«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢ МЕН ТҮС

Қара аспан қақ айрылып, зымыран сы­нықтары жаңбырша жаууда… Тарс-гүрс… Ұшақтар көз ілеспес жылдамдықпен зу етіп аспанға көтеріледі де, төмен қарай құлдилап, жерге тиер-тиместен жарылады. Көзі атыздай болып, кереуеттен түсе алмай отырған мұны анасы қапсыра құшақтай ал­ды.

“Әкем қайда?”. Бір уақытта атыс-ша­быс сап тыйылып, сұр шинелі бар ер адам үйге кі­ріп келді. Сұңғақ бойлы, аққұба жігіт ба­ласынан көз алмай анадайдан үнсіз қарап тұр. “Әке, әкетай! Сені сағындым ғой!”. Үнде­мейді. Жақындамайды. “Әке!”. Тарс-тұрс, у-шу… Шошып оянды. Қара терге мал­шынған екен. Тұра бер­гені сол, біреу төбеден ұрғандай тарс еткен дыбыс шыққанда, тәлті­рек­теп қалды. Не болып кетті? Өң-түсін ажы­рата алмай, ке­реуетін жиектей жүріп, терезеге үңілді. Жаңажылдық отшашулар көпқабатты үй­лердің төбесін көмкеріп, түрлі- түсті жұлдыз­дардай самсаған сайын, төмендегілер шу ете түседі. “Мыналардың естері дұрыс па өзі? Жеті түнде жын ойнақ құрып”.
Әлгі түс ше?.. Жүрегі ноқташыға бой бер­ме­ген тентек құлындай тулай жөнелді. Әке бей­несін елестету үшін көздерін қайтадан жұма қойды. Сырттағы шудан түс көру түгіл, қайта ұйқыға бату мүмкін емес. 80 жасқа жеткенге дейін бірде-бір рет әке-шешесінің бейнесін өңінде түгіл, түсінде де көрмеген Сансыз­бай ақсақал таусыла күрсінді. Әкесі май­данға аттанғанда бұл жөргектегі сәби еді. Ал үш жасқа толғанда анасының ауыр дерттен көз жұмғанын кейін туысқандарынан естіген. Соғыстан кейінгі елдегі тұралаған тұр­мыс өз алдына, жетімдер үйінде көрген қор­лығы, асырап алған туыстарының әлім­жеттігі, олардан қашып кеткеннен кейінгі адам төзгісіз өмірі өзіне ғана аян.
Кейін жоғары білім алып, қызмет етіп, отба­сын құрып, жұрт қатарлы өмір кешті. Қыз­мет бабымен басқа қалаларға барған са­йын кітап сатып алатын әдеті болатын. Ұлы классиктер­дің көптомдық туындылары, шетел әдебиеті дейсіз бе, тіпті, Маркс пен Энгельстің еңбектерін де сатып ала берген ғой. Жас кезде кітап оқуға уақыт табылған ба?! Өмір бойы жинаған бұл байлығын зейнет демалысына шыққан соң қыстың ұзақ кештерінде ермек етермін деп ойлады. Алайда, тағдыр кімнің жоспарымен санасқан, зейнеткерлік демалысқа шығар-шықпастан миына қан құйылды. Қимылы шек­телді, сөзден жаңылды, төсекке та­ңыл­ды. Кейде баспаханадан шыққан бойы тірі жан парақтамаған кітаптарды әрі-бері ау­дарып қарайды. Сарғайған беттердегі сан­сыз әріп­тер мұны мазақ қылатындай: бірде шеру құрады, бірде бытырап қашады.
Қаракөлеңкеде өткен өмірін еске алған қарияның ойы кітаптарға ойысқан кезде баяғыда солардың біріне жаңа аяқ киім алу үшін еңбекақысының тең жартысын салып қойғаны есіне сап ете түсті. Төсегінен атып тұрған қарт енді қалың көрпенің астында алаңсыз ұйықтап жатқан кемпі­рін жұлқылай бастады. “Кітаптардың қалға­нын қайда қойдың? Маған барлығын дәл қазір тауып бер!”. “Бар болса, қайда қашар дейсің, таң атсын, табылады”, – деп кемпірі сабырға шақырды.

 

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,  “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp