов алдағы уақытта бұл жерде дәл осындай тағы екі биік үй бой көтеретінін айтты.

Жалпы, өңірімізде құрылыс қарқыны артып келеді. Өткен жылы ауданы 250 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, биыл бұл көрсеткішті 300 мың шаршы метрге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Яғни, биыл 3 мың пәтерді пайдалануға беру көзделуде.
Өңірде коммерциялық тұрғын үйлерді салуда да қарқын байқалады. Мысалы, 2016 жылы 198 пәтер сатылса, былтыр одан 3 есе көп, яғни 634 пәтер пайдалануға берілген. Бұл тұрғындардың төлем қабілетінің артқанын әрі баспана алудың оңтайлы тетіктері жасалып жатқандығын айғақтағандай.
– Петропавлда 175 мың адам көпқабатты тұрғын үйде, ал 44 мыңы жер үйде тұрады. Яғни, қалалықтардың 80 пайызы – жылы да жайлы баспаналардың тұрғындары. Сондықтан біз жыл сайын ескі үйлерді сүріп, 400 мың шаршы метр тұрғын үй салуымыз керек. Бұл қолымыздан келеді. Құрылысқа қарқын қосуымыз қажет, – деді Құмар Іргебайұлы.
ЕСКІ ҒИМАРАТТА — ЖАҢА ЗАУЫТТАР
Келесі аялдама – өндірістік нысандар. Қазіргі таңда қалада осыған дейін қаңырап бос тұрған ғимараттар жаңа өндіріс орындарына айналуда. Құмар Ақсақаловтың айтуынша, бұл – облыс экономикасының өсуі үшін қосымша күш. Сондықтан келіссөздер жүргізіліп, өңірге инвесторлар шақырылуда. Оларға бизнес жүргізу үшін ғимараттар мен жер учаскелері берілуде. Жарқын мысалдардың бірі – Петропавл қаласында құрылысы жүріп жатқан трансформатор жасайтын “Alageum Electric” компаниясының зауыты. Инвестор “Жас өркен” шағынауданындағы 17 мың шаршы метр болатын ғимаратқа жөндеу жүргізуде. Жылдық қуаты 12 мың трансформатор шығаруға жететін зауытта 300-ден астам адам жұмыс істейтін болады. Инвестиция көлемі 6,3 млрд. теңгені құрайды.
– Елімізде мұндай үш-ақ зауыт бар. Экспортқа бағдарланған бұл зауытқа заманауи қондырғылар қойылады. Бізге осында жұмыс істейтін жергілікті мамандар қажет. Сондықтан кадр даярлауды қазірден бастап ойлауымыз керек. Бұл жұмысты зауыт іске қосылғанға дейін тындырамыз, – деді Құмар Іргебайұлы.
Бұдан кейін өңір басшысы “Солтүстік фанера комбинаты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ағаш өңдеу цехына ат басын бұрды. Жиырма жылдай бос тұрған бұрынғы құбыр зауытының ғимаратында шетелдік технология бойынша ламинатталған фанера шығарылмақ. Жобаның жалпы құны – 1,8 млрд. теңге. Цехқа Еуропа елдерінен сатып алынған заманауи құрал-жабдықтар орнатылады. Жоба толық жүзеге асырылған жағдайда өңір экономикасына 2 млрд. теңгеге жуық қаржы құйылып, 150 тұрғын жұмыспен қамтылады. Еліміздегі теңдесі жоқ кәсіпорын үстіміздегі жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға берілмек.
“ЗИКСТО” акционерлік қоғамына да жаңа инвесторлар келіпті, нәтижесінде алдағы 2 жылда зауыт толық қуатында жұмыс істейтін болады. 15 млрд. теңгенің тапсырысы түсіп, 300 вагон құрастыру үшін келісімшарт жасалған. Қазір кәсіпорында 450 адам еңбек етуде. Алдағы уақытта қосымша 100 маман жұмысқа алынады. Мұндағы орташа жалақы – 120 мың теңге. Облыс әкімі зауытқа қайтадан жан бітірген инвесторға ризашылығын білдірді.
– Алдағы уақытта өңір экономикасын әртараптандыру, яғни аграрлық-индустриалдық аймақ ету мақсатында жалпы сомасы 527 млрд. теңге болатын 42 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде 3,6 мың жаңа жұмыс орны құрылады, – деген Құмар Іргебайұлы кәсіпорындар басшылығы қала көркіне сәйкес келмейтін биік тас қоршаулардан бас тартуы керектігін де ескертті.
РУХАНИЯТҚА БЕТБҰРЫС ЕРЕКШЕ
Бүгіндері “Жас өркен” шағынауданында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының жаңа ғимараты салынып жатыр. 500 көрерменге шақталған театрдың ашылуын тұрғындар асыға күтуде. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Құралбек Атамұратовтың айтуынша, үш қабатты театр құрылысының аяқталуы үстіміздегі жылдың қазан айына жоспарланған. Архитектурасы әлемдік талаптарға сай жасалатын жаңа театр мәдени-тарихи құндылықтарды дәріптейтін орталыққа айналмақ. Мәдениет ошағының құрылысымен танысқан Құмар Ақсақалов бұл жерде халықаралық музыкалық және театр фестивальдары өтуі керектігін атап айтты.
Алдағы уақытта Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры да күрделі жөндеуден өтпек. Интерьері бастанаяқ өзгертіледі. Тіпті, инженерлік желілері де ауыстырылады. Мұндай жөндеу театр салынған 1972 жылдан бері атқарылмаған. Барлық жұмыстар үстіміздегі жылдың шілде-қазан айларына жоспарланған.
Биыл облыстың білім саласында да ауқымды істер атқарылмақ. Өңірде мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер қатары қалыңдап келеді. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, 2018 жылы – 7,7 мың, өткен жылы 8,5 мың бала бірінші сыныпқа барған. Биыл мектеп табалдырығын 9,2 мың бүлдіршін аттайды деп күтілуде. Яғни, 3 жылда өсім 20 пайызды құрады. Сондықтан өңірде бірнеше мектептің құрылысы қолға алынып отыр. Мәселен, былтыр “Береке” шағынауданында заманауи білім ордасы пайдалануға берілсе, биыл күзде “Жас өркен” шағынауданында дәл осындай мектеп өз есігін айқара ашады. Бұдан бөлек, Уәлиханов көшесінің бойында 900 орынға шақталған жаңа білім беру нысаны салынуда. Оның ашылуы келесі жылға жоспарланған. Құрылыс барысымен танысқан Құмар Ақсақалов мердігерге жұмысты дер кезінде аяқтауды тапсырды.
АҚЫСЫЗ АВТОТҰРАҚТАР САЛЫНАДЫ
Облыс орталығын жасыл желекке бөлеу жұмысы ерекше қарқын алды. Шаһар басшысы Болат Жұмабеков атап өткендей, соңғы 2 жылда мұнда 10 мыңнан астам ағаш отырғызылған. Көшелерді бойлай жайқалып тұрған тал-шыбықтар қалаға ерекше көрік беріп тұр. Абаттандыру жұмысы биыл да үзілмей, мамандар 24 көшенің бойына 2,7 мың ағаш отырғызды. Оның ішінде шетен, терек, қызыл үйеңкі, қайың, қарағай және жөке ағаштары бар. Үстіміздегі жылы 23 мың шаршы метр аумаққа көгал төселіп, 12 мың шаршы метр жерге гүл егілмек. Мәселен, биыл Уәлиханов көшесі абаттандырылып, ені 4 жолақты етіп кеңейтілмек. Бұл жұмыс ескі тұрғын үйлерді сүру арқылы жүзеге асырылады. Көше бойында 10 көпқабатты тұрғын үй бой көтереді. Қазір 3 тұрғын үй салу үшін ескі баспаналар сүріліп те қойылған. Болат Серікұлының айтуынша, ескі үйлердің иелеріне пәтерлер немесе ақшалай өтемақы ұсынылады, көбі баспана таңдайды екен. “Петропавлда соңғы 3 жылда 724 жеке тұрғын үй сүрілсе, биыл 283 жер үйді бұзу көзделген. Яғни, мыңнан астам отбасының тұрғын үй жағдайы жақсарады. Қазір ескі үйлерді сүру бағдарламасы жасалуда. Яғни, бұл жұмыс алдағы жылдары да тоқтамайды, – деді қала әкімі.
Шаһарда аулаларды абаттандыру да ойдағыдай атқарылуда. Соңғы 3 жылда бұл мақсатқа 1,8 млрд. теңгеден астам қаражат бағытталған. Нәтижесінде 286 аула жөнделген. Биыл 73 ауланы жөндеуге 621 млн. теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ, өткен 3 жылда аулаларда 174 балалар ойын алаңы, 21 шағын футбол алаңы, 36 көше тренажер тұрғызылған. Үстіміздегі жылы тағы 58 балалар алаңы және 15 көше тренажері қойылады. Бұл мақсатқа 170 млн. теңге бөлінген. Құмар Ақсақалов тұрғындардан аула тазалығына мән беруді өтінді.
– Аулалар тұрғындар үшін ыңғайлы болуы керек. Ал қазір үйлердің аулаларында көліктер қалай болса солай қойылған. Балалар ойнайтын жер жоқ. Сол себепті, біз аулаларды көліктерден тазалауды жөн деп шештік. Мәселен, қазір қалада 55 мың көлік бар болса, 71 мың адам көпқабатты үйлерде тұрады. Демек, отбасылардың 70 пайызында жеке көлігі бар. Сондықтан біз қала бойынша тегін автотұрақ жасауды жөн көрдік. Тұрғын үй маңынан бос алаң тауып, асфальт төсеп, 3D қоршау жасаймыз. Оның төңірегіне бейнекамералар орнатылады. Бюджеттен ақша бөлінді, – деді Құмар Іргебайұлы.
“БЕРЕКЕДЕГІ” ІЛКІМДІ ІСТЕР
Құмар Іргебайұлының айтуынша, қаланың барлық шағынаудандары біркелкі дамуы керек. Яғни, шаһардың орталығы мен шеткері жағының тұрғындары бірдей қолайлы ортада тіршілік етуі тиіс. Сол себепті биыл “Береке” шағынауданында, вокзал маңы алаңында, жаңа театр алдында және Брусиловский мен Потанин көшелерінің бойында 5 саябақ салынбақ. Әсіресе, берекеліктер үшін жасалып жатқан жағдай қуантарлық. Үстіміздегі жылы мұнда жаңа емхана бой көтермек. Оның маңында салынатын саябақта фонтан, амфитеатр, балалардың ойын және спорттық алаңдары болады.
Болат Жұмабековтің айтуынша, Петропавлда соңғы рет жаңа емхана 10 жыл бұрын салынған. Жылдам дамып келе жатқан “Береке” шағынауданына емхана ауадай қажет. Тұрғындар сапалы медициналық көмек алу үшін қала орталығына сабылмауы керек. Қазір емхана құрылысы басталып та кетті. Бір ауысымда 250 адамды қабылдай алатын 2 қабатты емхананың құрылысына 2 млрд. теңгеден астам қаражат бағытталып отыр. Нысан желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Құмар Ақсақалов құрылыс кезінде жергілікті материалдарды көбірек пайдалануды тапсырды.
– Ауруханалардағы медициналық жабдықтар да жаңартылуда. Облыстық ауруханаға МРТ аппараты қойылды. Дәл осындай екі жабдық облыстық балалар ауруханасына және онкологиялық диспансерге де сатып алынады. Кардиологиялық орталыққа инсульт пен инфаркті емдеу сапасын арттыратын заманауи цифрлық ангиограф қойылған. “Жедел жәрдем” станциясы үшін былтыр “Мерседес” маркалы 3 көлік сатып алынса, жақын уақытта медициналық мекемелер үшін “Хюндай” маркалы 18 көлікке тапсырыс бердік, – деді өңір басшысы.
ЖОЛАУШЫЛАРҒА ЖАЙЛЫ САПАР
Қазір Петропавл темір жол вокзалының 1950 жылы пайдалануға берілген ғимаратында қайта құру жұмыстарының екінші кезеңі жүргізілуде. Осыған дейін вокзал ғимаратының сырты мен шатыры жаңартылса, енді іші жөнделуде. Жоба бойынша ғимаратқа екі эскалатор, жүк және жолаушылар тасымалдайтын екі үлкен лифт орнату, жолаушыларға арналған екі күту залын жабдықтау қарастырылған. Үшінші қабаттағы күту залы кеңейтілмек. Сонымен қатар платформаларға апаратын өткелдің де қыста жылы болуы ойластырылған. Жаңғырту жұмыстарын толық аяқтау желтоқсан айына жоспарланып отыр.
Құмар Ақсақалов атап өткендей, вокзал алдындағы саябақ та бірден көз тартарлықтай кейіпке енуі тиіс. Бұл жерге екі фонтан және заманауи 48 орындық қойылады. Автотұрақ та кеңейтіліп, маңайдағы ескі павильондар түгелдей сүріледі. Автобус аялдамалары вокзалға жақын жерлерге көшіріледі.
– Орташа есеппен Петропавлға ай сайын пойызбен 250 мың адам келіп-кетеді. Сондықтан вокзал алаңқайы эстетикалық жағынан көрікті, заманауи болуы тиіс. Өйткені, келген қонақтың қала туралы алғашқы пікірі осында қалыптасады. Сонымен қатар айналасы қоқыстан тазартылып отыруы тиіс, – деді облыс әкімі.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.