
“Абай – біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз”, – деп Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, бас ақынымыздың мұрасын сақтап, оны насихаттау – азаматтық парызымыз.
Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай “Абай өлеңдерін жатқа оқу” эстафетасы жарияланғандығы баршамызға мәлім. Абай мұрасын тіліміз шыға бастағаннан-ақ оқып-біліп, бойымызға сіңіріп келеміз. Дегенмен, ақын шығармаларының тереңіне үңілсек, оны жаңа қырынан тани аламыз.
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында да ақын мұрасын насихаттауға арналған көптеген іс-шаралар қолға алынған.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтен ұлы ақын шығармаларын жатқа оқу эстафетасын қабылдаған мектеп басшысы Ержанат Бәкіров оны мектеп оқушыларына, ұстаздарға, ата-аналарға жолдады. Содан кейін 6-сыныптың оқушылары “Абай мұрасы – асыл қазына” атты әдеби-музыкалық кешке қатысса, 10-сынып оқушылары “Абай – дана, Абай – дара” атты диалог алаңын ұйымдастыруға атсалысты. Сондай-ақ, мұғалімдер “Ақын мұрасының жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқытудағы тиімділігі” тақырыбында іс-шаралар өткізді.
Оқушының сабақтан тыс уақытта өзіне пайдалы жұмыстармен айналысуы оның тіл мәдениетінің дамуына, танымының кеңеюіне әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан бос уақытымда көркем әдебиет, танымдық кітаптарды оқи отыра, дүниетанымымды жетілдіремін. Зерттеушілік қабілетті арттыруға мүмкіндік беретін ғылыми жобалар байқауына тақырып таңдаған кезде, ойыма бірден Абай шығармашылығы келді. Осылайша, ғылыми жоба арқылы ұлы ақынның білім мен ғылым тақырыбындағы толғауларын ой елегінен өткізіп, зерделеуге шешім қабылдадым. Ұлы ойшыл өзінің шығармаларында адамгершілік пен имандылыққа, оқу-білімге, әлемдік өркениетке көп көңіл бөлген. Оның әрбір көркем дүниесінен кешегі қазақ халқының бейнесі мен қазіргі қоғам келбетінің арасындағы үндестікті көруге болады. Оны зерттей жүріп, Абайдың даналығына, көрегендігіне, пәлсапалық ойларына деген қызығушылығым арта түсті. Ұлы дананың білім мен ғылым тақырыбындағы шығармаларының өзектілігін, бүгінгі таңдағы жас ұрпақ, яғни біздер үшін зор маңызын ұғындым.
Жоғарыдағы тәжірибелік жұмыстардың нәтижесінде қазіргі қоғамдағы ақын мұрасының өзектілігіне көз жеткізуге болады. Бір сөзбен айтқанда, жоба жазу барысында қазіргі бәсекеге қабілетті қоғам құру жайлы ұлы ақынның білім-ғылым тақырыбындағы шығармаларында кеңінен айтылғанын түсіндім.
Оның: “бес нәрсеге асық бол”, “өнерпаз болсаң арқалан”, “білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез”, “ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек”, “болмасаң да, ұқсап бақ”, тағы басқа даналық ойлары – біз үшін таптырмас қазына, өмір сүрудің темірқазығы іспетті.
Абай Құнанбайұлы:
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының.
Жалғыз қалдым – тап шыным, – деп өз заманында ел-жұртына өкпе-ренішін білдірген болатын. Бірақ қазіргі қоғамда білім-ғылымның маңыздылығын терең ұғынатын жастар осы мәнді де мағыналы ойлардың түпкі мақсатын жете түсінеді деп айтуға болады.
Аға толқын еліміздің жарқын болашағына балап, үлкен сенім артып отырған өскелең ұрпақ Абай Құнанбаевтың мұрасын біліп қана қоймай, оның өміршеңдігін ұғынуы тиіс.
Сабина ТАСТЕМІР,
Әбу Досмұхамбетов
атындағы облыстық дарынды
балаларға мамандандырылған
гимназия-интернатының
10-сынып оқушысы.