
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыс орталығындағы құрылыс нысандары мен кәсіпорындарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Алдымен “Жас өркен” шағынауданында бой көтеретін төрт көпқабатты тұрғын үйдің жоспарын көрді. Оның екеуі – қалалық әкімдіктің тапсырысы бойынша бюджет ақшасына, қалғаны “Альфа-Север” ЖШС-нің өз қаражаты есебінен салынады. Сондай-ақ, мұнда 17 қабатты үй бой көтермек. Қала әкімі Болат Жұмабековтің айтуынша, қазіргі таңда Горький көшесіндегі ескі баспаналар сырылуда.
– Биыл Петропавл қаласында 30 көпқабатты тұрғын үй салынады. Соның ішінде мемлекет қаржысы есебінен он екі үй бой көтереді. Алға қойған жоспарларымыз ауқымды. Биыл өңірде барлығы 300 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілуі керек, – деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов облыс орталығындағы кейбір жер үйлер өткен ғасырдың ортасында салынғанын, сол себепті оларды орталық жылу, кәріз және ауызсу жүйелеріне қосу мүмкін емес екенін айтты. Сондықтан олардың орнына әсем де зәулім баспаналар тұрғызуға баса назар аударылған. Жалпы, қалада 1200 көпқабатты, 14 мың жер үй бар. Жер үйлерде қала тұрғындарының 20 пайызы тұрады. Әкім “Жас өркен” шағынауданында жаңадан бой көтеретін үйлердің тұрғындары үшін ыңғайлы жағдай жасалғанын, тіпті, тегін автотұрақ салынатынын да хабарлады.
Өңір басшысы Киров зауытындағы құрылыс барысымен де танысты. Кәсіпорын аумағында сырылып жатқан ескі ғимараттың орнына жаңа өндірістік корпус салынбақ. Алты мың шаршы метр аумақта электронды цех жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, Құмар Ақсақалов “PP Solutions” ЖШС-інде болды. Кәсіпорын директоры Болатбек Юсупов датаорталық іске қосылатынын айтты. Мұнда электронды ақпараттар базасы жинақталады. Яғни, аталмыш кәсіпорын болашақта сандық мұрағат қорын өңдеумен және сақтаумен айналысады. Орталықта заңды тұлғалар ғана емес, кез келген адам электронды мұрағат қорын сақтай алады. Теңдессіз жобаның алғашқы кезеңі 2021 жылы іске қосылмақ. Қазір инвестор бұрынғы Калинин зауытының ескі ғимаратын қалпына келтіруде.
Өңір басшысы ат басын бұрған соңғы нысан – “Рахат Опт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бірер жыл бұрын іске қосылған кәсіпорын қарақұмық, бұршақ, тары сияқты бірнеше өнім түрін шығарады. Әсіресе, қарақұмық өндірісіне екпін қойғанын атап өткен жөн. Өңір тұрғындарының сұранысын қамтамасыз етіп отырған зауыт өнімдерінің бағасы да қолжетімді. Өткен жылы өңірде 1,8 мың гектар алқапта қарақұмық өсірілсе, биыл егістік алқабы 5 мың гектарды құраған. Сондықтан серіктестік шикізаттан тапшылық көрмеуі тиіс.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.