Қай кезде де адамдық болмысынан айнымай, жақсылықтың парқын түсініп, кейінгі жастарға әдеп-өнегесімен үлгі болар азаматтар қоғамның беткеұстарына айналары сөзсіз. Біз журналистикаға енді қадам басқан сәтте есімі Қызылжар жұртшылығына жақсы мәлім Сапар Дүйсеновті биік мінбелерде, алқалы жиындарда көріп, сөйлеген сөзінен, байсалды мінезінен терең ойдың, ақыл мен парасаттың иесі екенін бағамдаушы едік. Жүз жылдық тарихы бар облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетінің бетінде де тәуелсіздіктің бағасы өлшеусіз, оның қадір-қасиетін түсіну қажеттігіне үндеген мақалалары үзбей жарияланып тұратын. Сол сәттерде ақсақалдың бәрі Сапар ағамыздай болса ғой деп сүйінуші едік.
Азаматтың асылдың сынығы, тектінің ұрпағы екені қазақы мінезі-құлқынан, ағалық емен-жарқын мінезінен аңғарылатын. Жақында ардақты азамат 95 жасқа толды. Ғасырға жуық ғұмыр! Аз уақыт емес деп таңғалудан әсте аулақпыз. Бірақ ғибраты мол, қазыналы ақсақал үшін керемет көп те жас емес. Қарттық өмірдің төріне алқынбай жеткендер аз емес. Бірақ олардың бәрі бірдей өнегесіне ел сүйсініп, еңбегімен жұртқа жақты деп айта алмаймыз. Күміс қанат уақыт көшіне ілесіп, лайықты өмір сүрудің жөні бөлек екені айтпаса да түсінікті. Өйткені, қаншама азаматтар артта қалған күндерге көз салғанда өзегін өкініш өртеп, күрсініп жатады. Сапар Дүйсенұлы бүгінгі биігіне адамдықтың асыл үлгісін кірлетпей, артынан сыпсың сөз ермей, адал жүріп, ардың жібін аттамай жетті. Сапар Дүйсенұлы – қазақтың батыр ұлы Әбу Досмұхамбетовтің жиені. Нағашы жұртынан бойына дарыған қайсар мінез, өжеттік, бірбеткейлік оның өмірде өз жолынан адаспауына көмегі тиді.
Әкесі Дүйсен де өз заманында осал адам болмаған сыңайлы. Діни сауатты, ел-жұртына сыйлы азамат қырық жасқа қараған шағында жалғыз ұлы Сапар дүниеге келген. “Бір үйге бір бала аз емес, он бала көп емес”, – деп перзентінің амандығын тілеуден бір жалықпапты. Ата-ананың тілегі қабыл болып, Сапар ақсақал 95 жасқа жетіп отыр.
Мерейтой иесі бүгінгі күні Алматы қаласында тұрып жатыр. Ұлы Отан соғысының қиын күндеріне, азапты жылдарына куә болған ардагер бұрынғыдай емес, қазір жиі-жиі сырқаттанады. Маусым айының соңында Қызылжарға қонаққа келгенде онымен жүздесудің сәті түскен болатын. Қазақ руханиятының қарашаңырағы, өңір шежіресінің тарихын таңбалайтын басылымға арнайы келді. Өткен-кеткен күндер ақсақалдың кешегідей көз алдында, жүрегінің төрінде екен.
– Уақыт – ұшқыр. Кешегі күндер тарихтың ақтаңдақ беттеріне айналды. Басымыздан небір қилы шақтар өтті. Бұғанамыз қатпай Ұлы Отан соғысына аттанып, от пен оқтың ортасынан елге аман-есен оралдық. Одан кейін аттың жалын тартып мініп, білек сыбана қызмет атқардық. Арайлаған азаттықтың таңы келгеніне қуанып, бөркімізді аспанға атқан күндер де жүрекке жылылық сыйлайды. Небір жақсылықтарға куә болып, өмір сүріп жатырмыз, – деп сөзін кілт үзді де Сапар ақсақал көз жанарын алысқа қадап, бір сәт үнсіз қалды. Мен оның сағынышқа айналған өткен өмір іздерін ой елегінен өткізіп, тереңіне сүңгіп кеткенін бірден түсіндім. Әрине, тәтті сезімнің құшағына енген ақсақалдың ойын бөліп жіберуге батылым бармады. Сондықтан үнсіз отырмын. Бәлкім, мәңгілік сапарға аттанып кеткен жан жары Бануды сағынатын шығар. Қатары сиреп, замандастары азайғаны жанына батады ма екен?!
Бір кезде менің әңгіме тыңдауға тас түйін дайын екенімді түрімнен ұқты ма, көп тостырмайын дегендей үзілген әңгімені әрі қарай сабақтады:
– Біздің өміріміздің көбі кетіп, азы қалды. Ғұмыр жолымда тәттінің де, ащының да дәмін таттым. Мен үшін ол маңызды емес. Абыз жастағы ақсақалға елдің тыныштығы, халықтың амандығынан асқан бақыт та, байлық та жоқ. Сондықтан жастар тәуелсіздігіміздің құнын біліп, ата-бабадан мирас болған мына ұлан-байтақ ел мен жердің иесі өздері екенін терең ұғынса екен, – деп Сапар Дүйсенұлы өз тілегін жеткізді. Бәлкім, бүгінгі жастардың болашағына алаңдайтын шығар. Өйткені, сөз арасында қазіргі қоғамдағы келеңсіздіктерге қынжылыс білдіріп, арзан сөзге еретіндердің қатары көбейіп кеткеніне қатты алаңдайтынын айтып өтті. Алдыңғы толқын тәуелсіздіктің парқын жақсы түсінеді.
Иә, ғұмыр жолында небір қиын күндерді қайыспай көтеру нағыз азаматтың ғана қолынан келеді. Сұм соғысты көзбен көрген адамның жүрегіндегі сыз жазылмайды ғой. Сапар Дүйсенұлы да майданға аттанғанда небәрі 16 жастағы бозбала еді. Атқамінерлер туған жылын асыра көрсетіп, ата-анасын еңіретіп, майдан даласына жібергенін мақала кейіпкерінен емес, өзгелерден естідік. Ақсақал өткен күндер жайлы сыр шертіп, әңгіме айтуға ниет таныта қоймады. Бұдан асыл ер халқының игілігі жолындағы еңбегін бұлдағысы келмейді деп өзімше ой түйдім.
Азаматты ісінен таны деген жазылмаған қағида бар. Сондықтан Сапар Дүйсенұлының да еңбек жолы туралы айтып өтпеу ағаттық болар. Кеңес одағы тұсында қазақтың қыз-жігіттерінің арасынан суырылып алға шығып, қызмет тұтқасын ұстағандар көп емес. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған тұста ол құқық қорғау саласында табысты еңбек етті. Ұзақ жылдар прокуратурада тергеуші, кейін тәжірибесі толысқан тұста қадағалаушы органда облыс прокурорының орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Қаншама адамға қол ұшын берді. Бірде еңбекпен түзеу мекемесін қызмет бабымен аралап жүріп, ауылдастарының ұсақ бұзақылық жасап, темір торға қамалғанын көреді. Адам тағдырына жеңіл қарауға болмайтынын әріптестеріне түсіндіріп, оларды босаттырып алған екен. Бүгінгі күні медиация институты енгізіліп, татуластыру тәртібі арқылы қаншама іске нүкте қойылуда. Ал Сапар ақсақал сол тұста-ақ білместікпен тәртіп бұзғандарды жазалау арқылы адам өмірін ойыншыққа айналдыруға болмайтынын бағамдаған.
Сапар ақсақал туралы әңгіме таусылмайды. Көзі қарақты оқырман оның Есіл ауданындағы Тауағаш ауылының тумасы екенін жақсы біледі. “Ер – туған жеріне” дегендей, азамат жолы туралы сөз қозғағанда оның кір жуып, кіндік кескен ел-жұртына жасаған жақсылығы ауызға алдымен ілігеді. Сапар Дүйсенұлы да Тауағаш жұрты үшін облыс басшыларына сөзін өткізіп, екіқабатты мектеп салғызып бергенін ауылдастары әлі күнге дейін жыр қылып айтып отырады.
Ал Ұлы Отан соғысында ерен ерлігімен көзге түсіп, Кеңес Одағының Батыры атанған Әбу Досмұхамбетовке облыс орталығында ескерткіш орнатуға табанынан таусылып жүгіргендердің қатарында Сапар Дүйсенұлы да болды. Бүгінгі күні даңқты жерлесіміздің мүсіні Қызылжардағы Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған қазақ мектеп-гимназиясының алдында тұрғаны қаншама жас ұрпақтың бойында мақтаныш сезімін оятуда. Сонымен қатар ол нағашысы жерленген Украинадағы бауырластар зиратына барып, бірнеше мәрте рухына тағзым етіп қайтты.
Сөз арасында Сапар Дүйсенұлының бір атаның жалғыз ұлы екенін айтып өттік. Бірақ өзінің салмақты сыр-сипатымен ауылдастарына да, басқа да ағайын-жұртқа бір туған бауырдай болып кеткен екен. Қызы Сәуле атап өткендей, әке шаңырағынан ешқашан қонақ үзілмепті. Ал анасы қазан көтеріп, ас-суын даярлап, бір қабақ шытуды білмейтін.
– Ертеректегі мынандай бір оқиға жадымда сақталып қалыпты. Мамлютка қаласында тұратынбыз, түн ортасында полиция қызметкері бір көлік адамды үйімізге ертіп келді. Жолаушылардың мұнда ат басын тірейтін туған-туыстары жоқ екен. Сондықтан аудандық полиция бөліміне барып, бір түнеп шығу үшін қазақ отбасын тауып беруді сұраған екен. Әрине, түннің бір уағы болса да, әкем құдайы қонақты төрге оздырды. Анам да әдетінше, жолда көліктері бұзылып, әбден титықтаған жолаушылардың асты-үстіне түсіп әлек. Сөйтіп, үй иесімен әңгімесі жарасқан олар екінші күні әкем мен анама алғыстарын айтып аттанды, – деп еске алады Сәуле Сапарқызы.
Сапар ақсақалдың көпшілікті тәнті қылған тағы бір мәрт мінезі туралы айтпай кетуге болмас. Ол қызмет еткен жылдарында да уақытының тығыздығына қарамай, ауылындағы қаралы үйге көңіл айту азаматтық парыз деп түсініп, жұртшылықтың қайғысына ортақтасуды ешқашан ұмытқан емес. Өзінен кейінгі інілеріне Сапар Дүйсенұлының үлгі болар осындай жақсы қасиеттері аз емес.
Әрине, шағын мақалада өмірі бір кітапқа арқау болар Сапар Дүйсенұлы жайлы жан-жақты айтып шығу мүмкін емес. Ең бастысы, ардақты азамат қызмет бабында әріптестерінің, ал отбасында бала-шағасының ілтипатына бөленіп, абыройға ие бола білді. Адам үшін айналасының құрметіне бөленгеннен артық бақыт бар ма?! Бүгінгі күні немере-шөберенің ортасында, абыз жасқа келіп, қуанышқа кенеліп отырғаны оның көпшілікке жасаған жақсылығының қайтарымы деп түсінген жөн.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.