“Сақтансаң, сақтаймын” дегендей, әр адам қауіпсіздік шараларын естен шығармағаны жөн. Жуырда улы саңырауқұлақты пайдаланған солтүстікқазақстандық бір отбасы опат болды.
Облыстық балалар ауруханасына Қызылжар ауданының Соколовка ауылынан тамақтан кейін өздерін нашар сезінген апалы-сіңлілі Олеся, Ксения және Татьяна Пономаренколар жеткізілді. Республикалық санитарлық авиация желісі бойынша реаниматолог пен токсиколог мамандар шақыртылғанымен балаларды аман алып қалу мүмкін болмады. Өкінішке қарай, №3 қалалық аурухананың жан сақтау бөлімінде олардың 32 жастағы анасы да қайтыс болды.
Биылғы күздің жылы әрі жауынды болуынан саңырауқұлақ ормандарда қаулап өсті. Марқұм әйел мен балалары ағаштың түбінде өсетін саңырауқұлақтың жалған томарқұлақ деген түрінен уланды деген болжам бар. Қазіргі таңда ас ретінде пайдаланылған саңырауқұлақтардың үлгілері сараптамаға алынып, сот-медициналық зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Осыған орай, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары саңырауқұлақ терушілерге абай болу қажеттігін ескертеді. Саңырауқұлақ теру барысында қауіпсіздік қағидаларын берік ұстанбаған жағдайда адам өлімі орын алуы әбден мүмкін екендігін естен шығармау керек.
Өңірімізде кездесетін улы саңырауқұлақтардың ең көп тараған түріне боз арамқұлақ, шыбынжұт және жалған томарқұлақтардың кейбір түрлері жатады. Бұл саңырауқұлақтардың құрамында бауыр мен бүйрекке ауыр зақым келтіретін улы заттар бар. Саңырауқұлақты көше саудагерлерінен сатып алған кезде де абай болған жөн.
Ал жүрек айнуы, әлсіздену сияқты уланудың алғашқы белгілері пайда болғанда, тез арада дәрігерге көріну керек.
Светлана ОБЕЗИНСКАЯ,
облыстық орман шаруашылығы және
жануарлар дүниесі аумақтық
инспекциясының бас маманы.