«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Абыройлы азамат еді

Бұл азаматпен мен 25 жыл қызметтес болдым. Жеткен жетістіктеріне куәмін. Сүрінген сәттерін де көрдім. Ол сұрапыл соғыс жылдары 14 жасында Петропавлдағы Киров атындағы зауытқа шебердің шәкірті болып жұмысқа кіріп, цехтың бастығы, директордың орынбасары қызметтерін атқарды, кейін ширек ғасырдан астам уақыт осы зауытты басқарды. Оның есімі – Мидхат Усманұлы Сүтішев.

Мен әскерден кейін өзіміздің пединститутты тамамдап, он жыл­дық мектептің директоры болып ауылға кеттім. Бұған дейін мал­шы, құрылысшы, жүргізуші, мұға­лім, зауытта ұста болып түрлі са­ла­да жұмыс істеп үлгердім. Жо­ғары оқу орнын бітіргенде жасым 32-де еді. Екі баланың әкесімін. Бала күнгі арманым – техникалық білім алу еді. Алайда, Петро­павл­да басқа оқу орны болмаған соң физматқа түстім. Бірер жыл мек­тепте жұмыс істегеннен кейін, за­уытқа барғым келетінін айтып, об­лыстық оқу бөлімінің басшы­сына қыңқылдай бастадым. Ақыры көн­дірдім.

Үлкендер жағы жақсы біледі, әс­кери зауытқа сырттан келгендерді бірден ала қоймайтын, әсіресе, құпия өндіріске жолатпайды. Ки­ров зауытының бастығы татар жі­гі­ті екенін естігенмін. Сыйлы аға­мыз, соғыс ардагері, “Социалистік Қазақстан” газетінің фототілшісі Есілбай Қазыбековпен жақсы қа­рым-қатынаста екен. Есілбай аға мені мақтаса керек, “құжаттарын алып кадр бөліміне келсін, олар маған жеткізеді”, – депті. Кадр бө­лімінің бастығы директорға алып барды. Кең бөлменің төрінде маң­дайы салақарыс, қараторы, көзі үлкен адам отыр екен. Орны­нан тұр­ды. Ұзын бойлы денесінде ар­тық еті жоқ. Қол беріп амандасты. Менің аты-жөнімді, өмірбая­ным­ды біліп алыпты, бірден:

– Шериаздан, қандай жұмысқа орналасқыңыз келеді? – деді.

– Конструктор болғым келеді.

– Арнайы білім керек қой?! – деді маған таңдана қарап.

– Үйренуге тырысамын.

– Сіз одан да жұмысты шебер болып бастаңыз, кейін өзіңізді көр­сетсеңіз цехтың бастығы болып әрі қарай өсуге болады, – деп нығыздап айтты.

– Конструктор болғым келіп еді, – дедім тағы да. Сөзімнің соңы ес­тілер-естілместей шықты. Ме­нің таң­­дауымды онша қостамаға­нын іш­­тей сездім. Аз ойланды да кадр бө­лімінің бастығын шақырып алып:

– Шериазданды 3-ші бөлімге апар, – деді нық дауыспен. 3-ші кон­структорлық бөлімнің бастығы толықша келген, сірескен біреу екен. Директордың жіберген кадр­ларына секемдене қарайтын сияқты. Әсіресе, қаракөздерді ұна­та қоймайтынын кейін білдім.

– Арнайы біліміңіз жоқ қой, бір ай­лық сынақ шартымен инженер-конструктор қылып алайық, – дей салды селқос. Бір ай деген лезде өте шықты. Аз уақыттың ішінде істі меңгеріп алдым.

1971 жылдың басы. Социалис­тік жарыс жайында қаулы шыққан кез. Бір күні мені директорға ша­қырды. Келсем ұжым түгел осын­да екен. Директор қаулымен та­ныстырды. Ұзын сөздің қысқасы, ма­ған тура қарап тұрып:

– Бұл істі басқаруды сізге тап­сырмақпыз, бәріміз көмектесеміз. Іске лайықты адамдарды ұжым­нан өзіңіз таңдап аласыз, қолы­ңызда жарысқа арналған 120 мың рубль қор болады және зауыт ұжы­мына қаладан бөлінетін дүние-мүліктің бір бөлігі жарыстың же­ңімпазда­ры­на беріледі, тағы да бас­қа же­ңілдіктер болады, – деді.

Директордың сөзін басқалар да қызу қолдап жатыр. Мидхат Ус­манұлы осымен екінші рет маған зор сенім білдіріп отыр, оның өті­нішін орындамау адамшылығыма сын.

– Тәуекел, – дедім. Бәрі қо­лым­ды қысып, құттықтап жатыр. Қа­жетті мамандарды таңдап алып, іске кірістік. Неден бастау керек? Көпшілікті қалай жарысқа жұмыл­дыру керек? Директор маған то­лық еркіндік берді. Еуропада, Сі­бірде орналасқан атақты зауыт­тар­ға барып, олардан мардымды ештеңе таба алмадым. Лениннің бұл жарыс жайында жазғандарын зерделеп, жүйесін жасауға кіріс­тік. Жүйе жасалды. Сәтті шықты. Кейін оны өзге зауыттар да пай­да­ланды. Облыстық партия комитеті біздің жарыс жүйеміз бойынша ар­найы буклет шығарды. Жарыстың нәти­жесі де өте жоғары болды. Өні­мі­­мізге “Сапа белгісі” берілді. Мә­де­ниетке, спортқа ерекше көңіл бө­лінетін болды, зауыттың бұ­рынғы ескі ғимараттары сыры­лып, жаңа кешендер, тұрғын үй­лер, балабақшалар салынып, жұ­мысшылардың тұрмыс жағдайы жақсарды. Мидхат Усманұлы жа­ңадан іске қосылған екі балабақ­шаны қазақша атауды ұсынды. Әри­не, қарсылар қасарысып бақ­ты, бірақ адуынды директор біре­уін “Салтанат”, екіншісін “Гүлдер” деп қойғызды.

Сәбит Мұқановтың 80 жылды­ғына арнап оның бюсті жасалған, оны орнатуға келгенде де дау бол­ды. Директор ескерткішті жазу­шының атындағы кітапхананың қа­с­ына қою керектігін айтқанымен, қаланың басшылары қарсы бол­ды. Бұл әділетсіздікке ренжіген Мидхат Усманұлы бюстті Сәбит Мұ­қанов пен бұрынғы Мир көше­сінің қиылысына, дәл өз үйінің ма­ңайына орнатқызды. Сол жерде қанша тұрғаны есімде жоқ, шаһар басшылары ауысқаннан кейін ға­на қазіргі орнын тапты.

Өткен ғасырдың 80-ші жылда­ры­на дейін зауытымыз әскери өнім ғана шығарды. Азаматтық өнім 2 пайызды ғана құрады. “Ишим” ра­диоқабылдағышы мен электрова­фельница ғана. Орта­лық комитет халыққа керек жаңа та­уарлар шы­ғаруды әскери за­уыт­тарға мін­дет­теді. Байланыс ми­нистрлігі ра­дио­ларға конкурс жа­рия­лады. Мит­хат Сүтішев бұл іске білек сыбана кірісті. Қажет маман­дарды жинап, Жапонияның бір өні­мін үлгі ре­тінде алып, шұғыл да­йындықты бас­тады. Топты өзі бас­қарды. Жос­парлаған уақытта жа­ңа өнім да­йын болды. Мидхат Ус­манұлының ұсынысымен оған “Қа­зақстан-101” деген атау берілді. Кон­курстық комиссия біздің тауар­ды жеңімпаз деп таныды. Осы­лай­ша, Мәскеу, Ле­нинград, Киев, Ри­га, Сверд­ловск, Омбы, Новосі­бір қала­ла­рында орналасқан за­уыттарды шаң қаптырдық. Өнімді шығаруға арналған жаңа кешен салынды (Горький мен Партизан кө­ше­ле­рінің қиылысында). Алай­да, ата­уына аздап өзгеріс кіргізіп, “Ме­део” деп нарыққа шықты. Сұ­ра­ныс өте жоғары болды!

Мидхат Сүтішев басқарған жыл­дары зауыттың сыртқы да, ішкі де ре­ңі айтарлықтай өзгерді. Орта­лық алаңда Кировқа ескерт­кіш ор­натылды, қасында көз тар­татын су­бұрқақ тұр, сирек кез­де­сетін ағаштар жайқалды, әсіресе, жаз­да иісі мұрынды жаратын, ма­ңа­йынан кеткің келмейтін гүлдер жайнады.

Мидхат Усманұлының зауытқа басшылыққа тағайындалуы да оңай болмағанын кейін білдім. Бұ­рынғы директор кетерде орны­на Сүтішевті ұсынғанымен ұжым­ның коммунистері қарсы шығыпты. Қалалық партия ұйымына хат тү­сірген: “Осынша орыстың ішінен ди­ректор болатын бір адам та­был­­мады ма?” – деген мазмұнда. Қалада бірінші хатшы Тауфих Мұ­хамед-Рахимов болатын, ол хат жазғандарды шақырып алып, ой­лары қате екенін беттеріне басып, сабаларына түсіріпті. “Нағыз коммунист ол интернационалист, ол адамды ұлтына, терісінің ақ-қара­сына бөлмейді, партияның ісіне шы­найы берілгені, қолынан іс кел­гені маңызды. Мидхат Усман­ұлы Сүтішев осы айтқандарға толық сай келетінін көз алда­рың­да ісі­мен дәлелдеген жоқ па?” – деп үн­дерін өшірген екен.

Мидхат Усманұлының жасы зей­неткерлікке жақындаған сайын баяғы шовинистердің қалдықтары қайта бас көтере бастады. Бәй­теректі құлату үшін алдымен та­мырларын қырқу керек деп ди­ректордың сенімді адамдарын қу­далауға кірісті. Екінші айлалары – жоғарыға арыз жаза беру, “дирек­тор үйтіп жатыр, бүйтіп жатыр” деп қаралау. Жоғары жақ тексер­генімен, ешқандай заң бұзушы­лық таппады. Алайда, домалақ арыздар да тоқтамады, жоғары­дан нұсқау солай болған сияқты.

Тоқтаусыз жылжыған уақыт Горбачевтің дәуіріне алып келді. Оның демократия, жариялық, қай­та құру деген бастамалары жақ­сылығымен қатар көп қателікке ұрындырды. Соның бірі – бастық­тарыңды өздерің сайлап алыңдар дегені. Төменгі буын жұмысшы­лар кімді сайлады? Әрине, жақын­дарын, бірге ішіп-жегендерді сай­лады. Одан іс қалай алға бассын? Қаланың, облыстың басшылары бұл жағдайды “оңтайлы” пайда­лан­ды. Директор сайлау деген ал­ғашқы экспериментті Киров за­уыты өт­кізді. Алайда, сайлауға бұ­рынғы директордың кандида­ту­ра­сын қоспады. Сүтішевті қосса же­ңіп кетуі мүмкін еді. Осылайша, одан оп-оңай құтылды. Бүкіл өмі­рін осы ұжымға сарп еткен адамға бұл өте ауыр соққы болды. Әлсін-әлсін жү­регі қысып қалатынды шығарды.

Мидхат Усманұлы қатты ауы­рып жүр дегесін, көңілін сұрауға үйіне бардым. Жүдеп қалыпты. Амандық-саулықтан кейін, тере­зеден далаға көз салды. Зауыт­тың кіріп-шығатын есігі дәл қар­сыда болатын. Зауыттың мүлкін жан-жаққа әкетіп жатқандарды көріп, былай деді:

– Мен 30 жылдан астам уақыт дүние-мүлікті зауытқа тасып едім. Қазір соларды талан-таражға сал­ғандарын көріп, жүрегімді біреу пышақпен тіліп жатқандай сезім­демін! – деді ауыр күрсініп. Шіркін, дүние-ай! Кеше ғана өзін осы за­уыттың қожасындай сезінуші еді, енді міне торға түскен арыс­тандай әйнектен қарап, торығуда.

Киров атындағы зауыт – 85 жыл­дық тарихы бар өңіріміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан алып өндіріс орындарының бірі. Аталмыш кәсіпорынды абырой­мен басқарған Мидхат Усманұлы Сүтішев тірі болғанда 9 мамырда 95-ке толар еді. Бірер жыл бұрын неме­ре­леріммен бірге өлкетану музейін араладым. Көңі­лім құла­зып шықты. Басқа зауыт­тар­дың бұ­рынғы бастықтары жай­лы мәлі­мет бар, ал қалаға, өңірге ұшан-теңіз жақсылық жасаған, Ки­ров зауытын ширек ғасыр бас­қар­ған, қаламыздың құрметті аза­ма­ты Мидхат Сүтішев жайында ақпарат мүлде жоқ. Бұл қалай болғаны деген ой мазалай берді.

Шериаздан БАШЕЕВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp