
Ұлы ойшыл, ғұлама ақын, ағартушы Абай Құнанбаевтың мол мұрасының бірі – қарасөздері. Қашан да өміршең мұра кешегі күннің де, бүгінгінің де, тіпті болашақтың да тамырын дөп басады. Абайдың туғанына 170 жыл толуына орай 12 сериядан тұратын “Ақылдың кілті. Өмір дастаны” телетуындысы түсірілген болатын. Оның тұсаукесері 2015 жылғы 10 желтоқсан күні Қазмедиа орталығының киноконцерт залында өтті.
Абайдың қарасөздерінің мазмұнын, түрлі отбасының, ХІХ ғасырдың, ХХ ғасырдың 40-шы және 90-шы жылдарындағы үш ұрпақтың өмірін қамтитын “Ақылдың кілті. Өмір дастаны” телехикаясы 9 қаңтардан бастап “Хабар” телеарнасы арқылы сағат 16.00-де көрсетіле бастады.
Бүгінгі ұрпаққа берер тәлімі мол, тағылымы терең ғажайып туындыны сомдаған актерлердің ішінде біздің жерлесіміз, Мамлют ауданындағы Бостандық ауылының тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асылболат Смағұлов та бар. Ол бұған дейін 4 сериялы “Елім-ай” телефильмінде басты рөлді (жазушы Мәди) бейнелеген болатын.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: телеэпопеяда басты рөлді сомдаған актерлер (оңнан солға қарай екінші – А.Смағұлов).