Профессор Абдусаттор Нуралиевтің шығармашылық қырлары сан алуан. Ол журналистердің бірнеше легін қанаттандырып, қияға ұшырған. Ұзақ уақыт бойы Тәжік мемлекеттік университетінде еңбек етті. Қазіргі уақытта А. Нуралиев Ресей-Тәжік (славян) университетінде аспиранттар мен талапкерлердің ғылыми жұмыстарына жетекшілік етеді. Ол сонымен бірге “Тәжікстан – Қазақстан” достық қоғамының төрағасы болып табылады. Біз төменде А. Нуралиевпен әңгімемізді оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Абдусаттор Нуралиұлы, алдымен өзіңіз жайлы және неліктен нақ сізге осы қоғамдық ұйымды басқаруға сенім артылғаны жөнінде айтып берсеңіз.
– “Тәжікстан – Қазақстан” достығы қоғамдық ұйымы Тәжікстан Республикасы Әділет министрлігінде 2001 жылғы 5 наурызда тіркелген. Мұның алдында үлкен даярлық жұмыстары атқарылды. Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы елшілігі қазақ және тәжік халықтарының достығын, олардың көптеген ғасырлар бойы жинақталған мәдени жетістіктерін насихаттайтын осындай маңызды қоғамдық ұйымды құруға жан-жақты көмек көрсетті.
Менің ойымша, мені тектен-тек таңдамаған сыңайлы. Мен 1968 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің (ҚазМУ) журналистика факультетін тамамдағанмын. Университетте білім алып жүрген кезімнен-ақ қазақ-тәжік қарым-қатынастарының тарихын зерттеген едім. Бұл ретте мен қазақ тілін білетініме және өзім ортасында өскен қазақ халқына деген сүйіспеншілігім мен құрметіме сүйенемін. Сондай-ақ, 1998 жылы “Қазақ-тәжік әдеби байланыстары” тақырыбында докторлық диссертация қорғағанымды және 2001 жылы “ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ-тәжік мәдени және әдеби байланыстары” атты монографиям шыққанын айта кеткім келеді. 1995 жылдың өзінде ғана менің қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абайдың 150 жылдығына арналған “Абай және тәжік әдебиеті” кітабым басылып шыққанды. Осының бәрі және, әрине, Қазақстанмен арадағы ұдайы байланысым, көптеген ғылыми конференцияларға қатысуым біздің “Тәжікстан – Қазақстан” достығы қоғамдық ұйымының мүшелеріне белгілі болды.
2000 жылдың орта тұсындағы даярлық жұмыстары кезінің өзінде ғана менің ұсынысыммен және ұйымдастыру комитетінің келісімімен қоғам төрағалығына өзінің докторлық диссертациясын Қазақстанда қорғап, Қазақ аграрлық университетімен өзара ынтымақтастық жөнінде 17 келісімшарт жасаған Тәжік аграрлық университетінің ректоры, профессор Джамолиддин Тагаев ұсынылғанды. Осылайша Д. С. Тагаев төраға, ал мен бірінші орынбасары болып сайландық. Бізге аграрлық университетте қоныс берілді де, барлық шараларымыз осы оқу орнының ғылыми кеңесінің тамаша залында өткізіліп келді. Төрағаның жұмысбастылығынан қоғамның жұмысын менің атқаруыма тура келді. Д.С. Тагаев өзі дүниеден озғанша (2004 жылы) қоғамға жан-жақты көмек көрсетіп отырды. Одан кейін қоғамды профессор Л.Н. Додхудоева басқарды. Ал 2007 жылдан былай қоғам мүшелері бұл міндетті маған жүктеді. Мен әріптестерімнің көрсеткен сенімін ардақ тұтамын және қолымнан келгеннің бәрін жасаймын.
Біздің қоғамдық ұйымымыз екі елдің мәдениет, білім беру, өнер салалары мен дипломатиялық қарым-қатынастарындағы жетістіктерімізді насихаттауға арналған алуан шараларды жиі өткізіп тұрады. “Абайдан Айниге дейінгі шығармашылық байланыстар”, “Тәжік-қазақ әдеби байланыстары” халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы, “Абай қарасөздерінің тәжікше тәржімасы” сияқты шаралар біздің халқымыздың жүрегіне ұялады деп ойлаймын. Біз, сондай-ақ, Тәжікстан, Иран, Ауғанстан, Өзбекстан және Қырғызстан қазақтарының кіші құрылтайына қатысып, мен онда баяндама жасадым.
Қоғамымыздың мүшелері Наурызға, Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы елшіліктері және қазақтардың “Бәйтерек” мәдени орталығы қоғамдық ұйымы бірлесіп өткізетін Қазақстан Тәуелсіздігі күніне арналған шараларға белсенді түрде қатысады. Біздің қызметімізді, шын мәнінде, халықтық дипломатия деп жүргені дұрыс-ақ.
– Сіз айтып отырған шараларды өткізуге белгілі бір дәрежеде қаражат қажет етіледі ғой. Сіздер бұл мәселені қалай шешесіздер? Демеушілер кімдер?
– Қаржыландыру жағы – қиын мәселе. Шынын айтқанда, бізге ешкім қаржы бермейді. Ал бізге қолдау көрсетуден ешкім зиян шекпес еді. Жарғымыз бойынша біз Тәжікстан мен Қазақстанның түрлі ұйымдарының арасында аралық қызметпен айналысып, сол арқылы өзіміздің ұйымды демеу үшін белгілі бір қаржы табуға тиіспіз. Мұндай демеушілер табылса, шексіз риза болар едік. Солай болса, біздің өткізетін шараларымыздың саны артып, сапасы жақсара түсер еді. Алайда, әзірге біз ұйымымыздың мүшелерінің күшімен ғана тірлік қылудамыз. Біз өтініш білдірген жағдайда қол ұшын беріп отырған Тәжікстан Республикасындағы Қазақстан Республикасының елшілігіне зор алғыс арнаймыз.
Ұйымымыздың мүшелерінің ерекше күш-жігерін атап айтқым келеді. Мысалы, қоғамның жауапты хатшысы Қайыржан Құрбанова 11 жыл бойы жұмыс істегеніне бір тиын да алған емес. Ал жұмысы бастан асады: ай сайын, тоқсан сайын, жыл сайын есеп беру, қоғамның хаттамалары мен құжаттарын жазып, сақтау. Ол қазақ ұлтының өкілі ретінде бұл іске аса ықыласты әрі мұны құрметті ісім деп біледі. Ал біздің ұйымның төралқасында небәрі 12 адам бар. Олардың бесеуі – ғылым докторлары, төртеуі – ғылым кандидаттары және бірнеше жас адамдар.
– Сіздер көп ретте қандай мәселелермен айналысасыздар? Көмек сұрап келетін адамдар бар ма? Тәжікстандағы Қазақстан елшілігімен байланыстарыңыз қандай?
– Біздің басты мақсатымыз – тәжік және қазақ халықтарының достығына қызмет ету. Сондықтан халықтық дипломатияның өкілдері ретінде, мейлі ол мәдени байланыстар, экономикалық ықпалдасу болсын, халықтарымызды бауырластыратын барлық мәселелермен айналысуымызға тура келеді. Біздің мақсатымыз – мәдени және экономикалық дамуымызды, Қазақстанның біздің республикамызға бауырластық көмегін насихаттаумен ұдайы айналысу. Алайда, біз шұғылданатын басты мәселе – Тәжікстанда қазақ мәдениеті мен әдебиетін және олардың дәстүрлі байланыстарын насихаттау. Мен қоғамның төрағасы ретінде тәжік-қазақ мәдени байланыстарының проблемалары жайында халықаралық түркология конференцияларында баяндадым. Біз өз міндеттерімізді атқару үшін түрлі шаралар, соның ішінде конференциялар өткіздік. Шығармашылық кештер өткіземіз, Тәжікстан мен Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланамыз. Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасының елшіліктерімен бірлесіп, жыл сайын дерлік өткізіліп тұратын Тәжікстандағы Қазақстан киносының күндерін ұйымдастыруға қатысамыз. Қазақстандықтардың Тәжікстандағы мәдени бағдарламаларын тамашалаймыз. Бұл орайда Тәжікстан Республикасының Мәдениет министрлігімен белсенді жұмыс істейміз. Мысалы, біздің қоғамымыздың араласуымен 2012 жылы Қорғантөбе қаласының қазақтар мол шоғырланған көшелерінің біріне “Қазақ” атауы берілсе, 2013 жылы Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясының қабырғасына Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясының тұңғыш құрметті академигі Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық тақтасы орнатылды.
Біз өзіміздің ұйымымыз тіркелген күннен бүгінге дейін елшілікпен белсенді ынтымақтастық орнаттық. Қазақстанның Тәжікстандағы елшісі Ағыбай Смағұлов барлық мәселелерде қолынан келгенінше бүкіл жағдайды жасап отырады. Біздің шақыруымызбен қоғам ұйымдастыратын шараларға қатысады. Үстіміздегі жылдың жұмысын үйлестіру үшін жыл басында елшімен кездесу дәстүрімізге енген. Біздің еліміз азаматтарының Қазақстан Республикасы мәдениет және өнер шеберлерінің қатысуымен белгілі бір мәдени шараларды ұйымдастыру туралы өтініштерін елшінің назарына ұсынамыз.
Өз тарапымыздан елшілік ұйымдастыратын барлық ірі шараларға қатысуға тырысамыз. “Тәжікстан – Қазақстан” достық қоғамының басқарма мүшелері арасында белгілі жазушылар, аудармашылар бар. Әр кездері біздің қоғамның мүшелері Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Тарих толқынында”, “Сындарлы 10 жыл”, “Еуразия жүрегінде” кітаптарын тәжік тіліне аударды. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдаулары аударылып тұрады. Біздің қоғамның мүшелері соңғы екі жылдың өзінде ғана бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан туралы жеті мақала жариялады. Осылайша біз өз жұмысымызды Қазақстан Республикасының елшілігімен үйлестіріп отырамыз мұның өзі, біздің ойымызша, жақсы жемісін беруде. Мысалы, 2011 жылы Қазақстан Республикасы елшілігінің көмегімен менің Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Тәжікстанның тәуелсіз дамуының 20 жылдығына арналған “Қазақ-тәжік әдеби байланыстары” атты монографиям басылып шықты.
– Абдусаттор Нуралиұлы, қазақтардың сіздің еліңізде қоныстануының тарихы жайлы айтып берсеңіз.
– Қазақтардың біздің жерімізге көшіп-қонуының тарихын нақ басып айту қиын. Өйткені, бұл бағытта арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген емес. Бұл – өте көңіл аударатын мәселе. Біздің ойымызша, қазақтардың қазіргі Тәжікстан жеріне алғашқы қоныстануы ХVІ ғасырдан бастау алса керек. Ол кезде бұл жерді шайбанидтер жаулап алып, көптеген түркі тайпалары осында қоныс аударған.
Екінші көші-қон 1723 жылдан кейін, жоңғарлардың шабуылынан соң, “Ақтабан шұбырындыдан” басталған. Кейбір деректерге қарағанда, сол кездердегі Шығыс Бұқара жерінде 40 мыңдай қазақтар тұрған. Бұл жайында Гулшани өзінің 1909 жылы Бұқарада жазылған “Киелі тарих” еңбегінде айғақтап, осы жерде 10 мыңнан аса қазақ шаңырағы тұратынын көрсетеді.
Бұл жерге қазақтардың көші-қонының екінші толқыны оларды кулактар деп айыптап, қудалаған 1920 жылдарға дөп келеді. Ал қоныс аударудың соңғы толқыны 1929-30 жылдары қазақ халқы аштықтан бас сауғалап, топ-тобымен Ауғанстанға қоныс аударғанда орын алған. Олардың бір бөлігі жолда Қызыл армия шекараны жауып тастаған соң Тәжікстанда қалып қойған. Кейін қазақтар кейбір түркі тайпаларымен араласып кеткендіктен және 1950 жылы Қазақстанға кері көшкендіктен, Тәжікстанда 15 мыңға тарта қазақтар қалған. Әрине, олар да Тәжікстанның басқа халықтары сияқты, жаңа Тәжікстанның құрылуына лайықты үлесін қосты. Бұл тақырып мүмкіндігінше менің “Тәжікстан қазақтары” кітабымда қамтылады деп ойлаймын.
– Сіз Қазақстанда әлденеше мәрте болған шығарсыз? Біздің еліміздің өркендеуі туралы не айтар едіңіз?
– Сөз жоқ, тәуелсіз Қазақстанның табыстары мені аса қуанышқа бөлейді. Мен 27 жасыма дейін Қазақстанда тұрып, тәрбиелендім. 1968 жылы ҚазМУ-де жоғары білім алғаннан кейін Тәжікстанға жұмыс істеуге келдім. Осы үшін мен қазақ халқына шексіз ризамын. Мен 1967 жылдан былайғы өзімнің бүкіл саналы өмірімді қазақ және тәжік халықтарының мәдени және әдеби байланыстарын зерттеуге арнадым. Қазақстанмен достық қарым-қатынастарды насихаттай отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көріндім. Ғылыми іссапарлармен Қазақстанда жиі боламын. Соңғы кездері түркология мәселелеріне арналған конференцияларда жиі сөз аламын. 2012 жылдың қыркүйек-қараша айларында қазақ-тәжік әдеби байланыстарының материалдары бойынша Ақтөбе мемлекеттік университетінің филология факультеті студенттері мен магистранттарына лекциялар оқыдым. Түрлі себептермен Қазақстанда болғанымда немесе өзімнің Мақтарал ауданындағы туыстарыма барғанымда Қазақстанның асқан табыстарына қуанамын. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында қала құрылысында, экономикада, ғылым мен білім беру салаларында қандай жетістіктерге қол жеткізген десеңізші?! Мен үшін соңғы жылдары Қазақстан Республикасының баршамызға құрметті Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдаулары қуанышты оқиға болып табылады.
Менің ойымша, елдің дамуының қазақстандық моделі кеңестен кейінгі көптеген мемлекеттерге үлгі болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті мен қазақстандықтардың таяу жылдардағы негізгі мақсаты – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болу, сөзсіз, жүзеге асырылады. Мен қазақ халқына шын жүректен өмірдің барлық салаларында гүлдену мен игіліктер тілеймін.
Әңгімелескен
Олжас СҮЛЕЙМЕН.