Есіл ауданындағы Николаевка ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Қосынның ашылу салтанатына қатысқан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев былтыр облыс аумағында орын алған өрт оқиғаларының себептеріне тоқталып, тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
“Кантемир-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында құрылған қосынға стационарлық телефон байланысы орнатылып, “АЦ-40” өрт сөндіру автокөлігі берілді.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ашылған қосынның қызметкерлері ауыл шаруашылығы алқаптарын өрттен қорғау және тілсіз жаудың алдын алу жұмыстарын жүзеге асырмақ. Сондай-ақ, жауапты аумақта орын алған төтенше жағдайлардың салдарын жойып, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсететін болады.
Шара соңында ауыл тұрғындары қауіптің бетін қайтаратын бекетті ашуға қолдау көрсеткен жергілікті атқарушы органның, департаменттің және серіктестіктің басшылығына алғыс айтты.
Евгений ЖУРАВЛЕВ, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мемлекеттік тіл және ақпарат тобының жетекшісі.