Өңірдегі өзен-көлдерде балықтарды көбейту үшін биыл сиг және тұқы тұқымдас су жануарларының 36 млн. 510 мың дана дернәсілі су қоймаларына жіберілмек. Жұмыс екі кезең бойынша атқарылады, оның алғашқысы Петропавл балық тәлімбағында жүргізілуде.
Кәсіпорында жауапты кезең басталды. Арнайы ыдыстарда сиг балықтарының уылдырықтары өсіріліп жатыр. Нәтижесін көру үшін барлық тиісті технологияны қолданып, режімді сақтау қажет.
– Біздің тәлімбақ балықтардың уылдырығын зауыттық тәсілмен алып, қолдан өсіреді. Қазіргі уақытта біз сиг балықтарының уылдырығын инкубациялық кезеңнен өткізіп жатырмыз. Уылдырықты тәулік бойы назардан тыс қалдырмаймыз, әйтпесе еңбек еш кетуі мүмкін, – дейді инкубациялық цехтың меңгерушісі Анастасия Молоткова.
Сиг балықтарының инкубациялық кезеңі 6 айға созылады. Тәлімбақ жұмысшылары қараша айында қажетті уылдырықты әзірлеген. Бағалы материал алу үшін өңіріміздің, сондай-ақ, Ақмола облысының Щучье, Зеренді, Бурабай аудандарындағы көлдеріне барыпты. Нәтижесінде 110 млн. дана уылдырық дайындалды.
– Сәуір айында су +8 градусқа дейін жылынған кезде сиг балықтарының шабақтарын көлге жібереміз. Биыл сиг балығы бойынша 35,5 млн. шабақ өндіру жайлы мемлекеттік тапсырыс түсті. Оның 30 миллионы – Сергеев, қалғаны Петропавл су қоймасына жіберілмек. Осы мақсатқа бюджеттен 65 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражат екі кезеңде игеріледі, – дейді Анастасия Молоткова.
Екінші кезеңде тәлімбақ мамандары тұқы балығымен жұмыс істемек.
– Тұқының уылдырығын алу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, ол өзімізде жеткілікті. Балық қыстап шығу үшін арнайы тоғанда ұстаймыз. Мамыр айында, судың температурасы +17,+18 градусқа жеткенде біз жұмысты бастаймыз. Қыркүйек айында уылдырығы өсіп, дернәсілге айналады, салмағы 12 грамға жеткен кезде су қоймаларына жібереміз, – дейді тәлімбақ қызметкері.
Өңірдің су қоймаларына қыркүйек айының соңында тұқы балығының 1 млн. 10 мың шабағы жіберілмек.
Айшагүл ӘШІМОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.