Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан” атты мақаласында ақынның 175 жылдығы той тойлау үшін емес, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілетініне баса назар аударып, бүгінгі қоғамдағы әр азамат үшін аса қажетті болып табылатын өзгеру кезеңінің уақыты туғанын айтты. Дана Абайдың, ұлы Абайдың терең де мағыналы асыл сөздерінің қай-қайсысы болмасын, өткен заманның ғана бет-бейнесін емес, нақ осы шақтағы Қазақстанның жағдайын да толыққанды сипаттап, өзектілігін әсте жойған жоқ.
“Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан” кемеңгер Абайдың сөзі, пікірі өмірде өз орнын таба алмай, адасып жүргендерге үлкен ой салып, дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, жігерлендіріп, сенім мен үміт ұялатып, алға ұмтылуына серпін берері хақ. Тек ақыл таразысына салып, байыппен үңіле білген жөн. Абай сөзін ұғынып-түсінген адам одан ғибрат алып, өзі де сөзін түзеп, игілікті істермен айналысып, қоғамның бір кірпіші болып қаланып, елі үшін пайда әкелетіні даусыз.
Мақалада Абай Құнанбаевтың торқалы мерейтойына байланысты өткізілетін маңызды іс-шаралармен қатар, Абай атты шексіз әлемнің қыр-сырына әбден қанығатын, тамсанатын, мақтаныш тұтып, ұлтымыздың ар-ожданы мен даналығын, даралығы мен ұлылығын айқындайтын қадір-қасиеттері де, шығармашылығының құндылығы да бүге-шігесіне дейін сарапталып берілген. Мүмкін, осыған дейін Абайды әлі танымағандардың танығысы келетін, оқымағандардың оқығысы келетін қызығушылығын оятып, саналарына сәуле құйып, бейжай қалдырмайтыны заңды. Ал Абайды білемін деушілерге қаламгердің мұрасына тағы бір оралып, мұқият оқып, “жұмбақ жанның” ойларын басқа қырынан, өзгеше жағынан қарап, ой түйіп, салиқалы көзқарас қалыптастыруға әсер етеді.
“Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жаттап, тоқы көңілге”, – деген Сұлтанмахмұт Торайғыровқа сүйене отырып, Абайды оқудан, Абайды білуге ұмтылудан, ізденуден жалықпайық. Тіпті, Абай әлемін бүкіл дүниеге таратушы кемеңгер Мұхтар Әуезов “Мен Абай тереңінен шөміштеп қана іштім” деген екен. Біртұтас елімізге, жекелей өзімізге аса маңызды іс-шарадан біз де қалыс қалмайық. Түптің түбінде ондай әрекеттен біз ұтпасақ, еш ұтылмаймыз. Тілі былдырлап енді ғана шыққан сәбиден бастап, еңкейген қарияға дейін қазыналы Абайдан алатын өз еншісі бар, әрқайсысына Абайдың берері мол.
“Қалың елі қазағы, қайран жұртының” жайына аса қатты алаңдаған Абай сөздерінің шынайы жанашырлықтан, халқына деген шексіз сүйіспеншіліктен туындап, ұлтының болашағына немқұрайды қарамаған адалдығын көреміз, тәнті боламыз. “Болмасаң да ұқсап бақ” деген ұстанымға берік болсақ, біз де Абай армандаған “толық адам болу” үдесінен шығамыз.
Әр кез ел-жұртын ғылым-білімге бастаған Абай жастардың болашағына үлгі боларлық ақыл айтты, қандай нәрседен бойын аулақ салып, қандай нәрсені өзіне жолдас ету керектігін көрсетті:
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ,
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой,
Бес асыл іс көнсеңіз, – деген Абайдың сөздерінің күні бүгінге дейін мәні зор және әлі талай ғасыр маңыздылығын жоймайды. Өз кезіндегі кемшіліктерді сынаған, елді жақсылыққа шақырған туындыларының атауы – адамшылық толғауы деуге келеді. Осы негізде біз де ел болып, Абай шығармаларын оқып, тәрбие көзінің бастамасы, адам мінезін қалыптастырудағы бірден-бір ұстанатын қағидалар ретінде зердеге құйып, санаға сіңіріп, басшылыққа алғанымыз жөн деп есептеймін. Адам болуға ұмтылатын, алдына үлкен мақсаттар қойып, небір биіктерді бағындырып, зор жетістіктерге жетіп, ата-анасы мен елінің үмітін ақтағысы келетін әр азаматтың өмірлік қағидасына айналатын тәрбиелік сөздер. Абай сөздерін оқу, түсіну, насихаттау арқылы данамызға деген айрықша құрметті көрсетіп қоймай, бүгінгі ұрпақты адамгершілікке, ізгілікке, елжандылыққа тәрбиелейміз, сананы жаңғыртып, жауапкершілікті арттырып, нақты істермен айналысуға, еңбектеніп, білім алуға бағыттаймыз. Саналы ұрпақ тәрбиесіндегі бірден-бір сенімді құрал ретінде танимыз. Сол себепті Абайдың шығармалары ұлтымыздың рухани байлығы ретінде әр адамның жүрегінен орын алып, санамызда жатталып, айнымас ұстаным боп қалса деймін.
Әр қаламгерді өз заманының перзенті деп бағалау қалыптасқан, бірақ Абай – бүгінгі дәуірдің де айқын айнасы болып отыр. “Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы” дей отыра, баршамызды осы игілікті іс-шараларда “бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып”, ұйымдасып әрекеттенуге үндеп отырған Президентті қолдаған жөн болар. Әр азамат, түрлі саланың мамандары, оқушы, студент өзінің сүбелі үлесін қосып еңбектенсе, абыройымыз да артады, Абайға деген құрметіміз де көрінеді!
“Алланың өзі махаббатпен жаратқан адамзат баласына” Абайдың ықыласы қаншалықты ыстық екенін шығармашылығының өне бойынан көріп, үлгі алып, “қазақтар үшін теңдессіз құбылыс болған Абайды” ұлықтау – бәріміздің ортақ борышымыз!
Жанар ҚҰЛЫБЕКОВА,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.