«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өңірлер арасы жақындай түсті

Бүгінгі таңда Петропавл қаласында “Мәңгілік Ел жастары – индустрияға”, “Серпін – 2050” әлеуметтік жобалары аясында еліміздің жұмыс күші артық оңтүстік облыстарынан келген бір мыңнан астам өрен білім алуда.

Өңірімізден оңтүстік облыстарға тура қатынайтын пойыздың болмауы салдарынан серпіндіктердің жол азабын тартып жүргендігі бұдан бұрын да бірнеше мәрте айтылған болатын. Парламент Мәжілісінің депутаты, “Нұр Отан” партиясы фракциясының мүшесі Кәрібай Мұсырман осы мәселені алға тартып, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке депутаттық сауал да жолдаған еді.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін министр “Қызылорда – Көкшетау” бағытындағы №55/56 жолаушылар пойызының маршрутын Петропавл қаласына дейін ұзарту туралы депутаттық сауалдың қарастырылып жатқандығын, 2017 жылдан бастап бұл мәселенің толық шешілетінін хабарлаған болатын.

Енді, күнара қатынайтын “Қызылорда – Астана” бағытындағы №75/76 жолаушылар пойызының Петропавл қаласына дейін келу мәселесі толық шешіліп отыр. Үстіміздегі жылдың бірінші ақпанынан бастап №75/76 “Қызылорда – Астана” жолаушылар пойызының бағыты Петропавл қаласына дейін ұзартылатын болды.

Петропавл темір жолы бөлімшесі Ресей Жол қатынастары министрлігіне қарайтыны белгілі. Облысымыздың тұрғындары осы жерден қазақстандық пойыздарға көрсетілетін қызмет бағасының басқа өңірлерге қарағанда қымбат екендігін айтып шағымданатын. Бұл мәселе де өз шешімін тапты.

– Петропавл темір жолында пойызға билет сату мәселесі халықаралық тарифтер бойынша жүргізіледі. Біз оны өзгерте алмаймыз. Бірақ сол жерден біз өз кассаларымызды аштық. Өзіміздің пойыздарымызға билеттерді өз тарифтеріміз бойынша сата бастадық, – дейді “Қазақстан темір жолы” Ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы “Жолаушылар тасымалы” акционерлік қоғамының бөлім басшысы Әбубәкір Смаилов.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp