«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБАЙЛАҢЫЗ, АЛАЯҚТАР!

Петропавлдағы Абай көшесінде орналасқан 45 және 47 үйде тұратын зейнеткерлерге қатысты алаяқтық фактісі анықталды.

Өздерін “Қызылжар су” ЖШС-інің қызметкерлеріміз деп таныстырған үш ер азамат егде жастағы тұрғындарға арзан тауарды қымбатқа сатып жібермек болған. Су тазалауға арналған сүзгінің арзан емес екендігі белгілі. Сапалы құрылғының нарықтағы бағасы 120 мыңнан 180 мың теңге аралығында. Алаяқтар солардың орнына арзанын сатып, зейнеткерлер сан соғып қалуда. Мәселен, жалғызбасты 87 жасар қала тұрғыны Анвар Рахматуллин осындай пысықай жігіттердің алаяқтығынан екі мәрте зардап шеккен.  

Облыстық полиция департаменті мамандары мұндай әрекет орын алған жағдайда зардап шегушілер алдымен сотқа арыздануы қажет деп отыр. Өздерін “Қызылжар су” кәсіпорнының қызметкерлеріміз деп таныстырғандар мойындарына бейдж іліп алған. Бірақ аталмыш ЖШС-нің баспасөз хатшысы Марал Бектасованың айтуынша, бірде-бір қызметкерге мұндай құжат берілмейді.

“Мамандарымыз тек қызметтік куәлікпен жүруге құқылы. Егер олар тұрғын үйлерге шығатын болса, онда бұл жайында пәтер иелері кооперативі басшыларына ескертеміз”, – дейді ол.

Бұған қоса, “Қызылжар су” кәсіпорнының су тазартатын сүзгілерді сатумен мүлде айналыспайтынын айта кеткен жөн. Алайда, аталмыш ұйымға алаяқтардың сүзгі ұсынып жүргендігі туралы ақпараттар жиілеген. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp