«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБЫЛАЙ ХАННЫҢ СЕНІМДІ СЕРІГІ

Адам баласы үшін ең қымбат қазына өзінің туған елі мен жерінің, ата-бабасының тарихы екені рас. Шежіреден сыр тартып, өткен өмірдің өткелдеріне көңіл көзін салғанда санаңа сәуле түсіріп, жүрегіңді нұрға бөлейтін ардақты тұлғаларға бас имей қоймайсың. Қандай адам болсын әйгілі тұлғаның тегі екенін мақтан етеді ғой. Елін сүйген осындай батыр тұлғалардың қатарында аты мәлім болған Құлсары батырдың алтыншы ұрпағы екенімді мен де әрдайым өзіме медет санап, мақтан тұтамын. Біздің тарихи құндылығымыз болып табылатын хандарымыз бен билеріміздің, батырларымыздың ел қорғаудағы ерліктері бүгінгі ұрпағымызға патриоттық күш-қуат, жүректеріне серпін береді.

Еліміздің тарихында Абылай ханға қатысты жазылған түрлі ғылыми еңбектерде, әдеби шығармаларда есімі белгілі батырлардың ішінде Құлсарының есімі көп кездеседі. Ол Ресей патшалығының сол кезде Батыс Сібір мен Орынбор губерниясын басқарып тұрған шенеуніктерімен кездесіп, келіссөздер жүргізіп, қазақ елінің мүддесіне сай қызмет еткен. Мұны Ресей мұрағаттарында сақталған көптеген құжаттардан байқауға болады. Ол құжаттар 1742 жылдың тамыз айынан 1760-1770 жылдарға дейінгі уақыт ішінде хатқа түскен.

1756 жылы Қытай жоңғарларды жойып жібергеннен кейін елдің шығыс өңіріне айрықша қауіп төне бастады. Содан кейін Қытайдың сансыз әскері қазақ даласына басып кіруге оқталды. Көптеген сұлтандар мен қазақ руларының старшындары солтүстік беткейге көшіп кетсе, Абылай бастаған Қожаберген, Құлсары, Құлеке батырлар жасақ құрып, жаудың шабуылына тойтарыс берудің қамына кіріседі. Тынымсыз, шаршап-шалдығуды білмейтін Құлсары ел жасағын құрушылардың басында аз уақыттың ішінде алты мың жауынгер тоғысқан қол жинайды. Сөйтіп, көреген де сұңғыла саясаткер Құлсары батыр отыз жылдан астам уақыт бойы Қазақ хандығын нығайту, оның сыртқы және ішкі саясатын қалыптастыру ісіне белсене қатысады. Ол, сондай-ақ, қазақ руларының арасында бірлік пен бейбітшілік орнатуға бар күшін салып, өзінің беделімен, шешендік өнерімен ауызбірлікке шақырып, қантөгістерге жол бермейді.

Құлсары батырдың Орта жүз өңірінде ғана емес, бүкіл қазақ хандығында салмақты, атақ-дәрежелі, аса ірі әскери қолбасшы болғандығын дәлелдейтін айғақтар жетерлік. Сөзім дәлелді болу үшін мынадай бір деректі келтірейін: “… біз Абылай сұлтанның әскеріміз, басшымыз Қожаберген. Бір мың түндікпен Ертісті жоғары бойлап көшіп барамыз. Бұл жерде екі күн тұрамыз да, Осморыж бекінісіне және одан әрі Құлсары батырдың әскеріне қосыламыз. Оның он мың әскері бар, Ертістің жоғарғы ағысында тұр” (Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты, 1-қор, 1-тізбе).

Құлсары бабамыздың тұрақты қонысы болған жерін мына құжат анық дәлелдейді: “Абылай сұлтан Петропавл бекінісінен 250 шақырым жерде Көкшетау маңын жайласа, Құлсары батыр Есіл өзенінің бойымен Петропавл бекінісінен он шақырым жерде қоныстанған”. Бұл Қызылжар қаласының маңындағы Бескөл ауылы екенін аңғартады. Сонымен бірге оның қонысы айтарлықтай аумақты алып жатқандығы айтылады.

1762 жылы Петр бекінісінің құрылысы басталғаннан он жыл кейін Құлсарының жайлауына 15 адамы бар балташылар келіп, Есіл өзенінің бойында, қазіргі Архангелька ауылының маңында “Орыс үлгісіндегі қазақтардың тұңғыш ағаш үйін” салады. Осыған қарап оның өзі бас болып қазақ елін көшпенділіктен отырықшылыққа қоныстандыруға үлгі-өнеге көрсеткендігін байқаймыз.

Қазақстан Ресей мемлекеті шекарасына жақын жерде Петропавл қаласында Абылай ханның қызмет атқаратын тұрақты ордасы ретінде үй салу мәселесі туралы бірнеше рет Ресей патшалығымен келіссөз жүргізіп, табысты келісімге қол жеткізген де Құлсары бабамыз екені белгілі болды.

Құлсары Бөріұлының ерекше тоқталатын тағы бір қыры – мәмілегерлік саясаткерлігі. Ресей, Цинь империяларына талай барып, екі тараптағы саяси, әскери қарым-қатынастарды ретке келтіріп, қазақ елі үшін зор еңбек сіңірген. Абылай хан оның саясаткерлігін жоғары бағалап, қысылтаяң тұстарда ең жауапты жұмыстарға жұмсап отырған. Тағы бір деректе 1759 жылы 22 желтоқсанда әулие Петр бекінісінде далалықтармен сауда-саттық жасау туралы патша жарлығының шығуына байланысты Сібір корпусының командирі Құлсарыға: “Сіздің қырғыз-қайсақ халқыңыздың игілігі үшін әулие Петр бекінісінде сауда-саттық жүргізуге нұсқау берілді. Бұл ретте орыс көпестеріне осы бекініске тауарларын, ұн, жарма жеткізуге бұйрық шығарылды”, – деген хаттан Құлсары батырдың қазақ елінің игілігі үшін жүргізген кесімді келіссөздерін аңғарамыз. Сібір әскерлерінің командирі, генерал-поручик И.Шпрингердің 1764 жылғы 16 қарашада үкіметтің шетелдік алқасына жолдаған рапортында мынадай сөздер бар: “… в 1761-1764 г. султану Аблаю ежегодно только из крепости святого Петра отпускалось 212 пудов зерна, муки, хлеба, его брату Юлбарсу, батырам Кулсары и Куляке за это же время выдавалось по 100 пудов в год” (В.Я.Басик. Россия и казахские ханства в ХVІ-ХVІІІ в. Е.А. 1971 г. стр.205).

Құлсары батыр туралы аңыз-әңгімелерден гөрі дәйекті тарихи деректер әбден жеткілікті. Сондай деректердің бірі мынадай: “Асыл туған және мәртебелі генерал-майор Антон Данилович Скален мырзаға иіліп сәлемдесемін. Сізге таныс қырғыз старшыны Құлсары батыр жасы келгендіктен және ауру меңдегендіктен дүниеден өтті. Ол Ресейдің ұлы императорына берген антын адал орындады. Оның артында Колбак (Құлыбек) есімді баласы бар. Осы баласы Құлсарының орнына старшындыққа тағайындалып, әкесі алып отырған айлық жалақы, тағы басқа жеңілдіктер осы Колбақ батырға беріліп тұрса, мен Сіздерге риза болар едім. Келісім берген жағдайда кеңірек түсінік беру үшін Колбақ батырды Сіздерге жіберемін». Бұл Абылай ханның 1776 жылы 25 қазанда генерал-майор А.Скалинге жазған хаты. Бұл хат Омбы облыстық мұрағатынан табылған.

Мұндағы негізгі екі дерек – Құлсарының екі елге де танымал, беделді болғаны және оның 1776 жылы дүниеден өткені.

1777 жылдың басындағы тарихи құжаттарда Құлсары батырдың баласы, старшина Құлыбектің қолы қойыла бастағандығы көрінеді. Құлыбек әкесі Құлсары батырдың жолын қуған, мемлекеттік қызметке ерте араласып, әсіресе, әкесінің Ресеймен жүргізген елшілік істеріне қолғабыс жасап жүрген, әкесінің ізін басар сенімді серігі болған. 1777 жылғы тарихи құжаттарда аты шыққанына қарағанда, Құлыбектің мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтерілгенін байқаймыз.

Ендігі бір құжаттарда Құлсары батырдың қазақтардың Қытаймен емес, керісінше Ресеймен оңтайлы қарым-қатынас орнатуды жақтағаны белгілі болды. Осы ретте оның көрегенділігіне қазіргі кезде анық көзіміз жетіп отыр. Әрине, осыдан 230 жылдан астам уақыт бұрын өмірден өткен адам туралы айту оңай емес. Өйткені, ел аузында сақталған әңгімелер қазір жоқтың қасы. Жазушы Тортай Сәдуақасовтың “Ел мен жер” атты кітабында бабам Құлсарының есімі көп кездеседі.

Құлсары “би”, “әулие”, “батыр”, “елші” деп әр жерде әртүрлі жазылады. Деректерге қарағанда Құлсары Ресеймен дау-жанжал, келіспеушілік жағдайында екі арада үйлестіруші, дәнекер болған. Абылай сұлтан үнемі ұрыс-керіс болған жерлерге, барымташыларды іздеуге, жер дауына, тағы басқа да мәселелерді шешуге Құлсары мен Құлекені жұмсайды екен. Олардың шешімді сөздері де бір жерден шығып отырған деседі.

Ресей мұрағаттарында сақталған құжаттарда Құлсары батырдың есімі ең алғаш 1742 жылы аталады. Сол жылғы тамыздың 26-сы күні ол басқа да Орта жүз батырларымен бірге Ресей патшалығына адал қызмет етуге ант берген екен. Оның алдында 4 күн бұрын Абылай сұлтан да ант берген делінген.

Тарихи құжаттарда Ресей патшалығының ұлықтары қол қойған хаттарда Құлсары батырды “старшина” деп атаған. Қазіргі ұғымда ел басқарып жүрген “ел ағасы” дейтін болсақ, бұл – Құлсары батырға орыс патшалығы тарапынан берілген құрметті атақ.

Тағы бір құжатта жазылғанындай, қырқыншы жылдардың басында Құлсары мен Құлекені Орынбор губерниясының тапсырысы бойынша Троицк әскери бекінісінің басшылары шақырады. Әңгіме жоңғарлар мен Абылай сұлтан арасында қақтығыс болуы мүмкін бе? деген сауалдың төңірегінде өрбиді. Сондағы Құлсары мен Құлеке батырлардың берген жауабы: “Жоңғарлар бұдан былай тиісе қоймас. Алда-жалда тиісе қалса, қазақтардың оған тойтарыс беретін шамасы бар. Елін, жерін бұдан әрі қорғай алады”. Олардың бұлай деулерінде негіз жоқ емес. Бұған дейін Ресей мен Қазақ хандығы шартқа отырып, ант беріскен. Қазақтардың сүйенері де, қорғаушысы да мықты. Екінші келісілген мәселе: егер сырттан қазақтарға біреу шабуыл жасаса, соғыса қалса, онда олардың балалары мен әйелдері әскери бекіністерге паналайтын болады. Бұған да екі жақ қарсылық білдірмейді. Одан соңғы талқыланған мәселе жер және оны пайдалану жайында болған. Әр рудың өзіне тиісті жері бар. Олардың арасында талас-тартыс, бірін-бірі ығыстыру жиі кездесіп тұрады. Бірақ екі батырдың көтеріп отырған мәселесі ішкі қайшылық емес, әскери бекіністер арасындағы сызықтар маңы, шекара жиектері, өзендер қойнаулары, т.б. жерлерді қазақтардың әртүрлі мақсатта пайдалануы жайында болады. Қойылған мәселелер бірден шешілмегенімен, кейінгі кезде шешімін табар деген үмітпен оралады батырлар бұл жолы. (З.Тайшыбай. “Абылай хан”. 1980 ж. 81-82- б.).

Құлеке мен Құлсары батырлар – бір кезде қазақ хандығына қызмет атқарған үзеңгілес достар. Екеуі де Атығай тайпасынан: Құлеке – Бәйімбеттен, Құлсары – Құдайберді әулетінен. Құлсары батыр жас жағынан Құлеке батырдан бір-екі жас үлкен дегенді естігенбіз. Ал Құлеке батырдың 1710 жылы туғандығы туралы дерек бар.

Құлсарының қайда туғаны туралы зейнеткер, халық ағарту ісінің үздігі Ескендір Нұрымов былай дейді: “Менің әкем Қасен Маңыбай ауылында 1886 жылы туған, ал шешем Ажар 1890 жылы Ырсай ауылында туған. Шешемнің айтуынша, Ырсай ауылында екі әулие дүниеге келген екен. Шешесінің әкесі Байтақ (Ескендірдің айтуы) бабасының айтуы бойынша солардың біріншісі – Құлсары әулие. Құлсарыға әулиелік, емшілік қасиет он үш жасында қонған дейді. Ол науқастарды тұзбен сипап, ем жасапты. Сонымен бірге болашақты болжап, елге ескертіп отырады екен. Шамасы 12-13 жасында Құлсары ауылдасы Қожан деген досымен оңтүстіктен келген саудагерлердің керуеніне түйе жетектеуші болып Тараз жаққа барса керек. Онда жылдан аса жүріп келген соң ауылында әулиелік қасиеті біліне бастайды. Құлсары жігіт кезінде Есіл бойын жаулап алмақ болған қалмақтарға қарсы қол жинап, жерлестері Құлеке, Жанатай, Маңыбай батырлармен бірге Абылай ханның басқаруымен қалмақтарды қырады. Бұл шайқас С.Сейфуллиннің “Көкшетау” поэмасында суреттелген.

Құлсары әулие шөбересі Ізбасардан (Басар) әулие шарапатты ер бала туады. Ол баланың аты Қиықсары қойылады. Қиықсары сегіз жасында жазатайым Есілге суға ағып кетеді, баланы біраздан соң судан алып шыққанда бала тірі, оң қолында бір уыс тұз ұстап шығады. Қиықсарының да әулиелік, емшілік қасиеті 13 жасында біліне бастайды. Бұл әулие де тұзбен ем салады екен. Ескендір Нұрымұлының әңгімесінен көп мағлұмат алдым. Құлсары әулие бабамның әкесі Бөрінің жайлауы Торанғұл көлі болған екен. Ол көлді Бөрі-Торанғұл деп атауы да тегін емес. Бөрі әулеті қашан қар түсіп, суық болғанша сол көлді жайлаған.

Бабамның мәңгілік мекені – Есіл ауданындағы Жалғызтаудың батыс беткейінде, таудың сілемді жалғасы іспеттес көрнекі жердегі қыраттың үстінде, Бұлақ ауылының оңтүстік беті, арасы жеті шақырымдай жер. Алыстан көзге түсетін Жалғызтаудың жоталарының бірін таңдап жерленуі тегін емес. Жалғызтау өңірі әулие-батырлардың пантеоны іспеттес. Бұл жерде бес әулие жерленген. Құлсары бабамыз көзінің тірісінде айтқан өсиетімен, тапсыруымен осы еңселі жерге қойылған болуы мүмкін. Бейіт қыраттың құбыла жақ беткейіне орналасқан.

Жалғызтаудағы биік жотаның басындағы мұсылмандар зиратына кеңестік дәуірдің өзінде адамдар алыс-жақыннан келіп, аруақтарға Құран бағыштап, дұға оқып, түнеп кетіп жатқанын білетінбіз. Ел арасында бұл төбе “Әулие төбе” аталып кеткен. Кейін барып бұл қорымның “Құлсары бабамыздың” зираты екенін көнекөз қариялар дәйектеп берді. Содан 1958 жылы әкем Қалиасқар Рахымұлы зират басына белгі ретінде құлпытас орнатты. Темірден қоршау салды. Бейіттің аяқ жағында тас жақпарын жарып шыққан жалғыз қайың өсіп тұр. Бабамыздың әулиелік, емшілік, көріпкелдік ғажайып қасиеттері жайлы жұртшылық көп біле бермейді. Ол түсінікті де. Бертінге дейін небір құндылықтарымыз өткеннің сарқыншағы ретінде тыйым салынып келді. Тәуелсіздіктен кейін ғой, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырып, күй кешіп жатқанымыз.

Соңғы жылдары батыр, әулие бабамызды ұлықтау жолында біраз іс-шаралар жасалды. Соның ішіндегі ең маңыздысы Құлсары бабамыздың басына кесене орнату болды.

“Мәдени мұра” бағдарламасына байланысты кесене салуға 2004 жылы рұқсат берілді. Оған облыстан ынталы топ құрылып, Құдайберген Қалиев төраға болып, Жақсылық Ысқақов, Қоблан Хамзин, Сайлау Өтеев, Берік Мұқышев, тағы басқа да азаматтар бабамыздың атын жаңғыртуға, халықтың өшпес мұрасына айналдыруға тер төгіп, еңбек етті. “Білек бірікпей, күш болмас, саусақ илікпей, іс оңбас” демекші, жүрегінде иманы бар, кеудесінде намысы бар азаматтардың біразы бұл игі іске атсалысты. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демекші, осы істе көкейкесті мәселелерді алға тартып, игі істің атқарылуына күш берген академик бауырларымыз Камал Бұрқанов, Аманжол Қошанов, Бүркітбай Аяғанның еңбектері зор болды.

Қазақ хандығы тұсында еліне қорған болған батыр бабамыздың есімі қазақ тарихында мәңгі қалады.

Мағжан РАХИМОВ,

еңбек ардагері,

 Қызылжар ауданының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp