«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБЫЛАЙ АҢСАҒАН АЗАТТЫҚ

Абылай ханның 300 жылдығы елімізде жалпыұлттық ұлағатты той болып аталып өтілді.

XVIII ғасырдағы қазақтың ханы Абылайдың тарихтан алатын орны туралы: “Абылай Керей мен Жәнібек хандар тіккен Қазақ ордасын еңселі ел ету ісіне саналы ғұмырын арнады. Қазақ хандығы деген ұлан-ғайыр жерімізді жаудан азат етіп, еліміздің етек-жеңін бүтіндеді. Оның қазақ халқының тұғыры берік, жұлдызы жарық ел болуын аңсап, осы қасиетті мақсатқа жету жолында найзаның ұшын ғана емес, дипломатияның күшін де жұмсаған заманының аса көрнекті ханы болғанына тарих куә”, – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Абылай аңсаған азаттық” мақаласындағы сөздері еліміздің әрбір зерделі азаматына ой салуға тиіс.

Абылай хан туралы ел жадында сақталған әртүрлі мағлұмат көп. Халқымыз екі ғасыр бойы Абылайға байланысты көптеген аңыздар тудырды, әр кезеңде ақындар жыр-дастандар арнады. Қазақ халқының басынан өткен қилы-қилы оқиғалар мен құбылыстар туралы сөз болғанда XVIII ғасырдағы ауыз әдебиетінің асқақ кейіпкері, халықтың шексіз сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген Абылайдың ғажайып кісілік тұлғасын көреміз. Ауыздан-ауызға жетіп, уақыт көші ілгерілеген сайын жаңғыра жаңарып келе жатқан халық мұрасында Абылайдың адал ұл, ержүрек батыр, көреген қолбасшы, ұлттың кемеңгер көсемі екендігі паш етіледі.

Кезінде Қазақ хандығы туралы орыс тіліне аударылған құжат мәтіндерінің Қазақстан тарихы бойынша арнайы дайындалған ғылыми жинақтарға енгендері бар. Бірақ олардың басым бөлігі кеңес заманында насихат уағызының мүддесіне лайықталып, сұрыпталып, кейде едәуір ықшамдалып қана басылып шықты, оның өзінде қалыптасқан ұшқары ұстанымды дерек көздері арқылы тиянақтау мүддесіне қарай бұрмаланды. Бұл шығармалар тарихтағы Абылайдың өмірі мен қызметін жан-жақты әрі толық көрсете алмады.

Елбасының бастамасымен әзірленіп, қабылданған “Мәдени мұра” бағдарламасы мұрағат мұрасын сақтау және көбейту, зерделеу арқылы қазақ ұлтының қайта өрлеуіне жол ашып отыр. Ұлы ханның өмірі, мемлекеттік қызметі бүгінгі күні жан-жақты зерттелуде. Біздің тарихымыз үшін сонау қиын заманда халықты біріктіріп, оның тұтастығын сақтап, Атыраудан Арқаға дейін созылған ұлан-ғайыр жерді ұрпақтарға қалдырған Абылай туралы деректердің маңызы зор. Әсіресе, сол тарихи дәуірдің құжаттарына баға жетпейді. Құжаттарды жүйелі түрде іздеп, анықтап, жинақтау еліміздің тәуелсіздік алу кезеңінен басталды. Мұрағатшылар мен ғалымдардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Абылай тарихына байланысты мұрағат деректері және XVIII ғасырдан сақталған басқа да құжаттық материалдар анықталып, табылды.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағаты Ресей империясының сыртқы саясат мұрағаты, Ресейдің көне құжаттар мұрағаты (Мәскеу қаласында), Ресей мемлекеттік тарихи мұрағаты (Санкт-Петербург қаласында), Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты, Омбы облыстық тарих мұрағаты, Орынбор облыстық мұрағаты қорларынан табылған елуге жуық құжат тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізіліп, құнды деректер берді.

Сөйтіп, “Абылайдың ақ үйі” туралы аңыз ақиқатқа айналып, 2008 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Петропавлда “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешені ашылып, оның алдына тұлғаның ескерткіші орнатылды.

2013 жылы сәуірде Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының оқу залында ұлы бабамыз, Қазақ хандығын биікке көтерген Абылайдың 300 жасқа толуына арналған “Тәуелсіздік туын көтерген Абылай хан” құжаттар көрмесі ұйымдастырылды. Тұсаукесерге “Асыл мұра” орталығы, мұрағат саласының ардагерлері, мұрағатшылар, журналистер, студенттер қатысты.

Көрмені ұйымдастырудағы басты мақсат – Абылай ханның өнегесінде тәуелсіз Қазақ елінің келешек ұрпағын ойландырарлық тәжірибе мол екенін, сан ғасыр армандаған тәуелсіздігімізді баянды ету үшін береке-бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауға, әлем елдерінің және өз тарихымыздың сан сүрлеуін үнемі есепке алып отыруға баулу.

Тарихшы Е.Бекмаханов: “Шиеленіскен халықаралық жағдайда Абылай бытыраңқы қазақ жерлерін өз қол астына біріктіруге тырысты. Қазақстанды басып алуға тырысқан көршілері – Ресей, Қытай, Жоңғар мүдделерінің қайшылықтарын дұрыс пайдалана отырып, Абылай іс жүзінде елдің тәуелсіздігін сақтап қала алды”, – деген болатын.

Абылай “Жеті жарғы” заңдар жинағын негізге ала отырып, мемлекеттің ішкі жағдайын күшейтуге көп күш жұмсады. Осы заң негізінде қазақтың тайпа, рубасыларын жылына бір рет жинап, хандықтың сыртқы және ішкі жағдайына байланысты мәселелерін талқыға салды. Ішкі саясатта хандық билікті нығайту бағытын ұстанған ол шаруашылық пен сауданы дамытты, тұрғындардан салық жинаудың жаңа түрлері мен мөлшерін енгізді. Мемлекетті орталықтандырылған басқару қағидаты бойынша ұлыстарды жергілікті жерлерде орталық билікке бағынатын сұлтандар арқылы басқарды. Бір орталыққа бағынған қазақ мемлекетін орнатуда ішкі тартыстарды жоюдың тиімді жолдарын таба білген. Хан билігін нығайтып, билер мен батырлардың мемлекеттің басқару жүйесіне белсенді қатысуын қамтамасыз етті. Ру арасында туған жанжал құн заңына сәйкес шешілгенін Бұхар жырау да айтып кеткен.

Сыртқы саясатта қазақ мемлекеттігін сақтауға ұмтылды, көрші мемлекеттермен дипломатиялық байланыстар орнатты және сауда-экономикалық қатынастарды нығайтты.

Қазақ-қытай арасындағы ресми сауданы Абылайдың тапсырмасымен Қабанбай батыр бастаған. Ол туралы Қытай деректерінде 1758 жылы қазақтардың Үрімжі базарына мал әкелгендігі туралы “Қабанбай 300-ден астам жылқыны айдап әкеліп, қыркүйектің 17-жұлдызында Үрімжіде сауда жасады. Ол қайтарда Абылай ханның басқа да адамдары келіп, сауда жасайтынын айтты” делінген.

Абылай Ресей мемлекетінің ішкі саясатына қол сұқпай, ескертпе ретінде қалмақтар айдап кеткен қазақтардың малын қайтаруды дипломатиялық жолмен шешуді ұсынады да, егер бұл мәселені Ресей шешпегенде Қазақ хандығы өз құқығын қорғай алатынын мәлімдеген. Осындай мәлімдемелерде Абылай өзінің нағыз мемлекет басшысы, дипломат екенін көрсете отыра, көрші мемлекеттермен қарым-қатынаста бейбіт жолды басым жүргізеді, олар: хат алмасу, елші жіберу немесе алыс жерге көшіп кету болатын.

Ал Ресей мемлекеті Абылайдың талаптарын орындауға мәжбүр болып, тұтқындарды, айдап әкетілген жылқыларды қайтарған. Ол үш жүздің басын қосып, біріккен күшті Қазақ хандығын құруға, қазақтың “Ақтабан шұбырынды” жылдарында айрылған жерлерін қайтарып алуға күш жұмсады. Абылай өз мақсатын орындауда бірталай табысқа жетті. Оның Орта Азия хандықтарымен соғыстары сәтті аяқталып, Түркістан, Сайрам, Шымкент, тағы басқа қалалар қайтадан қазақтардың қолына өтті. Ал Ташкент алым төлеп тұрды.

Қазақтың қазақ болып қалыптасуы жолында басын бәйгеге тіккен тұлға жайында: “Қазақтың болмысын сақтап, болашаққа үміт-сенім отын жандырған, көрші мемлекеттердің жымысқы оспағына, содыр-тоқпағына қарсы тұрып, бірде айламен, бірде найзамен өнерін асырып, екі ұлы империяны естерінен тандырған, қазақты тірідей үйітіп жегісі келген отаршылардың бағын ақылымен, айбынымен тайдырған, ХVІІІ ғасырдың әлемдік деңгейдегі алып тұлғасы, ғажайып дипломаты Абылай хан ол”, – деді академик Манаш Қозыбаев.

Айбарлы Абылай аңсаған асқақ арманға, ұлы мұратқа бүгінгі ұрпақ жетті. Байтақ еліміздің шекарасын заман талабына сай халықаралық нормалармен бекітіп, әлемдік қауымдастықты мойындаттық. Сол арқылы көршілерімізбен мәңгілік достыққа, өзара тиімді сауда-экономикалық, мәдени байланыстарға негіз қаладық. Бабалар өсиет еткен жерімізде мемлекетіміздің айбатын танытатын, халқымыздың мінезін, бітім-болмысын айғақтайтын әсем Астана салып, тәуелсіздікпен тыныстаған Қазақстан деген абыройлы мемлекет болдық.

Сәуле МӘЛІКОВА,

облыстық мұрағаттың

директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp