«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБАЙ КӨШЕСІ ДЕ ЖӨНДЕЛЕДІ

Орталық коммуникациялар қызметінде Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов баспасөз мәслихатын өткізді. Облыс орталығының соңғы он бір айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны туралы баяндап, атқарылып жатқан өзге де жұмыстарға тоқталған қала басшысы журналистердің сұрақтарына орай тұрғын үйлердің жағдайы, қоғамдық көліктердің қатынауы мен шаһарды абаттандыру мәселелері төңірегінде әңгіме өрбітті.

– Мемлекеттік бағдарлама аясында Петропавлда 142 көпқабатты тұрғын үй жөнделді. Тұрғындар несиелерін белсенді қайтарып жатыр. Соның арқасында соңғы 3 жылда 13 үй қалпына келтірілді. 2016 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында 20 үйді қалыпқа келтіруді жоспарлап отырмыз, – деді Марат Тасмағанбетов.

Тілшілер қала әкімінен бірнеше жыл қатарынан жөндеу көрмеген Абай көшесінің жайы туралы да сұрады. Марат Тасмағанбетов көлік ағыны толастамайтын көшені қайта қалыпқа келтіру үшін 2016 жылы жергілікті бюджеттен 97 млн. теңге қаржы бөлінетіндігін жеткізді.

Петропавлдықтар жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктердің қозғалыс кестесіне ренішті. Осыған орай Марат Иманбайұлы 2016 жылдан бастап барлық қоғамдық көліктерге “GPS” бақылау қондырғылары орнатылып, қоғамдық көліктердің қозғалысы қатаң бақылауға алынатындығын айтты.

Жаңа жыл мерекесіне жұмсалатын қаражаттың мөлшеріне қатысты да сауал қойылды. Белгілі болғандай, үстіміздегі жылғы мерекені атап өтуге бюджеттен 22,9 млн. теңге бөлінген. Бұл қаражаттың 7,9 миллион теңгесі Қазақстан Конституциясы көшесінде үлкен шыршаны орнатып, қала көшелерін безендіруге жұмсалған. “Жасыл қағазбен” бірге жасыл шыршаның да бағасы шарықтап кеткен-ау, сірә!?

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp