«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБЫРОЙЛЫ АЗАМАТ

Біздің өңірде де еліміздің өсіп-өркендеуіне, ауыл шаруашылығы саласының дамуына атсалысқан аға ұрпақтың өкілдері аз емес. Талай қиындықты бастан өткерген Ерсайын Ғалеев – осындай азаматтардың бірі. Өмірі өнегеге толы Ерсайын Қожанұлы туралы кейінгі ұрпақ білуі тиіс деп ойлаймын. Сондықтан қолыма қалам алып отырмын.

Есіл ауданында дүниге келген азаматтың балалық шағы зұлмат жылдармен тұспа-тұс келді. Соғыс басталғанда ол небәрі бір жаста ғана болатын. Шалкебай ауылына жақын Яковьте (Жәшке ауылы) бастауыш білім алып, 1954 жылы Октябрь жетіжылдық мектебін тамамдаған Ерсайын кейін Петропавл қаласындағы Калинин атындағы №5 қазақ орта мектебінде оқиды. Көзі ашық, көкірегі ояу бозбала 1958 жылы Ленин ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, зооветтехник мамандығын алып шығады.
Ол еңбек жолын “Аменгелді” кеңшарында бастады. Алайда, әу баста агроном болуды алдына мақсат еткен жас маман білімін жетілдіріп, тәжірибесін шыңдауға ұмтылды. Сөйтіп, Целиноград ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. Осыдан кейін Ерсайын Қожанұлы Қызылжар, Есіл аудандарындағы бірқатар кеңшарларда тұқымтанушы, бөлімше агрономы болып жұмыс істеді. Өзінің еңбекқорлығымен, ұқыптылығымен, жауапкершілігімен көзге түскен Ерсайын Қожанұлы өз ортасына сыйлы болды. Әсіресе, “Амангелді” кеңшарының басшылығы білікті маманның іскерлігін лайықты бағалады. Сөйтіп, ол 1975 жылы Ленин аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының жетекші маманы болды.
“Алтын кездік қап түбінде жатпайды” дегендей, іскерлік қабілетімен көзге түскен азамат кешікпей бір кездері өзі білім алған Ленин ауыл шаруашылығы техникумының оқу-тәжірибе шаруашылығына директор болып тағайындалады. Жаңа жұмыс орнында да ол өзіне көрсетілген сенімді ақтауға тырысты. Ерсайын Қожанұлы сөздің емес, істің адамы. Сондықтан аталған шаруашылықты басқарған жылдары жаңа үйлер салып, Мәдениет, Еңбек, Мектеп ауылдарының тұрғындарын еңбекке жұмылдыра білді. Осындай жаны жайсаң, ары таза азаматтың жұмысшыларға жасаған қамқорлығын көпшілік осы уақытқа дейін айтып отырады. Тапсырылған жұмысты тыңғылықты орындайтын ол шаруашылықта жұмыс істейтін азаматтардан да соны талап етті. Соның арқасында 1980 жылы дәнді дақылдың әр гектарынан 24 центнерден өнім алған оқу-тәжірибе шаруашылығы аудандық партия комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Ерекең Шал ақын ауданындағы кеңшарлардың бірінде бөлімше басқарып, кейін Бескөл кентіне қоныс аударды. Құс фабрикасында агроном, аудандық халықтық бақылау комитетінде инспектор қызметін атқарды. Ол қай жерде жұмыс істесе де, азаматтық абыройын бәрінен де биік қойды. Сондықтан ол өз ортасында беделді болды.
Өнегелі өмір жолын қызығынан гөрі қиындығы көп ауыл шаруашылығы саласына арнаған Ерсайын Қожанұлы зейнетке шыққанша жұмыстан қол үзген жоқ. Құдай қосқан жары Майра Әбілқайырқызымен жарты ғасырдан астам тату-тәтті өмір сүріп, бес перзентіне лайықты тәрбие берді. Балаларының жоғары білім алуларына да жағдай жасады. Қос бәйтеректен өсіп-өнген ұрпақ бүгінде әр салада табысты еңбек етуде. Үлкен ұлы Мұрат әскери қызметте болса, қызы Гүлнәр Біріккен Араб Әмірлігінде тұрып жатыр, ал кенже қызы Гүлмира республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінде жұмыс істейді.

Әскер НҰРМҰҚАНОВ,
еңбек ардагері 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp