«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРІМІЗДІҢ ЖАҢА БАСШЫСЫ – солтүстікқазақстандықтарға белгілі тұлға

27 мамырда Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулин жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болып, өңірдің жаңа әкімі Ерік Сұлтановты таныстырды. 

Облыс активімен кездесуде Нұрлан Нығматулин:  

– Самат Ескендіров біршама жұмыстар атқарды, алайда қызметтік әдептің және мемлекеттік тәртіптің орындалуын қадағалау ісінде кемшіліктер жіберді. Соның салдарынан бірқатар лауазымды тұлғалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұзушылыққа жол беріп, облыстық Құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы парамен ұсталды, облыс әкімінің орынбасарының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Осыған байланысты Самат Сапарбекұлы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа өзін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің қызметінен босату туралы өтініш берді. Елбасы отставканы қабылдап, оны өз Жарлығымен қызметтен босатты, – деді.

Содан кейін Нұрлан Нығматулин облыстық мәслихаттың келісіміне сәйкес Елбасының Жарлығымен тағайындалған облыстың жаңа басшысын жергілікті активке таныстырды.

– Сіздер Ерік Хамзаұлын жақсы білесіздер. Атқарушы биліктің өңірлік, орталық органдарында көп жылғы еңбек тәжірибесі бар. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды, Павлодар облысының бірқатар атқарушы билік органдарында, өндіріс орындарында еңбек етті, Көлік министрінің орынбасары, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, “Қазақстан темір жолы” Ұлттық компаниясының вице-президенті қызметтерін атқарды. Бұған дейін “Қазавтожол” Ұлттық компаниясына басшылық етті. Оны өзіне және қарамағындағыларға талап қоя білетін іскер және тұрғындармен жұмыс әдістерін жете меңгерген азамат ретінде танимыз. Ел Президенті жаңа әкім мен облыс активінің алдына экономиканың дамуын қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау, интеграциялық үдерістерді жандандыру, агроөнеркәсіп секторын жақсарту міндеттерін қойып отыр, – деген Нұрлан Нығматулин өңірдің жаңа басшысының облыс активімен және депутаттар қауымымен бірге Елбасының барлық тапсырмаларын мүлтіксіз жүзеге асыратынына сенім білдірді.

Облыстың жаңа әкімі Ерік Сұлтанов өзіне көрсеткен жоғары сенімі үшін Елбасыға алғыс айтып: “Мен осы өңірдің тумасымын. Осында жұмыс істедім. Көпшілігіңізді танимын. Бар күш-жігерімді, тәжірибем мен білімімді Елбасының Солтүстік Қазақстан облысының дамуына қатысты тапсырмаларын орындауға жұмсаймын”, – деді.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

  Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp