«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АБВГДейка” ТАҒЫ БІР ОРТАЛЫҚ АШТЫ

Петропавл қаласында қаңтар айының алғашқы күндерінде “АБВГДейка” балалар шағын орталығының жаңа филиалы ашылған болатын. Ол “Балапан” бағдарламасын жүзеге асырудың маңызды буыны болып табылатын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде ашылды. Жаңадан ашылған орталықтың жұмысымен кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов танысты.

“АБВГДейка” балалар орталығындағы 3 топтың әрқайсысында 25 балдырған бар. Оларға тәрбие мен білім беруді 5 білікті педагог пен қазақ және ағылшын тілдерінің мамандары жүзеге асырады. Шағын орталықта балалардың шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Орталықта бүлдіршіндері музыкаға, бейнелеу өнеріне және биге де баулынады.

Облыс әкімі жаңа ғимараттың материалдық-техникалық жабдықталуымен танысып, балалар мен ата-аналарды мектепке дейінгі тәрбие және білім беру мекемесінің ашылуымен құттықтады.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында жекеменшік инвестициялар есебінен мектеп жасына дейінгі балғындарды балабақшалармен қамтамасыз ету үшін барлық жағдайды жасауды тапсырған болатын. Бірнеше жылдан бері осы бағытта жұмыс жүргізілуде.

Жыл өткен сайын жағдай жақсарып келеді. Қазір 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз етілуі 93 пайызды құрайды. Ольга Жаркова сияқты кәсіпкерлерді біз қолдаймыз. Биылғы жылдың өзінде ғана жекеменшік серіктестік есебінен мыңға жуық орын ашу жоспарда бар. Екі-үш жылдың ішінде осындай он балабақша ашуды көздеп отырмыз, – деді Ерік Сұлтанов.

Балалар орталығының директоры Ольга Жаркованың айтуынша, мектепке дейінгі мекемені ашуға “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қорының демеуқаржысының көмегі көп болған. Ондай қолдаусыз білім саласында мұндай орындар ашу оңай емес, өйткені бастапқы кезеңде өте көп қаражат кажет. Кәсіпкер алдағы уақытта балалар орталығының ғимаратын кеңейтіп, музыкалық орталық пен театр студиясын ашуды жоспарлап отыр.

Айнагүл Сауытбекова балалар орталығына төрт жастағы ұлын әкеліпті. Ол балабақшаға кезекті көп күткенін айта келіп, облыс әкіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты жергілікті жерлерде табысты жүзеге асырылып жатқаны үшін алғысын жеткізді және бүлдіршіндерге орталықта саналы тәрбие мен сапалы білім берілетініне сенім білдірді.

Петропавл қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында барлығы 11 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның алтауы балабақша болса, бесеуі – шағын орталық.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

 Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp