«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕР ҰЛТҚА БӨЛІНБЕЙДІ

Суретші болу бала күннен бер­гі арманым еді. 1977 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының сәулет факультетін тамамдағаннан кейін Смоленск қаласында еңбек еттім. Бірер жылдан кейін туған жерім – Петропавлға қайта оралып, жобалау институтында жұмыс істедім. Петропавл қаласының бас сәулетшісі қызметін атқардым. Зейнет демалысына шыққаннан кейін бала күнгі арманым – сурет салуға ден қойдым.

Менің аталарым қазақ жеріне 1900 жылдардың басында келді. Содан бері қаншама ұрпақ ауысты, бұл жер біздің құтты мекенімізге айналды. Мен Қызылжар өңірінің әсем табиғатын, бейбіт өмірдің әдемі шақтарын бейнелегенді ұнатамын. Жасыл желекке оранған, көлмен кестеленген, арудай арайланған өңіріміз кез келген суретшінің қиялына қанат бітіріп, шабыттандырады. Сонымен қатар бас шаһардың бұрынғы және қазіргі сәулетін қағаз бетіне түсіремін. Күйбің тірліктің жетегінде жүрген жерлестерімді әр үйдің, көшенің кешегі және бүгінгі тарихымен таныстырғым келеді. Бұл өскелең ұрпақтың туған өлкені тереңірек тануына үлес қоссам деген ойдан туындады. Осы күнге дейін 500-ден астам картина салдым, бірнеше сурет көрмесін өткіздім.
Бүгінгі таңда Достық үйінде зейнет демалысына шыққан жандарға сурет салуды үйрете­мін. Үйірмеге келетін жиырмаға жуық зейнеткер түрлі этностың өкілі болғандықтан, олардың өздеріне тән ерекшеліктері қылқаламды ұстауынан-ақ танылады.
Жалпы қазақтың сәулет және бейнелеу өнерінде өзіне тән ерекшелік бар. Мәселен, қазақ сәулет өнеріне кеңдік пен ашық кеңістік тән. Қала құрылысында демалыс саябағының ат шаптырымдай аумақты алуы, үйдің кең болуы ұлттың болмысын танытады. Ал суретшілерде түстерді үйлестіру әдісі сақталған. Қызыл немесе жасыл түстің жүзге жақын түрі болса, қазақ суретшілері оларды бір-бірімен әдемі үйлестіреді. Ал батыс пен еуропалық суретшілер бірнеше түсті қатар қолданады. Осыған қарап, оларда азиялық әдіс кең тарағанын аңғаруға болады. Мысалы, қазақстандық Жаңатай Шарденов қылқаламы сырлы бояуға тұнған пейзажист суретші еді. Шығармашылығының алғашқы кезеңінде ол туындыларына “Шарден” деп қолтаңба қалдырып отырған. Бұған себеп суретші тегінің француздың ұлы суретшісі Симон Шарденмен ұқсастық табуында еді. Жаңатай бояуды кенепке өте қалың етіп жаға отырып, отандық бейнелеу өнерінде эксперимент жасап, батылдық танытқан алғашқы суретші болатын. Онда қылқаламның айқын іздерін түсіру арқылы рельефті кескіндеме жасап, жарық пен көлеңкенің үйлесуінен оларға үздіксіз динамикалы қозғалыстың әсерін беретін. Ол салған картинаның бетін сипап, онда бейнеленген қайыңды ұстап көргің келеді.
Қазір заман ағымына қарай қазақтың киізі бейнелеу өнерінің жаңа бір түрін қалыптастырды. Бір жолы сурет көрмесінде киізден басылған картинаны көрдім. Алғашында қандай бояумен салынғанын түсіне алмай біраз қарап тұрдым. Сосын жақындап барып, саусағымның ұшымен сипағанда киіз екенін түсіндім. Қыстың көрінісі тамаша бейнеленген. Қызарып батқан күн, кешқұрым шақ керемет әсерге бөледі. Қызылжар өңірінің тумасы Евгений Печерский де сурет салудың осы бір түрін меңгеріп, қазір киізден басылған картиналарды ұсынуда.
Ал Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Евгений Сидоркиннің есімі бейнелеу өнерінің парқын білетіндерге жақсы таныс. Суретшінің шығармашылық мұрасы – қазақтың ұлттық өнері мен дәстүрін, тарихы мен әдебиетін терең зерттегендігін көрсетеді. Ол қазақтың ертедегі және жаңа тарихын бей­нелеуде шабыттың қайнар көзін халық аңызынан, көркем әдебиеттен алды. Нәтижесінде қазақ халқының өзіндік мәдениеті оның өнерінің ажырамас негізіне айналды. Евгений Сидоркиннің картинасына қарап тұрып, қазақтың болмысын тереңінен таныған суретшінің шеберлігіне таңғаламын. Картинасында кетіп бара жатқан адам бейнеленсе, оның ту сыртынан қарап тұрып, қазақ екенін танисың.
Осыдан-ақ, өнерде шекара жоқ екенін түсінесің. Өнер ұлтқа, тілге, дінге, ділге бөлінбейді. Мейлі, ол музыка, кино, театр немесе бейнелеу өнері болсын, бір ұлттың туындысының екіншісіне жаттығы жоқ. Ал көпэтносты қазақ жерінде өнер адамдары бір-бірін таныған сайын керемет туындыларды өмірге әкелуде. Студент кезімізде түрлі этностың өкілі туыстай болып араластық. Көптеген сәулетшілер мен суретшілерге шығармашылық кезінде осындай жылы қарым-қатынас оң әсер етті. Елімізде түрлі мәдениеттің дамуы, өнердің өріле өрбуі бірлік пен татулықтың айқын белгісі емес пе?!

Александр ЛИСТОПАДНИЙ,
суретші, “Қазақстан орыс қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp