«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБАТТАНДЫРУ – МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

Өңір басшысы Ерік Сұлтанов облыс орталығындағы бірнеше аулада болып, оларды абаттандыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

С.Мұқанов көшесі, 52 мекен-жайындағы тұрғын үйдің шатырына ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеу жұмысы жүргізіліп, аулаға асфальт төселген, балалар алаңы жасалып, тіпті, жаттығу құрылғылары да орнатылыпты. Пәтер иелері кооперативінің (ПИК) төрайымы Татьяна Бухареваның сөзіне қарағанда, ПИК-те туындаған күрделі мәселелер жоқ, ағымдағы жұмыстарды өздері бірлесе шешуде.

Ерік Хамзаұлы Театр көшесіндегі 47 үйдің ауласы мен балалар алаңының да талапқа сай жақсы жабдықталғанына көз жеткізді. ПИК төрайымы Людмила Шилкинаның айтуынша, ауладағы тазалықты сақтау мен балаларға арналған алаңды жабдықтау қала басшылығының көмегімен және тұрғындардың өз күшімен атқарылуда.

Е.Букетов көшесі,18 мекен-жайындағы ауланың жағдайы мүлдем керісінше болып шықты. Онда ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы бойынша тұрғын үйдің шатыры жөнделіп, ауласы қоршалғанымен, балаларға арналған аумақ жабдықталмаған. Облыс басшысы жасанды жабылғылы футбол алаңын жасау мүмкіндігін қарастыруды қала әкімі Марат Тасмағанбетовке тапсырды.

Интернационал көшесіндегі 29 үйдің пәтер иелері кооперативінің төрайымы Гүлнар Кәрібаева өңір басшысына осындай тілек білдірді. Оның айтуына қарағанда, аула аумағында бұрын хоккей қорапшасы болған, күндер өте ол жарамай қалған. Облыс әкімі хоккей қорапшасын қалпына келтіріп, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажеттігін айтып, бұл мәселені шешуді қала басшысына жүктеді.

Ш.Уәлиханов көшесіндегі 12 және 14 үйлердің тұрғындары да балалар алаңын жасау мәселесін көтерді. Ерік Хамзаұлы кіреберіс жолдарды асфальттау және балалар алаңын жабдықтау мүмкіндігін қарастыруды қалалық әкімдікке тапсырды.

Ерік Сұлтанов Казахстанская правда көшесіндегі 122 үйдің ауласында да болды. Үй тұрғындары аулаға кіретін жолдың жоқтығы мәселесімен облыс әкімінің виртуалды қабылдауына арызданған екен. Өңір басшысы кіреберіс жолды үстіміздегі жылы жөндеу мүмкіндігін қарастыру жөнінде тиісті органдарға тапсырма берді.

Облыс әкімінің

 баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp