Тайынша ауданының Қарағаш ауылында оқыс оқиға болды. Аудандық полиция бөліміне ол туралы хабар кешкі сағат 17.00 шамасында түседі. Ауыл сыртындағы жергілікті шаруашылықтың шөп қорасының аумағында К-700 тракторының жүргізушісі көлікті абайсызда аударып алған. Оқиға орнына бірден жедел тергеу тобының мамандары аттанып, істің мән-жайын анықтады.
Механизатор тракторымен сүрлем шөп шұңқырының қасында жұмыс істеп жүріп, абайсызда техниканы аударып алған. Аударылған кезде кабинасы жапырылып қалған. Кабинадан шығару кезінде 43 жастағы трактор жүргізушісі көз жұмды. Бұл оқиға сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне “Еңбек қорғау ережелерінің бұзылуы” бабы бойынша енгізілді. Бірқатар сараптамалар жүргізілмек.