«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ ЖАЗАЛАНДЫ

Облыстық сотта жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған жаяу жүргіншіні қағып кеткен автобус жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қаралды.

Жол-көлік оқиғасы осыдан бір жыл бұрын орын алған еді. Күндізгі уақытта Нұрсұлтан Назарбаев көшесінің бойымен келе жатқан бағыттық автобус масаң күйдегі ер адамды соғып кеткен. Салдарынан ашық бас-ми жарақатын алған жаяу жүргінші тірі қалғанымен, екінші топтағы мүгедектікке ұшырады. Еңбекке қабілеттілігінің 70 пайызын жоғалтқан ол енді басқа адамның көмегі мен күтіміне мұқтаж. 

 Қоғамдық көлік жүргізушісі жолда жүру ережесін бұзып, өзге адамның өміріне немқұрайды қарады деп айыпталып отыр. Дегенмен, ол өзінің кінәсін мойындаған жоқ. Петропавл қалалық соты жүргізуші рұқсат етілген жылдамдықты арттырмай, көлікті тоқтатуға тырысты деген қорытынды шығарып, айыпталушыны ақтады. Соттың үкімі бойынша, жаяу жүргінші жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғандықтан, автобусты тоқтатып үлгеру мүмкін болмаған. Алайда, Петропавл қалалық прокуратурасы бұл үкіммен келіспегендіктен, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағым жолдаған. Ол қанағаттандырылып, жүргізуші бір жылға бас бостандығынан айырылды. Оның үстіне, үш жыл көлік жүргізу құқығынан айырылып, моральдық шығын ретінде жапа шегушіге бір миллион теңге төлеуге міндеттелді. Айта кету керек, апелляциялық үкім де қайта қаралуы мүмкін.

Динара ТӨЛЕҢГІТОВА,
облыстық соттың баспасөз хатшысы.

Cурет https://pkzsk.info/ сайтынан алынды.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp