Облыста қоғамдық көліктер мен аялдамаларды зарарсыздандыру шарасы жүргізілуде. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінің филиалында өткен баспасөз мәслихатында Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Досұлан Босынов мәлімдеді. Облыс орталығындағы 462 автобус аялдамасы инфекцияға қарсы ерітінділермен тазартылуда.
Петропавл қаласында жолаушылар тасымалымен төрт ірі және алты шағын кәсіпорын айналысады. Олар күн сайын он бір бағытқа 260 қоғамдық көлік шығарады. Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты автобус соңғы аялдамаға жеткенде санитарлық тазалау жүргізіледі. Әсіресе, жолаушылар ұстайтын тұтқалар мен орындықтарды тазартуға баса назар аударылуда.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Аслан Исин коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында еңбекті ұйымдастыру мәселесіне тоқталды. Еңбек туралы заңнамаға сәйкес басшылық қарамағындағы қызметкерлердің алаңсыз жұмыс істеуі үшін тиісті жағдайды жасауға міндетті. Егер ұйым қызметкерлердің қашықтан жұмыс істеуін қамтамасыз ете алмаса, жартылай жұмыс күнін ұйымдастыруға болады. Яғни, жұмыс күнінің уақытын, ауысымын қысқарта алады. Қызметкерлерді індеттен қорғану мен алдын алу шараларына қажетті барлық құралдармен қамтамасыз ету де жұмыс берушінің міндеті.
– Қашықтан жұмыс істеуге көшу немесе уақытты қысқарту жөнінде жұмыс беруші мен қызметкер өзара келіседі. Жұмыс уақыты қысқартылған жағдайда, жалақы соған сәйкес төленеді. Алайда, бұл жағдай оның еңбек демалысы мен өтіліне және заңнамада қарастырылған басқа да құқығына қайшы келмеуі керек. Жұмысшыларды ақысы төленбейтін демалысқа жіберу сияқты шаралар өзара келісіммен жүзеге асырылады. Ал қысқарту шарасы қолданылса, басшы қызметкерге тиісті өтемақы төлеуге міндетті, – деді Аслан Исин.