
Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаевтың атына Петропавл қаласының тұрғыны Василий Брацуннан хат түсті. Ол қылмысты ашу барысында кәсіби әрі жедел әрекет еткені үшін Қызылжар ауданы тәртіп сақшыларына алғыс білдіріпті.
Василий Брацунның Соколовка ауылындағы ауылшаруашылық жабдықтарын жөндеумен айналысатын кәсіпорнына қыркүйек айында екі рет ұры түскен. Олар қымбат жабдық пен қосалқы бөлшектерді қолды қылған. Алайда, жергілікті полицейлер жедел іс-шаралардың нәтижесінде қаскөйлерді бір тәулікте анықтап, ұрланған заттарды иесіне қайтарды. Оқиға орнында жедел қызметкерлер және учаскелік полиция инспекторлары жұмыс істеген. Айта кететін бір жайт, мұндай келеңсіз оқиға кәсіпорында былтыр да орын алған. Жергілікті тәртіп сақшылары сол кезде де қылмысты “ізін суытпай” ашып, ұрыларды құрықтаған екен.
Биылғы жылы ведомство бастығының жеке блогына және электронды поштасына облыс тұрғындарының атынан ондаған алғыс түсті. Адамдар қылмысты ашу, із-түзсіз жоғалған туған-туыстарын іздеу барысында кәсібилік танытқан полицейлерге ризашылық білдірген. Жыл басынан бері облыс полицейлері 4 мыңнан аса қылмысты ашып, 100-ден аса солтүстікқазақстандықтың жүрген жерін анықтады. Азаматтардың алғысы құқықтық тәртіпті сақтаумен айналысатындар үшін еңбегінің өтеуі әрі ынталандыру болып табылады.