Облыс орталығындағы “Фрегат” ЖШС-і – шұжықтар және жартылай дайындалған ет өнімдерін жасайтын іргелі кәсіпорын. Шаруашылық соңғы 20 жыл бойы өңір экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі үлес қосып келеді.
Экологиялық таза, сапалы өнім шығару – ет комбинатының басты мақсаттарының бірі. Осыны қадағалайтын қызметкерлерге үлкен міндет жүктеледі. Солардың қатарында Қайрат Смаилов та бар. Ол аталмыш кәсіпорында 18 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан мал дәрігері. Өндірістік бақылау жұмыстары соған жүктелген.
Өз мамандығын бүге-шігесіне дейін білетін Қайрат Әйтенұлы ұжымға да сыйлы. Бөтен сөз, артық қылығы жоқ ол өндіріс орнының тұтынушылар алдындағы жауапкершілігінің маңызын жете түсінеді. Сондықтан комбинатқа жеткізілген шикізатты мұқият тексереді. Қайрат Смаилов Целиноград ауыл шаруашылығы институтын тамамдағаннан бері осы салада еңбек етіп келеді. 30 жылға жуық еңбек өтілі бар оның білетіні көп. Сондықтан серіктестік Қайрат Әйтенұлы сынды қызметкерлердің жұмысына үлкен сеніммен қарайды.
Талғат ТӘНІБАЕВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген автор.