«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБАЙДЫҢ МҮСІНІН ЖАСАДЫ

Петропавл қаласындағы “ЕС-164/3” түзеу мекемесінде жазасын өтеуші ұлы Абайдың мүсінін жасады. Бір қызығы, Қайрөш Айтбаев бостандықта жүргенде мұндай іспен мүлде айналыспаған. Тар қапаста күтпеген жерден бойындағы беймәлім қабілеті ашылған мүсінші түрмеден шыққасын шеберхана ашуды армандайды.

Қайрөш Айтбаев осыдан бірер жыл бұрын күнкөріс қамымен Петропавлдың іргесіндегі ауылдардың біріне көшіп келген. Айрандай ұйып отырған отбасы еді. Өкінішке қарай, Қайрөш біреумен төбелесіп, ауыр дене жарақатын салғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылған. “Әйелім екеуіміз қыз тәрбиелеп отырмыз. Көзімнің ағы да, қарасы да сол. Ауылда тұрғанда мектепте түрлі шаралар ұйымдастырылатын. Әсіресе, жаңа жыл мерекесі қарсаңында алаңда қардан түрлі мүсіндер жасайтынбыз. Ата-аналармен бірге мен де баратынмын, көмектесетінмін. Қардан басқа заттан мүсін жасап көрген емеспін”, – дейді Қайрөш Айтбаев.
Ең алғашқы еңбегі – әділдіктің символы Фемида бейнесі. Жазасын өтеуші оған бір айдан артық уақытын арнағанын айтады. Салмағы – 3 килограмм, биіктігі – 50 сантиметр. Ешқандай өлшемсіз, тек кеңсе пышағының көмегімен жасалған мүсіннің барлық өлшемдері қатаң сақталғанына қарап таңғаласың. Ал Абайдың мүсінін небәрі үш күнде істеп шыққан. “Абайдың бейнесін де гипстен жасадым. Суретін кітаптан тауып алдым. Онда ақын сол жағына қарап тұр. Мен мүсінін тура қаратып қойдым. Енді әл-Фарабиді жасағым келеді. Тек жақсы суретін тауып алуым керек”, – дейді мүсінші.
Петропавлдағы “ЕС-164/3” түзеу мекемесінде үш жүзге тарта адам жазасын өтеп жүр. Сотталғандарды өнерге баулуға арналған түрлі үйірмелер жұмыс істейді. “Бұған дейін түзеу мекемесінде 3 секция жұмыс істеп келген. 2019 жылдың 20 тамызында Ішкі істер министрінің 508-ші бұйрығына енгізілген өзгертулерге сәйкес қолданбалы өнер және шығармашылық көркемөнер үйірмелері жұмысын бастады. Оған 17 адам қатысып жүр”, – дейді Петропавл қаласындағы “ЕС-164/3” түзеу мекемесі бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рүстем Рахметов.

Эльмира КӘЛЕНОВА.


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp