«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБЫРОЙ ЖОЛЫ

Кез келген мемлекеттегі сияқты судьялардың әдеп ережелері де сот билігін жүзеге асыруда әділ болуға, азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін қадірлеуге, өзінің iскерлiк беделiн қорғауға бағытталған. Осылайша халықтың сот билігіне деген сенімін арттыруға ықпал ету көзделген.

Қазіргі қолданыстағы “Судья әдебінің кодексі” 2009 жылы 18 қарашада судьялардың V съезінде қабылданды, құжат 9 баптан тұрады. Бірақ бұл құжаттың бүгінгі қоғамның талаптарына сай келмейтін тұстары да бар. Осыған орай Мемлекет басшысының өкімімен 2013 жылдың 12 сәуірінде жұмыс тобы құрылып, олар Судья әдебі кодексінің жобасын әзірледі.  

Жаңа кодекстің жобасы бес тарауға бөлінген, 8 баптан тұрады, ол Қазақстан Республикасы Конституциясының, “Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы” Заңның және халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған принциптері мен нормаларына негізделген.

Кодекс жобасында судьяның мінез-құлық принциптеріне ерекше көңіл аударылып, оның сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңды және ар-ожданын басшылыққа алып, шешім қабылдау қажеттілігі көрсетілген.

Судья сот билігінің беделін түсіретін, абыройына нұқсан келтіретін және сот төрелігін жүзеге асыру кезінде оның объективтілігі мен бейтараптылығына күмән тудыратын жағдайлардың бәрінен өзін аулақ ұстауға тиіс. Жұмыстан тыс кезінде де судьяның мінез-құлықтары мен сыртқы келбеті оның қызметіне лайықты болуы керек, қызмет бабын өзінің жеке басының, отбасы мүшелерінің немесе өзге тұлғалардың мүдделері үшін пайдаланбауға тиіс.

Жобаның қазіргі қолданыстағы кодекстен айырмашылықтарының бірі – судья әдеп талаптарын бұзған жағдайда тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Әдеп нормасын бұзу фактісі сот төрағаларының, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, бұқаралық ақпарат құралдарындағы басылымдар бойынша сот қауымдастығының өкілетті органының шешімімен анықталады. Ал сот төрелігіне ықпал ету немесе араласу фактісі болған жағдайда судья сот төрағасына және құқық органдарына хабарлауға міндетті.

Судьяға мемлекеттік мүлік пен қызметтік куәлігіне ұқыпты қарау, азаматтық құқықтарын адал пайдалану және азаматтық міндеттерін орындау жүктелген. Әрине, құжатта судья әдебінің нормаларын егжей-тегжейлі көрсету мүмкін емес, тек судьяның мінез-құлығына қатысты негізгі шектеулер айтылған.

Бұл Кодексті мінсіз құжатқа айналдыру – судьялардың басты міндеті. Себебі, елдің сот төрелігіне деген сенімін арттыру, оны құрметтеу және сот билігін нығайту үшін судья мінсіз тұлға болуы керек. Әрбір судья істі қарағанда ешкімге тәуелсіз, жалпы адамзат құндылықтарын – шындықты, әділдікті басшылыққа ала отырып, тек заң негізінде шешім, үкім шығаруы қажет.

Халқымыз әрқашан да дауласушы тараптарды келісімге келтіріп, сөйтіп дауды шешу барысында теріс әрекеттерді жоюға тырысатын. Туындаған даулардың шешімін дала заңын жақсы меңгерген, өнегелі тұлғалар, яғни билер тапқан. Тараптарды бітімгершілікке шақырып, қазақ қоғамының тұрақтылығы мен беріктігіне ұйытқы болған. Дауды әділ шешкен билерді “қара қылды қақ жарған” деп атаған, бүгінгі күннің судьялары да осы атқа лайықты бола білуі тиіс

Қалжан ЕРМАҒАНБЕТОВА,

Петропавл қаласы №2 сотының судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp