Үкімет жуырда төтенше жағдай кезінде медициналық сақтандыру жарналары бойынша берешектері бар тұрғындардың кейбір санаттарына МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесін беру бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бастамаларына қолдау білдірді.
– Біз әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына келіп түскен өтініштерге талдау жасадық және азаматтардың сақтандырылған мәртебесінің болмауының негізгі себептерін анықтадық. Қазақстандықтардың бір бөлігі қатаң карантин мен төтенше жағдай кезінде МӘМС жүйесіне жарна төлеу мүмкіндігінен айырылды. Олардың медициналық көмекке қол жеткізуіне қолдау қажет болды. Қор Денсаулық сақтау министрлігі мен Үкімет қолдаған осындай ұсыныстарды әзірледі, – деді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов.
Талдау көрсеткендей, “сақтандырылған” мәртебенің болмауының негізгі себебі – 42,5 мың теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем алу үшін бірыңғай жиынтық төлем жасалуы. Осыған байланысты ақпараттық жүйелер оларды автоматты түрде БЖТ төлеушілер санатына ауыстырды. Тиісінше олар “Saqtandyry” базасында жеңілдетілген санаттардан “шығарылды”. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде төлемдерінде үзілістер болған жалдамалы қызметкерлер, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатындар МӘМС жүйесінен тыс қалды.
Осыған байланысты, Үкімет мынадай шараларды қолдады:
– жалдамалы қызметкерлер соңғы 3 айда кемінде 1 төлем болған кезде және егер төлемдер бойынша берешек жыл басынан бері 2 айдан аспаса, МӘМС жүйесінде қалпына келтіріледі;
– жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, сондай-ақ, соңғы 3 айда төлем болған жағдайда, жыл басынан бастап 2 айдан аспайтын берешегі барлар (Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми ақпаратына сәйкес олар қызметін тоқтатқан жағдайда) сақтандырылған адамдардың мәртебесін алады;
– төтенше жағдай кезеңінде жеңілдік санатымен БЖТ төлегендердің төлемі есепке алынбайды және сақтандыру мәртебесі автоматты түрде қайтарылады;
– “COVID-19”-ға қарсы күрес шеңберіндегі шектеу іс-шараларына байланысты қызметкерлердің мәжбүрлі демалыстарда күтімсіз болған кезеңдері берешек ретінде есепке алынбайды. Бұл ретте табысты жоғалтудың дәлелі табыстың жоғалуына байланысты біржолғы әлеуметтік төлем алу болып табылады (42500 теңге).
– Бұл шаралар медициналық сақтандыру жүйесіне 740 мыңға жуық адамды қайтарды. Осы санаттарды қосу жұмыстары әлі де жүргізілуде және Үкімет іс-шаралары арқылы сақтандырылғандар саны арта түседі. Осылайша, коронавирустық пандемияға байланысты табысынан айырылған немесе бенефициарлардың арасынан шыққан азаматтар медициналық сақтандыру жүйесіне қайтарылады және медициналық көмектің барлық көлемін ала алады, – деді қор басшысы Болат Төкежанов.
Мәртебені алу үшін азаматтарға қандайда бір жерге барудың қажеті жоқ. Барлық деректер ақпараттық жүйелерде автоматты түрде жаңартылады. Сондай-ақ, қор уәкілетті министрліктермен бірлесіп, 2020 жылдың 1 қазанына дейін МӘМС жарналары мен аударымдарынан босатылған ШОБ-тың сақтандырылған қызметкерлеріне мәртебе беру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл 800 мыңнан астам жұмыскерге әсер етеді.
Сақтандыру мәртебесі бойынша сұрақтар туындаған жағдайда “Qoldau 24/7” мобильді қосымшасы арқылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіну қажет.
Әсет ҚАНАФИН.