«Қына – тастан, өнер – жастан», – демекші, жастардың театрға деген қызығушылығы бүгінде әртүрлі бағытта дамып келеді. Мәселен, өңіріміздегі жалғыз жоғары білім ордасы – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіндегі «Шаңырақ» театры өнерге бейім студенттердің қабілетін дамытуда. 2001 жылы құрылған мәдениет ошағы еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастарға небір тәрбиелік маңызы зор қойылымдар ұсынуда. Осы уақыт ішінде түрлі республикалық және облыстық байқауларға қатысып, жеткен жетістіктері де аз емес. Өткенге назар салсақ, театр 2010 жылы Алматы қаласында өткен республикалық фестивальде Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының жүлдесін жеңіп алды. 2016 жылы XII Дельфий ұлттық ойындарының қола жүлдегері атанды. Театрға әр жылдары Қажыбай және Шолпан Әйтібаевтар, Айнұр Бекманова, Әділжан Кәрімов жетекшілік етті. Ал 2022 жылдан бері жастардың актерлік қабілетін Қуаныш Берден шыңдауда.
– «Шаңырақ» деген сөздің өзінде қаншама мән-мағына жатыр. Біз осы театр арқылы әртүрлі факультетте, түрлі мамандықта оқитын студенттерді бір шаңырақ астына жинап, бастарын біріктіргіміз келеді. Олар түрлі байқауларға қатысқанда өз факультетінің емес, бүкіл университет намысын қорғайды. Өнерлі ұл-қыздар жыл сайын көрерменнің көзайымына айналып келеді. Олар қойылым қойғанда залда ине шаншар орын болмайды, –дейді «Шаңырақ» студенттер театрының жетекшісі Қуаныш Берден.
Театр – сондай-ақ өмірдегі шынайы қатынастарды түсінуге мүмкіндік беретін кеңістік. Әрбір қойылым – бұл өмірдің бір сәті, әрбір актер – сол өмірдің бір бөлігі, ал көрермен – оның куәгері. Жастардың бойына осыны сіңіретін театрда 25 студент өнер көрсетіп жүр. Ұл-қыздар сахнада түрлі рөлдерде ойнау арқылы өздерінің шығармашылығын шыңдап, топпен жұмыс істеу, өз пікірлерін айту дағдыларын дамытуда. Сонымен қатар театрда өнер көрсету арқылы студенттер әлеуметтік мәселелер мен қоғамдық құбылыстар жайында терең ойланып, ой-өрістерін кеңейтеді. Бұл олардың болашақта тек өнер адамы ғана емес, қоғамның саналы мүшесі ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
– Бала кезімнен сахнада жүргендіктен, ары қарай актерлік шеберлігімді шыңдау мақсатында осы театрдың құрамына кіруді жөн көрдім. Театрдың мүшесі болғаныма еш өкінбеймін, керісінше, жаңа орта, жаңа таныстықтың арқасында өзімді дамыта бастадым. Театрда біраз тәжірибе жинадым. Жетекшіміз бізге үнемі ерекше тренингтер өткізеді. Сол арқылы біздің актерлік қабілетіміз дамып, сахна мәдениетін үйрендік, анық әрі нық сөйлеуге дағдыландық, – дейді театрдың белсенді мүшесі Айшаби Бақтиярқызы.
«Шабытыңды шарықтат, сонда ғалам сен үшін бұрын қамал тұрған жерлерден жол ашады», – депті бір атақты ойшыл. Осындай мәдениет ошақтарының арқасында шабытын шыңдай алатын жастар өз сезімдерін, қоғамдағы маңызды мәселелерді көрерменге жеткізуді үйренеді. Ал «Шаңырақ» сияқты театрларда алған тәжірибелері болашақта ел танитын жұлдыз болуларына септігін тигізеді.
Назерке НҰРПЕЙІС,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.