Бұл күн кейбір тәртіп сақшылары үшін ерекше болғаны сөзсіз. Себебі, олар қызметтік формаларын сахналық киімге ауыстырып, жұмыс күнін қоғамдық тәртіпті қадағалауға емес, өнерін көрсетуге арнап, қатал ережені емес поэзия мен прозадан үзінді оқып, шығармашылық байқауда бақтарын сынады.
Облыстық ішкі істер департаменті Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай қызметкерлері арасында шығармашылық байқау өткізді. Облыс орталығындағы және аудандардағы ішкі істер құрылымдарының отыз шақты қызметкері қатысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, ақындардың, жазушылардың елдің тәуелсіздігі, азаттығы жайында жазылған өлеңдерінен, қара сөзге салмағын түсірген ойларынан үзінді оқыды. Құр мәнерлеп оқып шықпай, шығарманың мағынасына қарай шағын қойылымдар да көрсетілді.
Үш сағаттық жыр бәйгесінде бойларындағы талабын жыр кестесімен жеткізе білген тәртіп сақшыларының өнері мәнерлеп оқуына, сахнадағы жүріс-тұрысына және киіміне қарай бағаланды. Дүйім елдің алдына шығып өнер көрсетуге қобалжыса да, үрейлерін жеңе білді. Сол сәтте тәртіп сақшыларының әрқайсысы сахнаның киесін сезінгендей болды.
Байқаудың қорытындысында, бірінші орынға Елбасымызға арнаған “Еліміздің тірегі” атты төл туындысын оқыған мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкері, полиция сержанты Мейіржан Байжан мен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы дала ұлағаттары” еңбегінен үзінді оқыған Петропавл қалалық ішкі істер басқармасы екінші полиция бөлімінің тергеушісі, полиция лейтенанты Ернар Қожабек лайық деп танылды. Байқау барысында “Тілегі мен тілі бір”, “Таңдаулы шығарма”, “Сахна шебері”, “Көрермен көзайымы” сияқты аталымдарға лайықты өнерпаздар анықталды. Жүлдегерлер грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жалпы мерейлі жыл басталғалы бері облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдастыруымен 32 шара өткізілген екен.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.