«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТІНІШТЕР НАЗАРҒА АЛЫНДЫ

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ерік Сұлтанов қоғамдық қабылдау өткізіп, жеті азаматтың өтінішін тыңдады.

“Журавушка” саяжай серіктестігінің мәселесін көтерген қала тұрғыны Клара Глушаеваның айтуынша, “Қазсушар” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының “Есіл су” филиалы бір текше метр судың құнын 680 теңгеге бағалаған көрінеді. Ал бұл бағаны саяжайшылардың қалтасы көтермейді. Алайда, тарифті Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлiгi Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау комитетiнiң Солтүстiк Қазақстан облысы бойынша департаментi бекіткен. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов осындай мәселе мал және өсімдік шаруашылығында да туындап отырғандығын жеткізді. Саяжайшылар тұтынатын судың бағасын облыстық бюджет қаржысынан субсидиялау арқылы арзандатуға тағы болмайтындығын түсіндірген өңір басшысы бүгінде қолдан келер амал Үкіметке хат жазу екенін ашық айтты.

Үстіміздегі жылы “Жас Отан” жастар қанаты облыс орталығында Петропавл қаласының футболдан ашық біріншілігін өткізіп жатыр. Өңіріміздегі футбол қозғалысын дамытуға арналған турнирге Петропавл қаласындағы және аудандардағы әуесқой футбол командалары қатысуда. Сонымен қатар, Петропавл қаласы кубогын өткізу де жоспарланған. Алайда, біріншілікті қорытындылау үшін 1 млн. теңге ақша қажет. Бұл қаржы судьяларға төлеуге және “Жастар” стадионын жалдауға жұмсалатындығын жеткізген Евгений Кузьминнің өтінішін тыңдаған өңір басшысы Ерік Сұлтанов мәселені шешуді қала әкімі Марат Тасмағанбетовке тапсырды.

Ал Қызылжар ауданының Вагулино ауылының тұрғыны Альфат Хабибуллинге мал шаруашылығын дамытуға жайылымдық жер қажет екен. Бүгінде етті бағыттағы 140 бас ірі қара өсіріп отырған кәсіпкер ауыл маңында бос жатқан жердің бар екендігін тілге тиек етті. Кәсіпкер көз тіккен жерді “СБИ-Агро-Ташкентка” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 49 жылға жалға алғанымен, бүгінде банкротқа ұшыраған. Ал оның иелігіндегі бүкіл жер екінші деңгейдегі банктерде кепілдікте тұр. Осы орайда облыс әкімі Ерік Сұлтанов қазіргі таңда Вагулино ауылының маңында бере қоятын жердің жоқтығын айта келе, кәсіпкердің мәселесі назарда болатындығын жеткізді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp