“Облыс орталығының іргесінде тұрған елді мекенде қоғамдық көлік мәселесі шешімін табар емес. Бүгінге дейін Қызылжарға жол-жөнекей өткен көлікпен жетуге мәжбүрміз. Түрлі деңгейдегі әкімдер есебінде бұл мәселені шешіп беруді сұрағанымызбен, жабулы қазан жабулы күйінде қалып отыр. Ауылдықтарды шаршатқан бұл мәселе қашан шешілетінін білгіміз келеді?”.
Оқырман сауалына қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің сектор меңгерушісі Ғали Әбдірашев жауап берді:
– Қызылжар ауданындағы Шахау ауылы Петропавл қаласынан 14 шақырым қашықтықта орналасқан. Десек те, іргедегі ауыл тұрғындары қоғамдық көліктің жоқтығынан қиындықтар көруде. Осыған дейін қала мен ауыл арасына қатынайтын автобус жүргізушісі жолдың сапасыздығына шағымданып, қызмет көрсетуден бас тартқан-ды.
Алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табады. Облыс орталығы мен Шахау ауылы арасында уақытша қоғамдық көлік бағыты ашылатын болады. Қоғамдық көлік Петропавлдағы вокзал – Сәтбаев көшесі – Караван көшесі – Шахау ауылы бағытында жүреді. Бұл салада жұмысын жүргізіп отырған жеке кәсіпкерлер ауыл тұрғындарына көмек бергілері келсе, Петропавл қаласы, Қазақстан Конституциясы көшесі, 23 мекенжайында орналасқан қала әкімдігінің №11 кабинетіне немесе 8 (7152) 46-88-71 телефон нөміріне хабарласулары керек.