«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБАЙ ЖАҚҚАН БІР СӘУЛЕ СӨНБЕУІ ҮШІН

Адамзат тарихындағы ұлы ой саңлақтары Гегель мен Канттың ілімдерімен сусындап, Қаныш Сәтбаев, Салық Зиманов, Шафиғ Шокин, Сақтаған Бәйішев сынды ғұламалардан дәріс алған, диалектикалық логика саласында қазақ ғылымының қазығын қаққан Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдин – ой-таным, дүниеауи толғамдар мен ақыл-пайымдар әлеміндегі ірі тұлға. Ол Абайды танудың ұлтымыз үшін маңызды екенін ерте түсініп, осы салада да талмай тер төгіп келеді.

– Алыстаған сайын биіктей түсетін тау сияқты заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, ұлы Абай тұлғасының аласармасы анық. Қайта уақыт ілгері озған сайын оның артына қалдырған бай мұрасы асыл тастай ажарланып, туған елін, ұрпағын биік шыңдарға жетелей береді. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан” деп аталатын еңбегін оқып шыққаннан кейін мен осындай ойға берілдім. Аға, өзіңіз қандай әсер алдыңыз?
– Біріншіден, Мемлекет басшысының жұмысының қауырттылығына қарамастан, уақыт тауып, Абай туралы ой-толғаныстарын қалың елге ұсынғанына қатты риза болдым. Терең мазмұнды, аса пайдалы, бағдарламалық мақсаты бар еңбек, абайтануға қосылған сүбелі үлес деп санаймын. Президент өзінің мақаласында біз үшін аса маңызды ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашатын ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мәселесін қозғап, бұл ретте Абайға жүгіну арқылы көп түйіннің шешімін табатынымызды тағы бір дәттеп отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлының: “Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бү­гін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абай­дың ой-тұжырымдары барша­мызға қашанда рухани азық бола алады. Сондықтан ұлтымызды жаңғыр­ту ісінде оның еңбектерін басшы­лыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн”, – деуі өте орынды.
Мақалада Абай сөзі­нің бүгінгі заманымыз үшін көкей­кестілігі, біздің еліміздің алдында тұрған ұлан-ғайыр міндеттерді шешудегі маңыздылығы жан-жақты ашып көрсетілген.
– Жабайхан Мүбәрәкұлы, осыған дейін Абай туралы талай кітаптар шықты ғой. Мақалаларда сан жоқ. Тіпті, айтылмаған сөз қалмаған да сияқты. Кезінде өзіңіз де Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты ойларыңызбен бөліскен болатынсыз. Бертін тағы бір кітап шығардыңыз. “Абай – гениальный мыслитель и гуманист” деп аталатын кітабыңызды айтып отырмын. Осы тақырыпқа қайта оралуыңыздың себебі неде?
– Бұл еңбекті біз – қызым, белгілі ғалым, Қазақстан Республикасы ғылым академиясының мүшесі Раушан Әбділдинамен бірге жаздық. Негізгі мақсатымыз – Абайдың ұлылығын, әлемдік деңгейдегі айтулы тұлға екенін дәлелдеу.
– Сонда қалай? Абайдың ұлы екеніне күмәнданушылар бар ма?
– Ондай адамдар бірен-саран кездесетін де шығар. Бірақ біздің халқымыз Абайдың кемеңгерлігін әлдеқашан таныған. Абайтанумен бізге дейін айналысқан зерттеушілер де, қазір осы тақырыпқа қалам сілтеп жүрген ғалымдар мен әдебиетшілер де қазақтың бас ақынының ұлылығына, гений екеніне күмән келтірмейді. Абай Құнанбайұлы – қазақ қоғамындағы дара тұлға, ғұлама ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырған данышпан адам. Оның өлеңдері мен қарасөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде баға­ланды.
– Жаңа Абайды ұлы дей отырып, гений дегенді қосып қойдыңыз. Бұл ұғым данышпан дегенді білдіре ме?
– Тура аударғанда, сөз арасында генийді данышпан десек, үлкен қателік болмайды. Бірақ философия ілімінде оның өз анықтамасы бар. Біз бұл ретте ХVIII ғасырда өмір сүрген неміс классикалық философиясының атасы саналатын Иммануил Кантқа жүгінеміз. Кант өзінің “Критика способности суждения” деген кітабында гений мен таланттың айырмашылығын мұқият, жан-жақты талдаған. Оның айтуынша, әрбір ұлтта бір ғана гений болады. Себебі, гений – бағыт-бағдар беруші. Былайша айтқанда, тыңға түрен салушы адам. Ал таланттар, дарындылар – гений ұсынған жолмен жүріп, тамаша нәтижелерге қол жеткізе алған тұлғалар.
– Жұрттың бәрі философ емес қой, арамызда Канттың еңбектерімен таныспағандар да аз емес. Ал бірақ соңғы кезде ұлы деген сөзді жиі қолданатын болдық. Екінің-бірін ұлы деп шыға келеміз. Осыған сіз не айтар едіңіз?
– Қай елде болмасын, қоғамға өлшеусіз еңбек сіңірген адамдар бар ғой. Тек олардың бәрін ұлы деуге келмейді. Көпшілік осыны түсіне алмай жүр. Ал шындығына келсек, біздің тарихымызда ұлы адамдар өте аз. Оларды тану үшін ұлылық пен таланттың, дарындылықтың ара-жігін ажыратып алуымыз керек. Қайда болмасын өзі таңдаған салада жарқырай көрініп жүрген талантты адамдар аз емес. Солардың арасында тыңға түрен салып, айталық, рухани дүниеде немесе әдебиетте, ғылымда жаңа бағыт ашқандары саусақпен санарлықтай ғана. Әлемдік өлшеммен келетін болсақ, біз ұлы, гений деп жаңа бағыт ашқандарды айтуымыз керек. Мысалы, олардың қатарына Уильям Шекспирді, Иоганн Гетені, Платонды (Аристокл) және басқаларын жатқызуға болады. Ағылшынның Фрэнсис Бэкон деген философы болған. Ол – жаңа заманға сай келмейтін нәрселердің барлығын саралап, ағылшындардың санасындағы штамптарды идолдар деп беске бөліп көрсетіп берген, өз елінің, халқының өміріне үлкен өзгерістер әкелген ғалым. Сол сияқты француздардың өміріндегі Шекспирдің де орны бөлек.
Ал енді Абайға келсек, қазақ қоғамының өмірін Абайға дейінгі, Абайдан кейінгі деп екі кезеңге бөлуге болады. Абайға дейінгі біздің әдебиетіміз, ой-санамыз, философиямыз бір бөлек те, Абайдан кейін осы құндылықтарға көзқарасымыз мүлде өзгерді, жаңа түсінік қалыптасты. Мәселен, не жақсы, не жаман, не сұлу… осылардың барлығына Абай жаңа түр әкелді, жаңа мағына, жаңа бағыт берді. Демек, Абай Құнанбайұлы – шын мәніндегі гений.
– Данышпан дейсіз ғой.
– Философ болғандықтан маған шынайы бағасы гений сияқты. Әрине, халық Абайдың айтқандарын көзді жұмып бірден қабылдай қойған жоқ. Ескі мен жаңаның тартысы нақ осы кезден басталады. Ақыры, оң өзгерістерді көксеген Абай қазақтың өміріндегі кемшіліктерді сынауға мәжбүр болады. Ол біздің қазақ халқының санасындағы жаңа заманға, жаңа үрдіске, жаңа жолға келмейтіндердің барлығын қатты сынаған адам. Өйткені, ол осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын өркениет көшіне ілесу үшін ұлтты жаңғырту, жаңа өмірге бейімдеу қажеттігін түсінген. Оның өз халқына жасаған ең керемет жақсылығы осы деп ойлаймын мен.
– Заманында Абайдың осы ізгі ниетін түсінбегендердің қатары қалың болғанын білеміз. Ондайлар қазір де аз емес.
– Дұрыс айтасың. “Мен бір жұмбақ адаммын” дегендей, Абай – қазақ қоғамындағы құпиясы көп құбылыс. Оның қатпарқатпар сырларын ашу, түсіну қиын. Біз үшін ол – даналықтың сарқылмас қайнары іспетті. Алаштың ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов “Абай” журналында (1918ж.) “Талабым, таяғым, жігерім, азығым, Маңдайыма ұстаған ақын Абай – қазығым, – деп жазыпты. Осы сөздердің өзі-ақ көп жайдан сыр ұқтырып тұрған жоқ па?!
Кейбіреулер Абай қазақты қатты сынайды деп, тіпті, ұлтын сүйетініне күмәнмен қарайды. Абай өзінің шығармаларында рухани жұтаңдық, білімсіздік, надандық, тоғышарлық, жалқаулық, екіжүзділік, мансапқорлық, мақтаншақтық сияқты ұлтының бойындағы кемшіліктерді сынады. Олардың толық адам болуына күш салды. Бұл – нағыз өз халқына деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Заманында Николай Гаврилович Чернышевский де орыстарды сөзбен түйреген, “Все с ног до головы рабы” деген. Бірақ бұдан атақты жазушы орыстарды жек көрді деген ұғым тумайды. Абай да сол сияқты қазақты жақсы көргеннен, жаны ашығандықтан айтып отыр. Оны түсінгендер де болды. Мысалы, ақиық ақын Мағжан Жұмабаев:
Шын хакім, сөзің асыл –
баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе,
дәмі кетпес
Қарадан хакім болған
сендей жанды
Дүние қолын жайып
енді күтпес.
Сөзіңе құлақ салып,
баға бермей,
Қисайып, қыңырайды
жұрттың иттес!
Бұртиып, теріс қарап:
“Аулақ жүр!” – деп,
Болды ғой жақын туған
бәрі кектес.
Тыныш ұйықта қабіріңде,
уайым жеме,
“Қор болды қайран сөзім
босқа!” – деме.
Артында қазақтың
жас балалары
Сөзіңді көсем қылып,
жүрер жөнге!
Ай, жыл өтер, дүние
көшін тартар,
Өлтіріп талай жанды,
жүгін артар.
Көз ашып, жұртың ояу
болған сайын,
Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар, – деп тебіренбей ме?!
Абай сынаса, ескі сананы сынады. “Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап” деп қоғамға сыни көзбен қарауының себебі осында. Хакімнің Қайран сөзім қор болды” немесе “көп пысыққа молықты” деген сөздерін де жеке тұлғаға емес, жалпы жұртқа айтылған сын деп қабылдағанымыз жөн. “Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой, Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар” деген сөздерінің астарында да үлкен ой жатқаны анық.
Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйре­нуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты.
Оның айтқандарының тек қазақ үшін ғана емес, басқа халықтар үшін де мәні өте зор. Абайдың ұлылығы сонда – одан кейін әдебиетке келгендердің барлығы да, айталық, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, тағы басқалары Абайдың әсерімен, Абайдың жолымен жүрген, Абайға қарап ой түзеген. Абайдан кейінгі қазақ жазушыларының барлығын алып қарайтын болсақ, олардың барлығының ұлы оқытушысы, жаңа бағыт көрсеткен ол – Абай.
Абай – заманынан озып туған дара тұлға. Ол қазақ халқын жаңалыққа, ғылым мен білімге шақырды. Ол азаматтың қалыптасуында, қазақтың болашағында білім мен ғылым ерекше рөл атқаратынына кәміл сенді.
– Орыс тілін үйрен дейтіні бар ғой.
– Иә, орыс тілін үйрен дейді. Оны орысқа іш бұрғандықтан айтып отырған жоқ. Сол уақытта орыста білім болды. Абай сол білім арқылы талай биіктерді бағындыруға болатынын түсінді. Ақын Жиырма бесінші қарасөзінде өзге тілдің адамға не беретініне тоқталып: “Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды”, – дейді.
Бұл сөздер бүгінгі таңда да өзектілігін жойған жоқ. Жаста­рымыз неғұрлым көп тілді меңгерсе, соғұрлым олардың мүмкіндігі де молая түсетінін өмір көрсетіп отыр.
– Президент “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан” деген мақаласында Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет ететінін, оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтыратынын, сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі болып табылатынын атап көрсетті.
– Біз әлі Абайдың ақыл-ойларының тереңіне жете алған жоқпыз. Мәселен, еңбектің адам өміріндегі рөлі мен пайдасы туралы талай адамдар жазған. Бірақ Абайды оқып отырғанда, еңбек деген сөздің мағынасының өте тереңдігіне қаныға түсесіз. Тұлғаны еңбек сомдайды. Нағыз адам болу үшін еңбек көрігінде шыңдалу керек. Еңбектен қорықпайтын адамның алды әрқашан ашық. Кісілігі де жоғары болады. Еңбекпен етене тұлға өз ісіне әрқашан сенімді, ешкімге жалтақтамайды, жағынуды білмейді, бір сөзбен айтқанда еркін. Біздің аңсап жүргеніміз осы емес пе? Осыны Абай жан-жақты ашып көрсеткен.
Абайдың шығармаларына зер салған әр адам оның үнемі елдің өсіп-өркендеуіне мүдделі болғанын аңғарады. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. “Ғылым таппай мақтанба” деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын ұғындыруға тырысты.
Абай өлеңдеріндегі “Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей”, “Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын”, “Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап” деген қазыналы ойлар біздің замандастарымызға да бағыт-бағдар сілтеп тұрған жоқ па?!
Абайдың кісілікке қатысты ойларын зерттеудің де маңызы зор. Батыстың философтарының көпшілігі табиғатты, қоршаған ортаны, сананың қалыптасуын көп зерттеген. Ал Абай Сократ сияқты адамның болмыс-бітімін тануға көп көңіл бөлген. Адамның ең негізгі мәселесі ол оның адамгершілігі, кісілігі деп санаған. Оған жан-жақты талдау жасаған. Айталық, әр адам дүниеге келгеннен кейін не істеймін, не істедім, не істеуім керек деп ойлануы мүмкін. Өзінің еңбектерінде ұлы ақын осы сауалдарға жауап береді, адамның өмірінің мәні оның жасампаздығында, ақыл-ойы мен білімінің тереңдігінде екенін дәлелдейді. Байлық пен билік – өткінші құбылыс. Олар әр кез адамға берік тұғыр бола алмайды.
Жоғарыда Абай туралы талай еңбектер жазылғанын айттым ғой. Атақты сөз зергері Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” романының өзі неге тұрады?! Біздің бұл кітапты жазудағы негізгі мақсатымыз – Абайдың әлем философиясындағы орнын көрсету. Абайды біз неге гений дейміз? Оның әлемдік философия іліміне қосқан үлесі қандай? Абай өзіне дейінгілердің ойтұжырымдарын саралап, талдау арқылы көптеген мәселелердің басын ашады. Платон, Аристотель, Гегель, Толстой сияқты ғұламалармен ой жарыстырады. Оның данышпандығы, міне, осында.
Абай адамзатты алға жылжытатын тетіктерді іздеді, ой тереңіне бойлады. Өмірдің мәнін өзі түсініп қана қоймай, басқаларға ұғындыруға тырысты. Абай осылай біздің қандай керемет деген оқыған адамдарымыздың ойына келмеген нәрсені, солар білмеген нәрсені айтты. Абай соны көрсетіп, сараптайды. Абай мұндай дәрежеге қалай көтерілді дегенге келсек, Абай өз ұлтының мәдениетін, руханиятын, өнерін, жырларын, жыраулардың толғауларын, қазақ фольклорын керемет білген. Ол Семейде оқыған кезінде Фирдоуси, әл-Фараби ойларына зер салды. Сонымен бірге кейін орыстың әдебиетін, философиясын сол арқылы Пушкин, Лермонтов, Толстой сияқты, бүкіл Еуропаның, тағы басқа ойшылдардың еңбектерімен өте мұқият танысты. Содан кейін кереметтей жаңағы қабілеті бар адам болғаннан кейін ол әр нәрсенің әрқайсысына терең бойлаған. Қазақ ақыл-ойының заңғар биігі Абайдың заман ауысып жатса да, жұлдызының биік тұруының бір себебі, міне, осында.
– Зерттеушілер, ғалымдар Абайдың философиялық, эстетикалық, әдеби көзқарастардың тұтас бір жүйесін жасаған ұлы ойшыл, тереңдігіне кемелдігі сай ренессанстық тұлға екенін айтады. Осыған сіз қалай қарайсыз?
– Оған ешкім таласа қоймас. Шығыстың мәңгілік шоқжұлдыздары Науаи, Рудаки, Хафиз, Низами сияқты Абай ХХІ ғасырда да қол жетпес биікте тұр. Біздің озық ойлы деген замандастарымыздың арасында да ол көтерген мәселелердің байыбына бара алмай жүргендер аз емес. Философияда “отчуждение” (адалау) деген ұғым бар. Абай соны жақсы біл­ген. Осыған біздің де, Батыс философтарының да әлі күнге тісі батпай келеді десем, қателесе қоймаспын. Абай сол ұғымға нақты талдау жасаған. Мысалы, Абайдың “Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы” деген өлеңі бар. Оқырман алғашында ақынның сүйінішінен туған шығарма екен деп қабылдайды. Ал Абай болса, оларды мақтаудың орнына қатты сынайды. Неге? Абайдың ойынша, нағыз ғылым жолын таңдаған адам ой-санасын шыңдап, терең білім алуды, сөйтіп халқына пайдасын тигізуді ойлайды, мақсат етеді. Бұл – нағыз ғылымның мұраты. Ал интернатта оқып жүргендер инемен құдық қазғандай тер төгіп, білімімді тереңдетейін, халқыма пайдамды тигізейін демейді, олар орыстың тілін біліп алып, аудармашы болуды, биліктегілерге қосылып, сорлы қазақты сүлікше сору арқылы баюды армандайды. Міне, “отчуждение” дегеніміз осы. Оның мағынасы басқа. Мысалға алтынды алайық, басқа заттардан оның еш айырмашылығы жоқ, ол небәрі тауарлардың эквиваленті ғана. Шынтуайтына келгенде, алтынды туғызатын нағыз тауарлар, бірақ бізге алтын олардың барлығынан жоғары тұрған сияқты көрінеді. Содан да жұртшылықтың оған деген көзқарасы басқа. Махамбет “Өзіңнен туған жас бала, сақалы шығып жат болмай” деп жырламай ма, өзің туған ұлдың сені танымай кетуі, саған жоғарыдан қарауы мұнда да “отчуждениенің” ағысы бар. Билікте де солай. Халық болмаса, билік те болмас еді. Бірақ кейбіреулер соны ұмытып кетіп, өзін халықтан жоғары қоюға ұмтылады. Абай осының бәрін түсінген, ғылыми тұрғыдан талдаған.
– Абай – мәңгілік зерттеу нысаны. Өзіміз де Абай туралы біраз дүние жазылды деп отырмыз. Осы ретте назардан тыс қалып келе жатқан мәселелер бар ма?
– Болғанда қандай. Ой-санамыз тереңдеген сайын біз қайта-қайта Абайға жүгінеміз, Абаймен сырласамыз, Абаймен ақылдасамыз. Оның ұлылығын мойындаймыз, бас иеміз. Мақтанамыз. Өйткені, Абай – Кант, Платондар сияқты әлемдік деңгейдегі тұлға! Бұл сөздерді текке қайталап отырған жоқпын. Ол – шын мәнінде ұлы адам! Кант жөнінде қаншама кітап жазылды. Әлі де жазыла береді. Абай да сол сияқты. Қазақ халқы қанша уақыт өмір сүрсе, соншалықты Абайдан тағылым алады. Абайды соншалықты терең түсінуге ұмтылады. Абай әлемі шетсіз-шексіз, түпсіз терең-тұңғиық. Ақынның өмірі мен шығармашылығы сан қырынан қанша сараланып келе жатса да, “жұмбақ жанның жүрегінің түбіне терең бойлау” мүмкін емес.
Абайдың керемет бір өсиеті бар. Дала данышпаны: “Атаңның баласы болма, Адамның баласы бол!” дейді. Осы ұлы сөзді көпшілік өз мағынасында түсініп жүрген жоқ. Кейбіреулер “адамзаттың баласы бол” деді деп жүр. Анығы Абай бұл арада сен әкеңнің ғана баласы емессің, адамның баласысың дегенді айтып отыр. Адам деген ол – түр (вид). Біз – қай ұлтқа, қай ұлысқа жатпасақ та, адамбыз. Сондықтан барлығымыз бір-бірімізді бауыр санауымыз керек. Абайдың ойынша, жер де адамға ортақ. Демек, Арал теңізі тартылса, бұл қазақтың ғана трагедиясы емес, бүкіл адамзаттың қайғы-қасіреті. Әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан экологиялық проблемалар да сол елдің азаматтарын ғана емес, баршаны алаңдатуы тиіс. Өз заманында бұл мәселелерді Марк Аврелий, Сенека сияқты ойшылдар да көтерген. Абай да өз ортасына барлығымыздың адамның баласы екенімізді түсіндіруге тырысқан.
Абайдың:
“Өлсе өлер табиғат,
адам өлмес
Ол бірақ қайтіп келіп,
ойнап -күлмес
“Мені” мен “менікінің”
айрылғанын
“Өлді” деп ат қойыпты өңкей білмес”, деген сөздері де бізге жақсы таныс. Бұл арада Абай қандай ойды қозғап отыр? Жеке тұлға көп болса 100 жасайды. Жүзден кішкене азырақтау, көбіректеу жасауы мүмкін. Бірақ ол бұл дүниеден кетеді, өледі. Ал адамның бәрі бірдей өлмейді. Егер сен артыңа іс қалдырсаң, ой қалдырсаң, өлмейтұғын сөз қалдырсаң, халықтың жадында мәңгі сақталасың. Міне, Абайдың туғанына 175 жыл толғалы отыр. Өмірден озғанына да көп уақыт болды. Бірақ Абай өлген жоқ. Өйткені, оның артында өлмейтін сөзі мен ойлары қалды.
– Абайдың “Толық адам” ілімі туралы не айтар едіңіз?
– Бұл өзі жеке сұхбаттың тақырыбы ғой. Бұл мәселеге Абайға дейінгі ойшылдар да көп көңіл бөлген. Оның бастауында Сократ тұрса, шәкірті Платон ұстазының ілімін одан әрі дамытты. Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қ. Яссауи және Ж. Руми сияқты ғұламалардың да адам жайлы ой-пікірлерінің де Абай ізденісіне желі тартқаны анық. Міне, осылай XIX ғасырдың екінші жартысында Абай бұл мәселеге айрықша назар аударып, ақылды, ой-парасаты биік, халқын қадірлейтін адам бейнесін сомдай бастады. “Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз. Тілеуің, өмірің алдыңда, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер малшашпақ – Бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой – Бес асыл іс, көнсеңіз”. Бұдан артық не айтуға болады?! Абай үшін дүниенің басты құндылығы – рухани тұрғыда кемелденген толымды адам.
Абайдың толық адамға қояр талабы өте жоғары. Біздің кейбір замандастарымыз “бүкіл әлемнің мәдениетіне үңілудің не қажеті бар, бүгінгі күннің мәселелерін шешсек, соның өзі жетіп жатыр” деген ойдың жетегінде жүр. Абайдың түсінігінде бұл – мәңгүрттік. Себебі, бүгінгі іс-қимылдың барлығын білуге болады. Айталық, бизнесті меңгеру, басқа да салаларда белгілі бір нәтижелерге қол жеткізу деген сияқты. Бірақ толық адам болу үшін мұның бәрі аз. Абайдың өлшеміндегі толық адам болу үшін бүкіл адам баласының мәдениетін, құндылықтарын, кісіліктерін, барлығын бойға сіңіру және оны бүгінгі ісіңмен шебер үйлестіре білуің керек.
– Абай мұрасы әлем жұртшылығы тарапынан өзінің лайықты бағасын алды деуге бола ма?
– Қасым-Жомарт Кемелұлы қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтанатынын, қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес екенін, Абай мұраларын тек бір халықтың, тек бір мемлекеттің көлемінде ғана емес, дүниежүзілік өркениет ауқымында қарастыру қажеттігін айрықша айтты. “Бірақ біз ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз”, – деді.
Ақын шығармаларының тереңіне үңілген зерттеушілердің ортақ ойы – Абай күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады. Міне, сондықтан да Президентіміз атап көрсеткеніндей, “Нағыз Абайды, ақын Абайды тану үшін оның өлеңдері мен қарасөздерінде айтылған ой-тұжырымдардың мән-маңызы ашылуы керек. Ол әлемнің кең таралған негізгі тілдеріне барлық бояуын сақтай отырып аударылуы тиіс”.
Абайды қалай мақтасақ та артық емес. Ұлтымыздың бүкіл озық қасиетін бір бойына сіңірген Абай өмірі мен шығармашылығы – халқымыздың сарқылмас қазынасы. Оның адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжы­рымдары ғасырлар өтсе де, маңызын жоғалтпайды. Абайдың өлеңдерін жатқа айтамыз, көптеген шығармаларымен таныспыз. Десек те, біз Абайды өз деңгейінде әлемге таныта алмай келеміз. Ол ол ма, Абайдың өзін әлі тани алмай отырмыз. Биылғы мерейтойға әзірлік барысында осы ретте біраз іс тындырылатынына сенгім келеді.

Әңгімелескен
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp