Кеңестік кезеңде бәріміз білім алған мектептерде қазақтың тарихын пышақтың қырындай ғана “Қазақстан тарихы” оқулығындағы деректерден оқып, сонда баяндалған оқиғаларды ғана сипаттауға басымдық беріліп еді. Тіпті, кейде осынау кең-байтақ даламыздағы тіршілік белгісі Қазақ хандығы құрылған кезден ғана басталғандай қабылданатын. Ол аздай, қазақ көзін ашқалы басқыншылық пен зорлық-зомбылықтан бас көтермеген, жаулап алмақ болғандармен соғысып өткен, одан қала берсе, ғылым мен білімнен алыс қалып, тек мал бағып, көшіп-қонып жүрген халық ретінде көрсетіліп келді.
Енді мұндай олқылықтардың орнын толтырып, тарихи сананы жаңғыртар сәт туды. Өйткені, бүгінде тәуелсіз Қазақстан экономикасы қуатты, тұрақты даму жолына түскен, әлемдік көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы легінен орын алуға ұмтылған, өзіндік ұстанымы мен көзқарасын еркін білдіре алатын мемлекетке айналды. Біздің ендігі межеміз – осы бағыттан жаңылмай, өткеннен өнеге ала отырып көздеген мақсаттарымызға қол жеткізу. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласын жариялап, ұлт тарихын танып-білудің жаңа кезеңін бастап беріп отыр. Стратегиялық сипатқа ие бұл мақала көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдауға шақырады. Яғни, әлемдік өркениетке қосқан үлесімізді қайтадан зерделеп, жаңаша дәріптеуге үндейді. Мәселен, Елбасы айтқандай, жылқының қолға үйретілуінің өзі әлемдік дамуға орасан зор әсер етті. Ол біздің өңірдегі Ботай қонысындағы археологиялық зерттеу нәтижесінде ғылыми тұрғыда дәлелденген.
Әлемнің қарыштап дамуына әсер еткен ең маңызды оқиғалардың тағы бірі – металлургия өндірісі. Адамзат қола, мыс, темірден бастап, алтын, күміске дейін өндіруді көне замандардың өзінде-ақ игеріп, игілікке жаратты. Біздің Ұлы даламыз ірі өндіріс ошақтарының бірі болғаны да көкейге қуаныш ұялатады. Жылқының қазақ жерінде қолға үйретілгенін ескерсек, металл өндірісінің де бізден басталуын заңды құбылыс деп қабылдаймыз. Себебі, ат әбзелдерінің ішіндегі үзеңгі, ауыздық, таға сияқты бұйымдар металдан жасалады. Осының өзі біздің ата-бабаларымыздың темірден түйін түйгенін айқын дәлелдеп тұр. Біз алтынды өндіріп қана қоймай, оны тұрмыстың барлық саласында кеңінен қолданып, күнделікті өмірімізбен біте қайнастыра білген халықпыз. Ол үшін Есік қорғанынан табылған “Алтын адамды” айтсақ та жеткілікті.
Елбасы өз мақаласында “Ұлы дала” төсінің күллі түркі дүниесінің атажұрты саналатынына, бүгіндері әлемдік өркениеттің ажырамас бөлігіне айналған алма мен қызғалдақтың да “тарихи Отаны” қазір біздер өмір сүріп отырған қоныс екеніне айрықша назар аударған. Бүгінде ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуды мақсат тұтқан Қазақстан әлемдік өркениетке не берді деген сауалға ауыз толтырып айтатын жауап осындай. Яғни, қазақ даласы – адамзат өрлеуінің қайнар көзі. Демек, біз тарихымызды қайғы-қасіретпен, жаугершілік заманмен және үрейлі жылдармен ғана емес, бүгін өзіміз бір бөлшегі болып отырған әлемнің қалыптасуына, ғылым мен білімнің дамуына, өркениеттің өріс алуына сүбелі үлес қосқан халық екенімізбен байланыстыруымыз қажет. Мұның барлығы қазақта ғылымның, зиялы ортаның және жоғары мәдениеттің болғанын көрсететін басымдықтар болып саналады. Осыны басшылыққа алып, бүгінгі кейбір стереотиптерді бұзып, жаңаша ұғым, көзқарас қалыптастыруымыз керек. Дәл біздің даламыздан бастау алған мәдениеттердің игілігін әлемнің әлі күнге дейін көріп отырғанын дәріптеуіміз қажет.
Мұндай қадам “Ұлы даланың” тарихын тым тереңнен бастап, бірнеше мың жылды қамтуды талап етеді. Сондықтан түркі дүниесімен бірге ғұндар мен сақтарға дейінгі тарихымызды тыңғылықты зерттеп, зерделегеніміз абзал. Мемлекет басшысы осы бағыттағы басымдықтарды айқындап, мақалада “Архив – 2025”, “Ұлы даланың ұлы есімдері”, “Түркі әлемінің генезисі”, “Ұлы даланың ежелгі өнер мен технологиялар музейі”, “Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы”, “Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі” сияқты нақты жобаларды жүзеге асыру керектігін атап өткен. Бұлардың әрқайсысы біздің тарихымыздың жаңа парақтарын ашуға мол мүмкіндік береді. Себебі, Ресей мен Қытай архивтерінің өзінде “Ұлы дала” тарихына қатысты мыңдаған жылдардың жылнамасы сақтаулы екенін бәріміз білеміз. Сонымен бірге мұндай тың бастамалардың түркі әлемін одан әрі біріктіре түсетін тиімді тетік екенін де атап өткен жөн.
Осындай игі істер тарихи санамызды жаңғыртып, өткенімізді тағы бір ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді. Ал тарихи сананы жаңғырту – ұлттық сананың оянуына, оның жаңа заман талаптарына сай қалыптасуына жол ашады. Ең бастысы, біз, “Ұлы далада” өмір сүріп отырған бүгінгі халық, өзімізді адамзат өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан өр тұлғалардың ұрпағы және мәңгілік дамуға тың серпін берген мәдениеттің мұрагері екенімізді сезіне білуіміз керек. Елбасы жаңа бағыттарды анықтай отырып, оларды жүзеге асыруда заманауи технологиялар мен ғылымның соңғы жетістіктерін кеңінен пайдалануға назар аударған. Бұл – тарихтан тағылым ала отырып, бүгінімізді болашақтың талаптарына сай бейімдеуге бастайтын негізгі құрал болып саналады.
Алдымызда тұрған ендігі міндет – Елбасы анықтап берген сол басымдықтарды іске асыруға қоғам болып жұмылу. Бұл ауқымды жұмысқа мемлекеттік органдармен бірге саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар және қоғам белсенділері атсалысып, өз үлестерін қосса, көздеген мақсатқа қол жеткізу жеңілдейтіні анық. Ең бастысы, науқаншылыққа бой алдырмай, ел дамуы мен тарихымызды танудың жаңа кезеңі жолында әрқайсымыз аянбай еңбек еткеніміз абзал.
Қазақстан Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Елбасының “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласындағы айқындалған міндеттерді жүзеге асырудың ауқымды жоспарын дайындауда. Академияның облыстық филиалы ретінде біз де оған өз үлесімізді қосатын боламыз. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында біздің филиалда өңіріміздегі 877 мемлекеттік қызметші біліктілігін арттырды. Оқудың сапасын жақсарту мақсатында сабақтарға әртүрлі деңгейдегі басшылар, тәжірибелі мемлекеттік қызметшілер тартылады. Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау бағдарламасында рухани жаңғыру тақырыбына басымдық берілген, соның нәтижесінде тыңдаушыларымыз еліміздің тарихы, мәдени құндылықтары жайында көптеген тың деректер алды.
Мемлекет басшысының бастамалары, шын мәнінде, еліміздің тарихы, ғылымы мен руханияты дамуының жаңа белесіне жол ашады. Осы арқылы қоғамдық ой мен сана жетіледі, мемлекетшілдік пен отаншылдық идеясы жаңғырады, ұлттық сәйкестік пен береке-бірлік орнығады. Бұл, әсіресе, біздің ғалымдар мен тарихшылар, оқытушылар, мемлекеттік қызметшілер үшін зор мүмкіндік деп ойлаймыз. Біздің міндетіміз мақалада көтерілген бастамалар мен міндеттерді ойдағыдай орындап, халықты, қоғамды осы мақсатқа бір кісідей жұмылдыру болмақ.
Лаура ҚАЙЫРЖАНОВА, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының директоры, РhD докторы.