«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБЫЛАЙДЫҢ АҚ ҮЙІ — ҚАЗАҚТЫҢ КИЕЛІ ОРДАСЫ

Қазақ халқы үшін киелі мекен, түсінген, тереңіне үңілген жанға баға жетпес құндылыққа толы сыр сандық саналатын қаламыздың басты мәдени ошақтарының бірі – “Абылай ханның резиденциясы” мұражай-кешенінің ашылғанына 10 жыл толды. Айтулы мерейтойға орай еліміздің тарих, филология, шығыстану, мәдениеттану салаларының жетекші ғалымдары, ғылыми-зерттеу институты мен орталықтарының, қорық және өлкетану музейлерінің мамандары “Ұлы ханның ордасы – еліміз үшін маңызды тарихи-мәдени ошақ” тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда бас қосты.

Конференцияға қатысушыларды облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан оның орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтады.

– Мұражай-кешен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылып, өңірімізде, республикада баламасы жоқ мәдени ошаққа айналды. “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” картасына еніп, қазіргі таңда республикалық маңызы бар нысандардың бірі болып отыр. Біз бүгінде тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген батырларымыз бен тарихта аты қалған тұлғаларға арнап ескерткіштер орнатудамыз. Солардың ішінде Абылай ханның резиденциясы – еліміздегі бірегей ескерткіш. Елбасының “Ұлы даланың жеті қыры” тақырыбындағы ұлттық сипаты айқын бағдарламалық мақаласын бірнеше күннен бері талқылап, өзектілігі жайлы айтып жүрміз. Президент: “Ұлы дала әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және тағы басқа ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді”, – деп атап көрсетті осы мақалада, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.

Мұражай-кешеннің мерейтойына орай және облысымыздың тарихи-мәдени мұрасын сақтауға қосқан үлесі үшін жерлесіміз, журналист, “Егемен Қазақстан” газетінің тілшісі Жақсыбай Самрат облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталып, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің профессоры, абылайтанушы Зарқын Тайшыбайға облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.

Жақсыбай Самрат мұражай-кешен қала тұрғындарының қонақтарға мақтанышпен көрсететін нысаны екеніне тоқталды. “Жергілікті ақындар “Абылайдың ақ үйі – халқымыздың бақ үйі” деп басталатын өлеңдер мен жырлар шығарып, бірнеше кітапқа арқау болғанын тілге тиек етті. “Абылайдың ақ үйінің” маңыздылығы сонда – ол қазақ жерінің тұтастығын, соның ішінде Қызылжар қаласының қазақтың төл қаласы екендігін дәлелдеуде құнды жәдігер болып отыр. Өйткені, жердің, қоныстың кімдікі болғаны ескі құрылыстар, зираттар, топонимикалық жер-су атаулары арқылы дәлелденген”, – деген ол Абылай ханның өмір жолы, бүгінгі және келешек ұрпақ мәңгі есінде сақтайтын ерлігі жайлы әңгімеледі.

Зарқын Сыздықұлы бүгінгі жастардың Абылай ханның еңбегін, ерлігін әлі жете түсінбей жүргенін айтты. Сондықтан билер мен батырларды, басқа да тарихи тұлғалардың есімдерін жаңғыртып, олардың Отанға деген сүйіспеншіліктерін, ерлік істерін үлгі ете отырып, жас ұрпақты тәрбиелеу қажеттігіне тоқталды.

Алдағы уақытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласында айтылған “Ұлы даланың ұлы есімдері” жобасы жүзеге асырылмақ. Осыған орай оқу-ағарту энциклопедиясы саябағының бір бөлімшесін “Абылай ханның резиденциясы” мұражай-кешенінде ашу туралы ұсыныс айтылды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында тарихшылар, өлкетанушылар, географтар мен журналистер “Абылай ханның қара жолы” экспедициясын ұйымдастырған болатын. Мұрат Ыдырысов бастаған экспедициялық топтың негізгі мақсаты Абылай ханның жүрген жолдарын анықтап, оның ізі мен ескерткіштері бар өңірлерді аралау болатын. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында басталған экспедицияға қатысушылар 4500 шақырым жол жүрді. Конференцияға қатысқан Мұрат Ыдырысов Қызылжар өңірінен бастау алған экспедиция Көкшетау – Астана – Қараөткел – Ақмола – Сабынды – Қорғалжын – Біртабан – Баршын – Шұбаркөл – Ұлытау – Сәтбаев – Жезқазған – Қызылорда –Түркістан – Шымкент – Тараз – Шу – Балқаш – Қарағанды – Астана – Көкшетау бағыттары бойынша жүріп өткенін айтты. Ол “Абылай ханның резиденциясы” мұражай-кешеніне экспедиция бойынша әзірленген “Абылайдың қара жолын білесіз бе?” атты жинақты тарту етті. Экспедициялық зерттеулер бойынша “Абылайдың қара жолы” кітабы жарыққа шығатыны белгілі болды.

Жиында басқа да зиялы қауым өкілдері сөз алып, Абылай ханның ерлігі және мұражай-кешеннің еліміздің мәдени өміріндегі маңыздылығы жайлы баяндамалар оқыды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp