Құдай берген ғұмырын адал атқарып, бір бойына адами асыл қасиеттерді жиып өскен, өзі жүріп-тұрған ортаға қайырымдылық ілтипатымен жан жылуын төккен, сегіз қырлы, бір сырлы өнерімен де өзгелерді тамсандырып, еңбегімен де, ерлігімен де кейінгілерге үлгі-өнеге көрсете білген қадірменді қарияларымыздың бірі Балғожа Кенжеғозин еді. Өмірден өтсе де, осындай сан қырлы қасиетін көрген-білгендер ол кісінің есімін жиі естеріне алып, рухына тағзым етіп отырады.
Балғожа Кенжеғозин Жамбыл ауданындағы Есперлі ауылында 1902 жылы дүниеге келген. Жоқшылықтың тауқыметінен еңбекке ерте араласты. Он бір жасында бай есігінде жалшы болып еңбек етті. Өмірдің ащы дәмі оны ерте есейтті, шынықтырды. Жасынан еңбек ете жүріп, еті тірлігінің арқасында өздігінен, кейін ауыл молдасынан хат танып, білім алды. Білсем деген алғырлығы, тындырсам деген іскерлігі өмірден жаңылмай өз орнын табуға жетелей түсті. Соның да әсері болар, ізденіп, талпынып жүріп, колхоз төрағаларын даярлайтын курсқа оқуға түсті. Оны ойдағыдай тамамдап келген соң Төңкеріс ауданында ауылдық кеңестің, Жарқын ауылдық тұтынушылар одағының төрағалық қызметтерін атқарды. Кейін қызметі өсіп, Преснов аудандық тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары болды. Қай қызметте болса да, шаруа біткеннің бел ортасында жүрді.
Соғыс басталғанда Балғожа Кенжеғозин қырықтан асқан ересек жаста болатын. Бұл кезде отызға дейінгі тепсе темір үзетін ер-азаматтарды әскерге алып, Отан қорғауға аттандырып жатты. Ал тылдағы еңбекті тоқтатпау үшін шаруашылықты басқара білетін жауапкершілігі мол білікті басшыларды, небір тәжірибелі мамандарды кейінге қалдыратын болды. Балғожа да осындай білікті басшы ретінде елдегі шаруашылықты басқаруға қалдырылды. Бірақ ол қараптан-қарап отырмай, бойын намыс буып, соғысқа жіберуді сұранып, аудандық әскери комиссариатқа барды. Ақыры өтініші қанағаттандырылып, Преснов аудандық әскери комиссариаты арқылы сол кезде ерекше маңызы бар Орал қорғаныс зауытына жұмысқа жіберіледі. Жасыратыны жоқ, соғыс басталғанда Кеңес одағына қарағанда Германия басқыншыларының қару-жарағы да, соғыс техникасы да әлдеқайда басым болатын. Сондықтан тылдағы қорғаныс зауыттарының жұмысын бұрынғыдан да күшейте түсу үшін сенімді жұмыс күші ретінде ер-азаматтардың біраз бөлігі осындай әскери маңызы бар өндірістік орындарға тоғыстырылды.
Орал әскери қорғаныс зауыты негізінен танк шығаруға арналған болатын. Зауыттың станоктары күндіз-түні жұмыс істеп, конвейерлерден жаңа танкілер шығарылып жатты. Олар бірден ұрыс даласына жіберілді. Міне, осы шығарылып жатқан әрбір жаңа танкіде Балғожа Кенжеғозиннің де қолтаңбасы бар болатын. Ол осында жұмыс істеуімен қатар әскери дайындық, жаттығу жұмыстарынан да өтті. Сөйтіп, соғыс шиеленіскен қиын сәтте ел қорғау үшін өз еркімен майданға сұранды. Ақыры не керек, ол 1943 жылы Сталин атындағы Орал ерікті танк корпусының құрамында майданға аттанады. Бұл кезде соғыс барлық майдан шебінде қызу жүріп жатқан болатын. Ол орталық майдан шебінде бөлімше командирі болып ұрысқа кірді. Бұл тұста жау анталап алға ұмтылып, басып алған жерден шегінбеу үшін бар күшін жұмсап бақты. Құрамында Балғожа бар ротаны қоршап алып, тұтқынға түсіруді, не жойып жіберуді көздеді. Рота жауынгерлері оңайлықпен берілсін бе, дұшпанға оқты қарша боратып, бірнеше шабуылына тойтарыс берді. Әйтсе де ротадан жеті-ақ жауынгер қалды. Қаза тапқан рота командирінің орнына басқаруды өз қолына алған Балғожа ұрысты одан әрі жалғастырды. Шайқаса жүріп тірі қалған жеті жауынгермен жау шебін бұзып шығып, өзіміздің негізгі күшке келіп қосылды. Сол жолғы көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін ол бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. Бірақ жараланып, госпитальда емделуіне байланысты бұл орден иесін жиырма бес жылдан кейін туған жерінде тапты.
Соғыстың ең қиын да ең қырғын шайқасы Мәскеу мен Сталинградтан кейін Курск иінінде болғаны тарихтан белгілі. 1943 жылдың 5 шілдесінде басталған шайқас бір айдан артық уақытқа созылды. 29 тамызда кеңес армиясы шешуші ұрысты жүргізе отырып, ерекше тегеурінді күшпен жаудың бетін қайтарып, жеңіске жетті. Бұл жеңістің соғыс жылдарында шешуші рөл атқарғаны тарихтан және белгілі. Жеңілген жаудың ұнжырғасы түсіп, мысы басылды. Сөйтіп, біздің жауынгерлер соғыс тізгінін қолдарына алып, жауды кейін ығыстыра бастады. Жалпы осы Курск иініндегі сұрапыл шайқаста неміс армиясының таңдаулы отыз дивизиясы, оның ішінде жеті танк дивизиясы талқандалды. Жарты миллионға жуық жау солдаты жер жастанды. Үш мыңнан астам әуе ұшақтары отқа оранды. Осы сұрапыл шайқасқа қатысып, жаудың қанатын қырқып, жүйкесін үзген талай солдатын жер жастандырып, құтын қашырған, сөйтіп өжеттік пен қайсарлықтың, құдіретті күшке толы ерліктің үлгісін көрсеткен жауынгерлеріміздің ішінде Балғожа Кенжеғозин де болды. Сол бір теңдесі жоқ Курск иініндегі болған қиян-кескі ұрысты Бәкең кейде есіне алып, кейінгілерге ерліктің үлгісі ретінде әңгіме етіп отыратын.
“1943 жылдың шілде айының бас кезі болатын. Неміс-фашист басқыншылары баса-көктеп Орелден Курскіге қарай үш жүздей танктерімен, жаяу солдаттарымен қаптап, біздің шепке тап бергенде мен құрамында болған оныншы танк корпусы сол ұрыстың дәл маңдайында еді. Сол ұрысқа сақадай-сай дайындалған және жаудың осы тұстан келетінін алдын ала біліп алған біздің танк корпусы бірден шабуылға кірісті. Немістердің құбыжық қылып көрсеткен “Тигр”, “Пантера” сияқты ірі танктері, өздігінен жүретін ірі артиллерия қондырғылары біздің “Т-34” танктеріміз бен зеңбіректерімізге төтеп бере алмады. Оның үстіне біздің штурмовик самолеттеріміз жау танктерін жаңғақша шақты. Қарша боратқан оғымыздан жау солдаттары да дүркіреп кейін қашты”, – дейтін Бәкең.
Курск иінінде екі жақ та үздіксіз шабуыл жасады. Екі жақтан да оқ қарша борады. Ауыр бомбалар найзағайша ойнап, жарылып жатты. Аспан мен жер тұтасып, отқа оранды. Мықтымсынған жау кейін шегінді. Сол сұрапыл шайқастың арасында өз бөлімшесімен бірге жүрген Кенжеғозин шегінген жаудың ізіне түсті. Орел бағытындағы сұрапыл шайқастың бірінде ол ауыр жараланды. Госпитальға жеткізілген соң бірнеше ай емделіп, 1944 жылдың бас кезінде соғыстың екінші топтағы мүгедегі ретінде елге қос балдақпен оралды. Бұл кезде майдан даласындағы ұрыс күн өткен сайын кең өріс алып, біздің жауынгерлер жау жендеттерін өз апанына қарай тықсыра бастаған болатын. Елге оралған Балғожа Кенжеғозин мүгедектігіне қарамастан, тылдағы еңбектің соғыстан кем түспейтіндігін түсініп, бірден еңбекке араласуға бел буды. Оның өтінішін аудандық партия комитеті қабыл алып, “Айымжан” колхозына төраға етіп жіберді. Бәкең мұндағы шаруашылықты көтеріп, колхозды ауданда алдыңғы қатарға шығарды. Бұдан кейін аудандық партия комитетінің тапсырысымен “Қарағаш” колхозын басқарды. Елімізде тың игеру басталған шақта да Бәкең тың далаға алғашқы түрен салғандардың бірі болды. Жаңадан құрылған “Жамбыл” кеңшарының іргесін қаласуға қатысты. Бұлардан басқа да талай лауазымды қызметтер атқарды. 1966 жылы құрметті зейнеткерлікке шықты. Еліміздің дербес зейнеткері атанды. Соғыс кезінде көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін бірінші дәрежелі Отан соғысы орденіне қоса, “Ерлігі үшін”, “Жауынгерлік ерлігі үшін” және басқа да медальдармен марапатталды. Бейбіт еңбекте де осындай талай құрметке ие болды.
Балғожа Кенжеғозин де жазып қойған хаттай қазыналы қариялардың бірі еді. Ол жастайынан көнекөз қариялардың айтқандарын көңіліне түйіп, көкейінде сақтаған, небір терең ойлы, астарлы да асыл сөздерді қалт жібермей, жаттап алып, қойын дәптеріне түсіріп отырған. Содан да болар, талай жиында сөзден тосылмай, қызық хикаяларды, мәнді оқиғаларды мақамдап, шешен тілмен мәнерлеп сыр қылып шерткенде жұрт аузына қарап қалатын. Әсіресе, Тоқсан би, Шағырай шешен, Сегіз сері, Толыбай сыншы сынды осы өңірде өткен ғұламалардың ғибратты сөздерін мәніне келтіре айтқанда, тыңдаушылардың мейірін қандыратын. Балғожа ақсақал осы танымал тұлғалардың шешендік сөздерін, шежірелерін ел-жұртқа жаңа қырынан танытып, ауыз әдебиетімізге өз көмегін тигізе білді. Белгілі жерлес жазушыларымыз Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов елге қонаққа келген сайын Балғожа ақсақалмен кездесіп, әңгімесін тыңдап, дәмдес болатын.
Балғожа ақсақал ақындық өнерден де қаражаяу емес еді. Ол көзі тірісінде “Әсет – Әсия”, “Ақ бүркіт”, “Әлім мен Рәзия” атты ұзақ дастандар жазып, кейінгі ұрпаққа өшпес мұра қалдырды. Кезінде бұл дастандарды оқырмандар облыстық газет арқылы оқып, жылы қабылдағаны белгілі.
Айта берсек, Балғожа Кенжеғозин сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі атанған жан еді. Ол жігіт шағында құмай тазы, қыран бүркіт, жүйрік ат баптап, аңшылық, саятшылық өнермен айналысқан. Әсіресе, жүгірген аңға, бүркіт салуға өте құмар болған. Бала кезінен баптаған қыран бүркітімен жиі аңға шығып, сонау ашаршылық жылдарында ауыл жұртын аңқұстың етімен асыраған. Мұны білетін көнекөз қариялар көзі тірісінде талай әңгіме қылып, Балғожа ақсақалға алғыс сезімдерін арнап отыратын.
Балғожа Кенжеғозин – қартайған шағына дейін өз жұртының, өз ұрпағының қамқоршысы, ақылшысы бола білген жан. Оны өмірде атқарған ісінен де, артында қалдырған ізінен де айқын аңғаруға болады.
Жоламан ШАХАНОВ,
журналист.