«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтіп, онда жаңадан құрылған екі басқарма басшыларының міндетін атқарушылар таныстырылды.

Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы міндетін атқару Нұрлан Бүркіталинге, ал жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы міндетін атқару Ирина Тухватулинаға сеніп тапсырылды.

Осындай құрылымдық өзгерістерден кейін селекторлық режімде өткен отырыста елді мекендерді абаттандыру жұмысы талқыланды. Үстіміздегі жылы өңірімізге “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша елді мекендерді абаттандыруға 1,6 млрд. теңге бөлінген. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тасмұрат Қатқадамов атқарған жұмыстарды жіпке тізгендей қылып айтқанымен, нәтижесі көңіл көншітерлік емес.

– Жұмыс салғырт жүргізілуде. Облыс әкімінің орынбасары Антон Федяевқа басқарма басшысы және аудан әкімдерімен бірлесе отырып, екі ай уақыт ішінде әр елді мекенді абаттандыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын, – деген облыс әкімі Ерік Сұлтанов көпқабатты үйлердің арасындағы жолдарды, жарықтандыруды, спорт және ойын алаңдарын ұмытпау қажеттігін баса айтты.

Ал өңірдің мәдениет саласының бүгінгі жағдайы туралы әңгімелеген облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы Рустам Бикеневтің айтуынша, соңғы үш жылда мәдениет нысандары көбейгенімен, тұрғындар саны 100-ден асатын елді мекендердің 250-інде клуб, 200-ге жуығында кітапхана жоқ. Бұл елді мекендердің дені Тимирязев, Жамбыл және Қызылжар аудандарына тиесілі екен. Осы орайда басқарма басшысы аудан әкімдеріне бос тұрған ғимараттар есебінен мәдениет нысандарын ашу қажет деген ұсынысын жеткізді. Бұл ұсыныс өңір басшысы тарапынан қолдау тауып, аудан әкімдеріне жергілікті шаруа құрылымдарымен бірлесе отырып, осы мәселені шешу жолын қарастыруды тапсырды.

Үстіміздегі жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша мәдениет нысандарын жөндеуге бөлінген 300 млн. теңгеден астам қаржыға жоспарланған 13 жобаның жетеуі аяқталуға жақын. Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың бастамасымен С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының қолданыстағы ғимаратына қосалқы 500 орындық көрермен залын салу жұмысы қолға алынды. Бүгінде құрылысты бастауға қажет сәулеттік тұжырымдама мен техникалық-экономикалық негіздеме әзірленген. Жобалық-сметалық құжатты әзірлеу жұмысы да аяқталуға жақын. Ендігі жылы республикалық бюджет есебінен қаржыландыру мәселесі шешілсе, нысан 2018 жылдың орта шенінде пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp